4700-ден астам студент кәсіптік-техникалық бағытта тегін оқытылады

15 Маусым 2021, 22:31
1797
Бөлісу:
4700-ден астам студент кәсіптік-техникалық бағытта тегін оқытылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім беру» жобасы аясында 2021-2022 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы 15 бағыт бойынша және 4752 орынға 49 ең қажетті мамандық бойынша қалыптастырылды. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша – 1050 орын. 

Бұл туралы «Техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) колледждеріне түсу туралы» брифингте мәлім болды деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың Білім басқармасы өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыс 100 орынға ұлғайғанын жеткізді. Сонымен қатар қазіргі уақытта 2025 жылға дейін жастарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін ТжКБ-мен 100% қамтуға кезең-кезеңмен көшу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің білім беру қызметтері 34 колледжде ұсынылады. Оның ішінде 9-ы – мемлекеттік, 25-і – жекеменшік. 26 492 студент қамтылған, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша – 14 085 адам.

Дайындық 77 мамандық және 122 біліктілік бойынша мынадай бағытта жүргізіледі: сервис және қызмет көрсету – 20,4%, білім беру – 11,5%, медицина – 14,5%, құрылыс, коммуналдық шаруашылық, техника – 9,3%, энергетика және көлік – 9,1%, өндіріс, монтаждау, пайдалану және жөндеу (салалар бойынша) – 12,6%, байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар – 13,8%, - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова.

Оның айтуынша, елордада білім беру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері мен қызмет көрсету, құрылыс, коммуналдық-шаруашылық қызметтері саласындағы жұмысшы кадрларға деген сұраныс артып келеді. Осыған сәйкес, биыл осы сұранысқа ие қызмет салаларына кадрлар даярлауға арналған орындар саны артты.

 


Өзгелердің жаңалығы