Елордадағы сот: Сириядан келген 14 қазақстандық туралы не білеміз

22 Қазан 2019, 17:45
8173
Бөлісу:
Елордадағы сот: Сириядан келген 14 қазақстандық туралы не білеміз
PHOTO

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін 22 қазанда Нұр-Сұлтан қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі арнайы мамандандырылған ауданаралық соты "Жусан" арнайы операциясы аясында елге оралған ДАИШ халықаралық террористік ұйымының бұрынғы 14 жауынгеріне қатысты істі қарауды бастады.

Ашық сот тыңдауы Ішкі істер министрлігінің ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінде судья Әділхан Шайхисламовтың төрағалығымен қазақ тілінде өтіп жатыр. Тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген. Сот залына 13 айыпталушы келді. Бір айыпталушы денсаулық жағдайына байланысты ауруханада болуы себептен видеоконференция арқылы байланысқа шықты.  
 

Ең алдымен айыпталушылар отбасылық жағдайлары мен айыптау актілерін алғанын айтты. Содан кейін судья оларға құқықтары мен міндеттерін түсіндірді.
 

Сотталушы Ибраев 1984 жылы туған. Лақап аты "Абу Али". 2009 жылы ауған-пәкістан аумағына барған. 2013 жылы Сирияға өтіп, ДАИШ құрамына қосылған. Ұрыс алаңында әскери тактика және снайпер ісі бойынша инструктор болған. Оның анасы ұлының қоғамдық қорғаушысы ретінде сөз сөйледі.  

WhatsApp Image 2019-10-22 at 17.50.04.jpeg


 

"Іспен толық танысып отырмын. Сізден осы өтініш арқылы сотталушы Ибраевтың отбасы жағдайын толық анықтайтын құжаттарды қазіргі уақытта тіркелмеуі себепті қосымша тіркеуіңізді сұраймын", - деді сотталушының анасы.
 

Оның қолында келіні Байтасованың Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 ауруханасында денсаулығы жайлы есепте тұрғанын анықтайтын құжат, Ибраевтың алты айлығында елден кеткен 12 жастағы жасөспірім баласының туу туралы куәлігінің көшірмесі,  Байтасова мен баласының некеге тұрғанын растайтын неке туралы куәлігінің көшірмесі, Ибраевтың асырауында бес жасөспірім баласы бары жайлы және оның әкелігін анықтайтын генетикалық сараптама нәтижесін анықтайтын құжат, Байтасованың аналығын таныту үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы сот сараптамалар институтында өткізілген молекуларлы генетикалық тексеріс қорытындыларының көшірмесі,  Байтасованың денсаулығына және жасөспірім баласына қарауына байланысты табыс қоры жоқтығы жайлы анықтама құжат, Ибраевтың анасының зейнеткерлігін дәлелдейтін құжат көшірмесі және зейнетақысы жайлы анықтама құжат, Байтасованың жеке куәлігінің көшірмесі, жасөспірім балаларының фотосуреттері, балаларының құжаттарын рәсімдеудің сәттерін дәлелдейтін жұбайы Байтасованың өтінішінің көшірмесі және салық төлемінің түбіртегі, Ибраевтың аяғына операция жасалғаны және бүгінде ем-шара алып жатқаны жөніндегі құжаттардың көшірмелері бар. 
 

 

"Балам наурыздың екісі күні елге шығар алдында осы жарақатты алды. Бірақ тергеу жұмысы барысында жарақатты қақтығыстар кезінде үнемі алып отырған деген сияқты әңгімелер болады. Сондықтан да құрметті сот, осы мән-жайды еске ала кетіңіз", - деді Ибраевтың қоғамдық қорғаушысы. 
 

Бұл құжаттар Есіл ауданының сотында қаралып жатыр. Сотталушының анасы бұл құжаттардың қылмыстық іс бойынша Ибраевтың іс-әрекетін сотпен саралау барысында жазасын жеңілдетуге көмегі тиеді деп үміттенеді. 
 

 

"Бұл құжаттарды жинаудың мәні – балалардың құжаттарының жоқтығы. Олар үйде туған, дәргердің ешқандай анықтамасы жоқ болғандықтан өз елімізде құжаттарды жинауға көп уақыт кетіріп жатырмыз. Сол себепті осындай дәлелдемелер ұсынып отырмыз. (...) Бұл адамдар өз жазаларын мойындап отыр деп ойлаймын. Менің балам мойындап отыр", - деді ол.
 

Сотталушының анасы өзінің және баласының интервьюлері мен суреттерін рұқсатсыз еш жерде көрсетпеуді сұрады. Алайда судья ашық сот отырысы екенін айтты. 
 

 

"Олардың кінәсі бар ма, жоқ па оны жазудың қажеті жоқ. Оны сот шешеді. Ашық сот болған соң ресми БАҚ қатыса береді", - деді судья. 
 

Прокурор Еділ Мұрат айыпталу актісін баяндады. 

"2002 жылы Ибраев бес уақыт намаз оқуды үйреніп, дін жолына бет бұрған. Ибраев қарулы қақтығысқа қатысу үшін Ауғанстан, әрі қарай Талибан қозғалысы террористік ұйымымен бақыланатын өзін-өзі "Вазиристан ислам эмираты" деп жариялаған жерге отбасын алып, қоныс аудару шешімін қабылдаған. Нәтижесінде 2007 жылдың 20 қыркүйегінде Ибраев отбасымен Қазақстанды тастап Ауғанстан аумағында қарулы жиһадқа қатысу мақсатында Астана-Шарджа бағытындағы әуе рейсімен БАӘ-ге шығып, әрі қарай Мысыр, Түркия, Иран, Пәкістан мемлекеттері аумағы арқылы жол жүріп, 2008 жылы мамырында Ауғанстанға қоныстанған. Ол жерде Ибраев террористік топ құрамына еніп, арнайы дайындықтан өткен. Машықтанып игерген арнайы дайындықты іс жүзінде қолдана отырып, 2009-2012 жылдар аралығында Сирия аумағына аттанған уақытына дейін Ауғанстан әскери күштеріне қарсы ұйымдастырылған террористік әрекетіне белсенді түрде қатысып, терроризмді насихаттауға бағытталған іс-әрекеттер жасаған. 2011 жылы 16 желтоқсанда YouTube желісінде "Қазақстан муждахиттерінің үндеуі – жиһадқа шақыру" атымен бейнеролик жарияланған. Бұл бейнероликке діни лақап аты "Абу Али" деген ер адам Ауғанстандағы қақтығыстарға қатысып жүргенін айтып, қарулы жиһад жасауға шақырған. Осылайша Ибраев БАҚ-ты пайдаланып терроризмді насихаттаған. 2012 жылдың басында өз күшімен Сирия аумағына жетіп, Ракка қаласында "біріккен қазақ жамағаты" террористік тобына кірген", - деді прокурор.
 

Ал 1987 жылы туған Төреханов 2006 жылы дін жолына бет бұрған. 2011 жылы отбасын алып Қазақстаннан Ауғанстан аумағына қарулы жиһадқа қатысуды көздеп, Алматы-Стамбул әуе бағытымен Түркия мемлекетіне шығып кеткен. Әрі қарай Иран, Пәкістан елдерінің аумағы арқылы жол жүріп 2012 жылдың сәуірінде өз күшімен Вазиристанға жетіп, отбасымен Алеппа қаласындағы үйлердің біріне қоныстанған.  Ол террористік топ құрамына еніп, арнайы дайындықтан өткен. Террористік қызметке қатысып жүргенде өзі ашқан электронды почта арқылы туысы және таныстарымен  хат алмасып, оларды террористік іс-әрекет жасауға шақырған. 2014 жылы ауған-пәкістан зонасынан Сирия аумағына бағыт алған. 
 

WhatsApp Image 2019-10-22 at 17.50.49.jpeg


 

 

1986 жылы туған Жансеңгіров, лақап аты "Абулхафиз". 2009 жылдың аяғында бес уақыт намазды үйреніп, дін жолына бет бұрған. 2011 жылдың 12 қарашасында өз отбасын алып Қазақстаннан Ауғанстан аумағына қоныс аудару мақсатында Алматы-Стамбул рейсімен Түркияға кеткен. Әрі қарай Иран, Пәкістан аумағы арқылы 10 айдай жол жүріп, 2012 жылдың жазында өз күшімен Вазаристанға жетіп, қоныс аударған. Ол жерде террористік топтар құрамына кіріп, арнайы дайындықтан өткен. 2013 жылы Сирия аумағына өз күшімен барып, "қазақ жамағатына" қосылған. "Шамдағы Қазақстаннан келген муждахидтер" бейнеролигіне қатысқан. 
 

1969 жылы туған Бақытжановтың лақап аты – "Абу Сулейман", "Бабай". Ол 2013 жылы Бішкек арқылы, әрі қарай Стамбул-Сирия бағытында ұшқан. ДАИШ жауынгерлері болған қашқын қазақстандықтарды ұстауға көмектескен.  
 

Прокурордың сөзінше, айыпталушылардың көбі "Біріккен қазақ жамағаты" террористік тобының басшысы Бекмырзаевтың ықпалына түскен. Айыпталушы Камалов Сирия аумағындағы Алеппо елдімекеніне барып, террористік топ құрамына кірген ИГИЛ содырларының қатарында дайындықтан өткен. Бекмырзаев келген қазақстандықтарды елдімекенге орналастырып, оларды оқ-дәрі, қару-жарақ, киім-кешек, тұрғын үй жайларымен қамтамасыз етіп, қарулы жиһадқа қатысуға барынша дайындаған. Бекмырзаевтың уағыз-насихатына сенген Жансенгиров та содыр ретінде қатысамын деп шешіп, Шейх-Сулейман елдімекеніне жеткен. Газинур Бактижанов 2013 жылы қыркүйекте Қазақстанды біржола тастап Қырғызстан аумағынан өтіп, Бішкек-Стамбул әуе рейсімен Түркияға жеткен. Әрі қарай Түркия-Сирия шекарасынан өтіп "Біріккен қазақ жамағаты" террористік тобының құрамына кірген. 
 

Ажмамбетов, лақап аты "Хасан" 2013 жылы достарының радикалды діни ықпалына түсіп, Қырғызстан арқылы Бішкек-Стамбул рейсімен Түркияға жетіп, Сирия шекарасына заңсыз өтіп, осы террористік топ құрамына кірген.  
 

Алтаев, лақап аты "Абу Юсуф". 2013 жылы Сирия аумағына қарулы жиһадқа қатысу үшін Алматы-Стамбул әуе рейсімен Стамбул қаласына жеткен. 
 

Садуақасов 2016 жылы отбасымен бірге "Астана-Киев-Стамбул" әуе рейсі арқылы Түркияға жеткен. 2016 жылы қазанда түрік-сирия шекарасын кесіп өтіп, террористік топ құрамына кірген. 
 

Нарбутин, лақап аты "Солих медик". 2013 жылы 24 наурызда Түркияға барып, әрі қарай жол көрсетушілердің көмегімен "ДАИШ" террористік қызметіне қатысу мақсатында Сирия аумағына өткен. 
 

Айыпқалиев, лақап аты "Исмайл". 2014 жылы Ақтаудан Стамбулға ұшқан. 2014 жылы қарашада Түркия аумағы арқылы Сирияға өткен. 
 

Әбілхайыров, лақап аты "Абу Сейфуллах". 2014 жылы 5 қарашада 1996 жылғы әйелімен және 2014 жылғы кәмелетке толмаған баласымен бірге Ресей және Түркия аумағы арқылы Сирияға өткен. 
 

Қуанов, діни аты "Аббас". 2012 жылы 7 шілдеде "Алматы-Мәскеу" халықаралық пойызы арқылы Мәскеуге, одан кейін Египетке діни білім алуға ұшқан. 2014 жылы тамызда ДАИШ ықпалына түсіп, террористік ұйым құрамына қосылу үшін Сирияға жеткен. 
 

Сәбитұлы Дамаск қаласында теологиялық білім алу үшін жолға шығып, 2009 жылы Алматы-Стамбул әуе рейсімен Түркияға жеткен. Дамаскта діни білім алып, араб тілін меңгерген. 2014 жылы Сирия аумағында оқып жүргенде радикалды тұлғалардың ықпалына түсіп, қаруланған жиһад идеясын қолдаған. 
 

Амангелді, лақап аты "Абу Умар". 1997 жылы туған. Әкесінің діни радикалды ықпалына түсіп, 2015 жылы отбасы мүшелерімен бірге Антальяға ұшқан. Әрі қарай Сирияға заңсыз өтіп, Ракка қаласында ДАИШ-тың "қазақ жамағатына" қосылған.
 

Прокурордың сөзінше, айыпталушылар Сирия аумағына барып террористік топқа мүшелікке қабылданған сәттен бастап 2019 жылдың наурыз айына дейін Сирия аумағында қарулы қақтығыстарға қатысып келген. Жансенгиров, Алтай, Ажманбетов, Төреханов, Қуандықов, Сәбитұлы қарулы оқтар мен жарылғыш заттар әсерінен түрлі дене жарақаттарын алған.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы