Тұрғындардан тәркіленген 500 қару жоюға жіберілді

12 Наурыз 2019, 18:43
2691
Бөлісу:
Тұрғындардан тәркіленген 500 қару жоюға жіберілді

Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының тәртіп сақшылары қару-жарақ айналымынан тәркіленген 500 қаруды балқытуға жолдады. Бұл туралы облыстық полицияның баспасөз қызметі хабарлады.

Қару арсеналын, оның оқ-дәрілерін және жарылғыш заттарды жою қатал комиссияның бақылауымен жүзеге асырылады. Полицейлер алдымен оларды бөлшектейді, сосын арамен кеседі. Жиналған бөлшектер қаруланған күзет көмегімен балқытуға жіберіледі. Ал, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды жою осы мақсатта арнайы әзірленген орындарда іске асырылады.

«Жойылу алдында кез-келген қару алдымен барлық базаларда тексеріледі, оның тарихы айқындалады. Балқытуға жіберілмей тұрып, олар бөлшектеліп, бұдан кейін атуға жарамас үшін ұңғысы мен ұру тетігі мүлдем істен шығарылады. Биыл 500 астам қару жойылуға жіберілді. Енді олардан ел игілігі үшін пайдалы өнімдер құйылатын болады»,- деп атап өтті Алматы облысы ПД Тылмен қамтамасыз ету басқармасының бастығы Бақыт Алпысов.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, былтыр 3581 дана тәркіленген қару мен 6000-нан астам оқ-дәрі және 57 бірлік жарылғыш зат жойылған.

«Кейбір сирек кездесетін қару түрлері арнайы рұқсатқа сәйкес мұражайлардың экспонаты болуы мүмкін. Атап айтсақ, Департаменттің атыс қарулары мұражайына жетпіске жуық атыс қаруы мен суық қару түрлері экспонат ретінде қойылған»,- деп атап өтті полиция өкілдері.

Өзгелердің жаңалығы