20 мамыр. Сайлау барысы

20 Мамыр 2019, 17:40
2677
Бөлісу:
20 мамыр. Сайлау барысы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенттігіне үміткерлердің сайлауалды штабтары жүргізген жұмыстарды назарларыңызға ұсынамыз. 

ҚКХП атынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтың сайлауалды штабының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтанда үгіт-насихат автошеруі өтті. Кандидаттың қатысуымен  штаб белсенділері Нұр-Сұлтан қаласында «Көктем-2019» футбол әуесқойлары қазақстандық лигасының» турнирін өткізді. 

Сайлауалды штаб өкілдері Қызылорда қалалық автобус паркінің еңбек ұжымымен кездесті. 

«Ақ жол» партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаеваның республикалық штабы Маңғыстау облысына келді. Кандидаттың республикалық және аймақтық штабтарының жетекшілері Азат Перуашев пен Жамбырбай Матаев Ақтауда ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның ұзақ мерзімді бақылаушыларымен кездесті. 

«Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан президенттікке кандидат Әміржан Қосанов Алматы қаласы тұрғындары мен қалалық штаб белсенділерімен кездесті. Кандидаттың Жамбыл облыстық штабының үгіт-насихат тобы Тараздағы Тұңғыш Президент саябағында студенттердің қатысуымен флешмоб өткізді. Маңғыстау облысында Қосановты қолдауға арналған дөңгелек үстел өтті. 

«Ауыл» партиясынан кандидат Төлеутай Рахымбековтің штабы бірнеше қалада «Өз талыңды отырғыз» атты акция өткізді. «ТМД Парламентаралық Ассамблеясы» Халықаралық ұйымының бір топ байқаушылары Төлеутай Рақымбековтың республикалық қоғамдық штабында болды. Кандидаттың штабы бір аптаның ішінде республикада 20-дан аса шара өткізді. Сондай-ақ, олар Шымкент тұрғындарына мерекелік концерт ұйымдастырды. 

Қазақстан кәсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат Амангелді Таспиховтың сенімді өкілдері Жамбыл облысы Қордай ауданындағы орталық музей ұжымымен және Цемент зауыты елді мекеніндегі ауыл тұрғындарымен, Түркістан облысы Сайрам ауданындағы сайлаушылармен, Шымкенттегі «Индустриалды техникалық колледждің» мәжіліс залында білім саласының қызметкерлерімен, Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық шипажайындағы демалушылармен кездесті. Таспиховтың БҚО өңірлік штабының белсенділері Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында сайлауалды үгіт-насихат материалдарын үлестірді.

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері медицина қызметкерлерімен кездесті. Келесі аптаның бес күнінде штаб мүшелері Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында болды. Штаб мүшелері Ақтөбе облысына келіп, Ақтөбе рельс-арқалық зауытында сайлаушылармен кездесу өткізді. Кандидаттың сенімді өкілдері «Қазхром» трансұлттық компаниясы АҚ жұмысшыларымен кездесті. 

Республикалық қоғамдық штаб ұйымдастырған #Birge акциясына 200 мыңнан астам қазақстандық өз ұсыныстары мен өтініш-тілектерін қалдырды. «Тенгри» қонақ үйінде республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктер Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап, жиын өткізді. 

«Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігінен ұсынылған президенттікке кандидат Сәдібек Түгел елордадағы халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына байланысты, астананың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан дарынды журналистерді еске алу кешін өткізді. 

Өзгелердің жаңалығы