17 мамыр – Дүниежүзілік артериялық гипертониямен күрес күні

17 Мамыр 2021, 15:45
1845
Бөлісу:
17 мамыр – Дүниежүзілік артериялық гипертониямен күрес күні

Алматы, BAQ.KZ. 2005 жылдан бастап 17 мамыр күні Дүниежүзілік артериялық гипертониямен күрес күні аталып өтіледі. 2021 жылы ол «Өзіңіздің артериялық қан қысымыңызды өлшеңіз, бақылаңыз, ұзақ өмір сүріңіз» ұранымен өтіп отыр. Негізгі идеясы – әр адам үнемі өзінің артериялық қан қысымын өлшеп отыруы тиіс.

Дүниежүзілік артериялық гипертониямен күрес күні шеңберінде Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ және С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ бастамасы бойынша, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығымен бірлесіп 2021 жылғы 17 мамырда жас дәрігерлер, мейіргерлер мен артериялық гипертонияға шалдыққан пациенттерге арналып институттың денсаулық сақтау мектептерінде offline режимінде және өңірлердің медициналық ұйымдарында оnline режимінде «Артериялық қан қысымы бар пациенттерді анықтау және емдеп қараудағы мейіргердің рөлі», «Артериялық қан қысымын мониторингілеу мен емдеудің тиімділік индикаторларына қол жеткізу» білім беру бағдарламалары ұйымдастырылды.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы, профессор, м.ғ.д., жоғары санатты дәрігер Роза Куанышбекованың айтуынша, артериялық қан қысымының жоғары болуы өлім мен мүгедектілікке алып келетін инфаркт пен инсульттің даму қаупінің жетекші факторы.

Гипертония – жүрек-қантамыр ауруларының ең кең тараған ауруы. Жүрек-қантамыр аурулары жылына болатын шамамен 17 млн өлім жағдайына себеп болады, бұл өлімнің жалпы санының үштен бір бөлігіне жуық. Олардың ішінде гипертонияның асқынуы жыл сайын әлемде болатын 9,4 млн өлім жағдайын тудырады. Гипертонияның үлесіне жүрек ауруларынан болатын өлімнің 45%-ы және инсульттен болатын өлімнің 51%-ы келеді - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, әр адам қауіптің аса елеулі факторлары туралы хабардар болуы тиіс. Өйткені олардың кейбіріне ол өз бетінше немесе дәрігердің көмегімен әсер ете алады, осылайша артериялық гипертония және оның асқынуларының пайда болу қаупін азайтуға ықпал етуі мүмкін.

Артериялық гипертонияның басқарылатын қауіп факторлары бар. Бұл адамның психоэмоциялық жүктемеге, стреске реакциясы, артық салмақ, дене қимылының аз болуы, үнемі отырып жұмыс жасау; темекі шегу, алкогольді шамадан тыс қолдану, тұз, майлар мен қантты артық қолдануы. Осындай факторлармен күреспейінше, артериялық гипертонияның алдын алу және емдеуде табысқа қол жеткізу қиын.

Сондықтан осы шараларды өткізудегі мақсат - адамдардың назарын артериялық гипертонияны дер кезінде анықтауға аудару және өмірге қауіпті болатын күйлердің алдын алу, - дейді Роза Куанышбекова.
Сонымен қатар 22 мамырда институттың оқытушы-профессорлар құрамы мен медицина қзметкерлерінің қатысуымен «Күніне 30 минут жаяу жүріңіз» денсаулық марафоны өтеді. Марафон бағдарламасында: жүрек және тамырлардың саулығын қолдауға арналған жаттығулар, артериялық қан қысымын өлшеу, дене шынықтыру, тыныс алу гимнастикасы және жаяу жүру. Қатысушылар саны шектелген (25 адам). Осы уақытта барлық тілек білдіруші өздерінің ауласында белгілі бір бағытта 30 минут аралығында жаяу жүре алады.

КВИ жұқтыру қаупін болдырмас үшін COVID-19 пандемиясы жағдайында қауіпсіздік талаптары ескерілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы