Бес баланың өлімі: Қасымов өрттің неден шыққанын айтты

5 Ақпан 2019, 10:41
39351
Бөлісу:
Бес баланың өлімі: Қасымов өрттің неден шыққанын айтты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов 5 баланың өмірін жалмаған өрттің неден шыққанын мәлімдеді.


«Өрттен 11 айлық және 12  жасқа дейін 5 бала қаза тапты. Өрттің себебіне келер болсақ, пеш жаққанда қауіпсіздік ережесі сақталмаған. Салдарынан өрт шыққан. Содан кейін балалар түнгі уақытта қараусыз қалған.  Өрт сөндірушілер 7 минутта жеткен. Полиция мен жедел жәрдем де осы уақытта болған.  Өкінішке қарай жағдайдың алдын алуға мүмкіндік болмады», - деді министр.

Сонымен қатар ол елімізде мұндай жағдайлар аз емес екенін атап өтті. 

«Дегенмен, жылу беру маусымы өткен жылдың 15 қазанында басталғалы  бері өрт біршама азайды. Ең бастысы қаза тапқандардың саны азайды. Бірақ, уланудан қаза болғандар саны  12% артып отыр. Жыл сайын біздің өртке қарсы қызмет алдын алу шараларын жүргізеді.  Соңғы бірнеше айда 1 млн 700 мың жеке үйді аралады.  4 млн адаммен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осы жағдайға байланысты тағы жұмысты жандандырамыз», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Осыған дейін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев 5 бес баласынан айырылған отбасыға көңіл айтқанын, олардың ата-анасына Астана қаласы әкімдігі тарапынантиісті көмек көрсетілетінін жазғанбыз. Сонымен қатар, өрттің неден шыққанын бұған дейін де хабарлаған болатынбыз.

Айта кетейік, 4 ақпан күні түнде «Сарыарқа» ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй жанып кеткен. Салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылы туған бес бала көз жұмды.
Дәурен ЕРБОЛАТҰЛЫ
Өзгелердің жаңалығы