«7-20-25» клиенттері ай сайын несиеге қанша төлейді?

12 Наурыз 2019, 18:27
2637
Бөлісу:
«7-20-25» клиенттері ай сайын несиеге қанша төлейді?

Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков «7-20-25» бағдарламасының клиенттері ай сайын несиеге қанша төлейтінін айтты.

«2018 жылғы 4 шілдеден бастап екінші деңгейдегі банктер халыққа «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық тұрғын үй қарыздарын бере бастады. 2019 жылғы 12 наурыздағы жағдай бойынша, 117,7 млрд теңге сомасына 10 321 өтінім қабылданды. Оның ішінде банктер 70 млрд теңге сомасына 5 983 өтінімді мақұлдады. Қазіргі уақытта Бағдарламаға елдің барлық өңірлерін қамтитын екінші деңгейдегі 8 ірі банк қатысады. Астана және Алматы қалаларында ең көп өтінімдер қабылданып-мақұлданды, сонымен бірге өңірлерде де өсудің оң серпіні байқалады. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысы қысқа мерзімде жаңа тұрғын үй бойынша ұсыныстарды көбейтті, соның арқасында облыста 2 млрд теңгеден асатын сомаға кредиттер мақұлданды», - деді Қайрат Алтынбеков.

«Баспана» ипотекалық ұйымының басшысы «7-20-25» бағдарламасы клиентінің бейнесін де сипаттап берді.

«Өтініш берушілердің табыстарына қойылатын талаптарды қатысушы банк өз бетінше белгілейді. «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарының талдамасына сәйкес, кредиттің орташа сомасы 11,7 млн теңгені құрайды. Орташа мерзімі – 19,9 жыл. Қарыз алушылардың жалпы санының 22 пайызын құрайтын ең ірі санаты ай сайын кредит бойынша 60-80 мың теңге төлейді. Қарыз алушылардың 21 пайызы 80-100 мың теңгеден төлейді. Осылайша, қарыз алушылардың 60 пайызы төлейтін ай сайынғы төлем 100 мың теңгеден аспайды», - деді Қайрат Алтынбеков Сенаттағы дөңгелек үстел барысында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Ұлттық банкі Қаржы нарығының әдіснамасы департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев еліміздің ипотекалық несие нарығы жайлы айтып берді. Оның сөзінше, ипотекалық тұрғын үй несиелер көлемі бір жылда 18%-ға артты. Сондай-ақ, «7-20-25» дамуының басты кедергісі аталды.

Қымбат Елтайқызы

Өзгелердің жаңалығы