Бекшин 60-тан асқан адамдарға үйден шықпауға кеңес берді

18 Маусым 2020, 16:36
1279
Бөлісу:
Бекшин 60-тан асқан адамдарға үйден шықпауға кеңес берді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматының эпидемиялық жағдайы күрделеніп бара жатыр. Соңғы екі аптада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны екі есе өсті. 

Бұл туралы Алматы қаласы мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында айтты.

Ол Алматы қаласы тұрғындарының денсаулығын сақтау үшін және вирустың таралуына жол бермеу үшін 20-21 маусым күндері бірнеше нысанға шектеу қойылғанын мәлімдеді. 

Біріншіден, ірі сауда орындарының жұмысы тоқтатылады, олардың тізімі қосымша айтылатын болады. Сондай-ақ, тағам және өзге бұйымдарды сататын базарлар, ойын-сауық орталықтары және фитнес орталықтар да жұмысын тоқтатады, - деді ол. 

Сонымен қатар, қоғамдық тамақтану орындары да жұмысын тоқтатады. Алайда, далада, ашық алаңда орналасқан тамақтану нысандары жұмысын жалғастыра бермек. Олардың иесі әлеуметтік қашықтықты және басқа да санитарлық нормаларды ұстануы қажет. 

Одан бөлек, екінші деңгейлі банктер, қаржы орталықтары мен Халыққа қызмет көрсету орталықтары сенбі, жексенбі күндері жұмыс істемейді. Қоғамдық көліктер де жұмысын тоқтатады. Сондай-ақ, қаладағы саябақ, сквер, адамдар жаяу жүретін көшелер де жабылады. Жұмысы тоқтатылған осындай жерлерде эпидемияға қарсы дезинфекция жұмыстарын жүргізу керек, - деді Бекшин. 

Сөз арасында ол 60 жастан асқан адамдарға үйде отыруды ұсынды. 

Ауру өршіп бара жатыр, оны жұқтырмас үшін үйде отырғандарыңыз жөн, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы