600-ден астам петропавлдық жауапқа тартылды

28 Шілде 2020, 21:29
1307
Бөлісу:
600-ден астам петропавлдық жауапқа тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан ортақ пайдаланатын жерді ластағаны үшін 600-ден астам петропавлдық жауапқа тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау – бұл көптеген саяжай қоғамдарында кездесетін проблема. Белгіленбеген орындарға қоқыс тастау туралы келіп түскен шағымдар бойынша учаскелік полиция инспекторлары Заречный кентінде орналасқан саяжай алабына барды. Рейд өткізілді. Тәртіп сақшылары саяжайшыларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы "Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау" бойынша жауапкершілікті түсіндірді. Оның санкциясы бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлды қарастырады.

Егер айыппұл жеті күн ішінде төленсе, айыппұл сомасы 50%-ға азаяды, жыл ішінде бұндай бұзушылықты қайта жасаған адам айыппұлды екі есе артық төлейді. Рейд барысында полицейлердің көзінше аялдама маңында қоқыс тастаған 1963 жылы туған саяжайшыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Полицейлер саяжайшылар арасында бірауыздылықтың жоғын атап кетті. Біреулері қоқыс салатын бактардың жоғын сылтау етуде, басқа біреулері жауапкершілікті көрші қоғамға жүктесе, үшіншісі бұл мәселені басқа біреудің шешуін күтуде.
Әр саяжай қоғамы кез келген коммуналдық кәсіпорынмен қоқыс шығаруға шарт жасап, қоқыс салатын бактарды орналастыру қажет. Бұл жазаға тартылу қаупінен құтылып, саяжай алаптарында тәртіпті сақтауға септігін тигізеді. Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері алдағы уақытта да саяжай қоғамдастықтары аумағында тәртіптің сақталуын қадағалайтын болады, – дейді Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ақмағамбетов.
 
Осыған ұқсас мәселелер Солнечный және Борки кенттерінде де байқалуда. Былайша айтқанда, көшелердегі тәртіпке саяжайшылармен қатар, басқалар да жауапкершілікпен қарамайды. ҚР ӘҚтК 434-2-бабы бойынша қоқыс салатын урналардың сыртына қоқыс және жөндеу жұмыстарынан кейін жиналмаған құрылыс қалдықтарын тастау айыппұл салуға алып келеді.

Барлығы жыл басынан Петропавл аумағында осы бап бойынша 641 бұзушылық тіркелді. Полицейлер осындай бұзушылықтарды анықтау және алдын алу бойынша жұмысты тұрақты жүргізеді. Оның мақсаты – қала тазалығын сақтау.


Өзгелердің жаңалығы