Бас жаңалықтар
Маңғыстау облысында 127 келі бекіре балығын сақтаған адам ұсталды
14 Мамыр 2019, 17:49 405

Маңғыстау облысында 127 келі бекіре балығын сақтаған адам ұсталды

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мұнайлы ауданына қарайтын елді мекен тұрғыны өз үйінде 48 дана аулауға және заңмен тыйым салынған балықты сақтағаны үшін жазаланатын болды. 

13 мамыр күні жергілікті уақытпен сағат бес шамасында өңірлік полиция департаментінің табиғат қорғау басқармасы мамандары Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы жер үйлердің бірінен жалпы салмағы 127 келі құрайтын бекіре тұқымдас балықты анықтап, тәркілеп алды. 

«Осы аталған дерек Мұнайлы ауданының полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеуінің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша тіркелді. Тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр», - деді полицейлер. 

Айта кетелік, осыдан бірнеше күн бұрын салмағы 12 келі болатын бекірені дүкенде сақтаған тағы бір тұрғын ұсталып, заң алдында жауапқа тартылған болатын. Тергеу амалдары барысында оның балықты заңсыз жолмен сатып алғаны анықталды. Осы әрекеті үшін қылмыстық іс қозғалып, бір жылға бас бостандығы шектелді. Сондай-ақ, Ақтау қалалық соты Иран Ислам Республикасының азаматын 505 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеді. Ол жол сөмкесіне балық жасырып, Ақтау теңіз портынан жүретін кемеге мінбек болған. 

«Ақтау қалалық соты үкімімен ирандық азамат қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 505 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енді», - деп хабарлады Маңғыстау облыстық сотының хатшысы Гауһар Нұрқан.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық