Алматы облысында экомарафон өтеді

20 Мамыр 2019, 17:29
2559
Бөлісу:
Алматы облысында экомарафон өтеді

Алматы, BAQ.KZ. Марафон «Алтын емел» ұлттық саябағындағы «Айқай құм» табиғат ескертішінен басталып, Шарын шатқалына дейін жалғасады. Жалпы ұзындығы – 250 шақырым. Бұл туралы шараны ұйымдастырушылар Алматыда өткен баспасөз мәслихаты кезінде айтты. 

Экомарафон 22 мамыр Халықаралық биологиялық саналуандылық күніне орай ұйымдастырылып отыр. 21-22 мамыр күндері өтетін бірегей марафонды Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті "Marat#ON" жүгіру клубының және Snow Leopard Foundation халықаралық қорының қатысуымен ұйымдастырып отыр.

Экомарафон мақсаты – биологиялық саналуандылықты, бірегей табиғат ескерткіштерін, сексеуіл мен тораңғыны, ілбісті сақтау мәселелеріне жұртшылықтың назарын аударту, салауатты өмір салтын насихаттау және ұқыпты экологиялық туризмді дамыту. 

Марафонда 20 адам, соның ішінде марафон мен оның ұйымдастырушыларының философиясына қосылатын "Marat#ON" клубының мүшелері жүгіреді. 

«Бұл - біздің серіктестерімізбен бірлесе отырып ұйымдастырып отырған екінші ультрамарафонымыз. Осы іс-шара арқылы біз бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтауға қоғам назарын аудартқымыз келеді. БҰҰ мәліметтері бойынша жыл сайын бүкіл әлем бойынша 100-ден бастап 1000-ға дейін жануарлар жер бетінен жоғалады. Қазақстанда сайғақ, ілбіс, қарақұйрық сынды тағы да басқа көптеген жануарларға жоғалып кету қаупі төніп тұр», - дейді БҰҰ Даму бағдарламасының биологиялық саналуандылықты сақтау жобалары жөніндегі сарапшысы Ақмарал Ағажаева.

Экомарафон ұйымдастырушылары Қазақсандағы биологиялық саналуандылық пен экожүйені сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, экожүйені бұзу орны толмас салдарға әкелетіндігіне назар аудартты. 
Экомарафонның басты міндеттерінің бірі – ілбістің жоғалып бара жатқандығына жұртшылық назарын аударту. Ілбіс Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл тізіміне және Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжіксан, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан, Непал, Бутан, Қытай, Моңғолия және Ресей сынды елдердің ұлттық Қызыл кітабына енгізілген. 

2018 жылы Қазақстандағы ілбіс тұқымын сақтау және қайта жерсіндіруге мақсатталған Snow Leopard Foundation халықаралық жекеменшік қоры құрылған. 

«Snow Leopard Foundation халықаралық қоры бұл бастаманы қуана-қуана қолдады. Ілбіс тәуелсіз Қазақстанның нышаны болып табылады, алайда біздің елдегі оның популяциясы зор қарқынмен азайып келеді. Соңғы 16 жыл ішінде ілбістердің саны 20%-ға азайды. Оның әлемдік популяциясының 3%-ы Қазақстан үлесіне тиесілі, бұл шамамен 110-130 ілбісті құрайды. Халықаралық биологиялық саналуандылық күніне орай ұйымдастырылып отырған экомарафон Қазақстанның бірегей табиғаты мен сұлу жануарларын келешек ұрпаққа сақтаумен байланысты жаһандық міндетті жұртшылық есіне салмақ», - дейді Snow Leopard Foundation халықаралық қорының директоры Ержан Еркінбаев.

Сондай-ақ, экомарафон ұйымдастырушылары сексеуілдің заңсыз жаппай ауқымда кесілуіне алаңдаушылық білдіруде. 

«Қазақстанда сексеуілді кесуге байланысты мораторий жарияланған. Сексеуіл - өзі өсетін аумақта бірегей экожүйенің пайда болуына және оның сақталуына жағдай жасап, жабайы жануарлар әлеміне тікелей әсер ететін ағаш. Сондай-ақ, ол топырақ пен құмды ұстап тұрады, алайда оны заңсыз жаппай ауқымда кесіп тастау құмның жылжуына әкеліп, бұл кейін ауылдық елдімекендерге жайылуы мүмкін», - деді "Marat#ON" жүгіру клубының негізін салушы, халықаралық санаттағы спорт шебері, Гиннес рекордтар кітабының жеті дүркін рекордшысы Марат Жыланбаев.

Өзгелердің жаңалығы