2 сәуірден бастап Қарағандыға кіріп-шығу шектеледі

31 Наурыз 2020, 09:09
1858
Бөлісу:
2 сәуірден бастап Қарағандыға кіріп-шығу шектеледі

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 13 адамға жетуіне байланысты Қарағандымен қосқанда Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск қалалары біріктіріліп, ортақ карантин аумағы құрылады. 2 сәуір 00.00-ден бастап бұл карантин аумағына кіріп-шығуға шектеу қойылады.

Облыстың бас санитарының қаулысымен 30 наурыздан бастап Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск қалаларында карантин режимі жарияланды.  Дегенменде, аймақ толық жабылмаған еді. Облыс әкімдігі карантин аймағындағы көлік, пойыз, ұшақ қозғалысы шектеліп, тұрғындардың кіріп-шығуына тыйым салынатын болса халықты алдын-ала хабардар ететіндігін айтқан болатын. Аймақ басшысы осы уәдесінде тұрып, екі күннен кейін Қарағандымен қосқанда бес қаланы қамтитын карантин аумағынан шығу және кіру шектелетіндігін хабарлады.

2 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап адамдардың Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск қалаларының карантиндік аймағынан кіріп-шығуына тыйым салынады. Сондай-ақ, арнайы рейстерді, жүк, пошта тасымалдарын қоспағанда теміржол және автовокзалдардың, әуежайдың қызметі уақытша тоқтатылады, қоғамдық көліктердің қозғалысы шектетіледі, - дейді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды халқының тыныс-тіршілігі қаладан ондаған шақырым қашықтықта орналасқан бірнеше серіктес қаламен тығыз байланысты. Аталған қалалар тұрғындарының 25 пайызы облыс орталығына немесе серіктес қалаларға күнделікті қатынап жұмыс істейді. Осыған байланысты бес қаланы қамтитын карантин аумағы құрылып, ондағы халықтың осы аумақтан кіріп-шығуына тыйым салынатын болады.

Бес қала - Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай шаһарлары кіру және шығу периметрі бойынша жабылады. Осы қалалардың арасында еңбек миграциясының ауқымды екендігін ескеріліп, қозғалысқа рұқсат етіледі. Карантин аумағында коменданттық сағат енгізу мәселесі қарастырылмаған, - деді әкім.

Облыс әкімдігі сайтының 31 наурыздағы мәліметінше, Қарағанды облысында 592 адам тәулік бойы карантинде болса, тағы 514 адам үй жағдайындағы оқшаулауда. 14 күндік карантинге жабылған кіреберістің тұрғындарына қажеттіліктеріне байланысты күніне екі рет азық-түлік жеткізілуде

Еске салайық, Қарағанды облысында коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 30 наурызда 13-ке жетті. Оның 10-ы 18 наурыз күні Қарағандыға қонған Минск-Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақта болған жолаушылар. Қалған үшеуі Қарағанды қаласының тұрғындары. Алайда, облыс әкімдігі де, денсаулық сақтау басқармасы да аталған 3 науқастың вирусты қашан, қалай жұқтырғандығы жайлы ақпаратты жарияламай отыр.

Өзгелердің жаңалығы