Әйеліне 12 көлік әперген МСҚ басшысына қатысты дау өршіп тұр

9 Шілде 2020, 14:13
5868
Бөлісу:
Әйеліне 12 көлік әперген МСҚ басшысына қатысты дау өршіп тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік желілерде медициналық сақтандыру қоры басшысы Айбатыр Жұмағұловқа қатысты дау өршіп тұр.

Бұған дейін де талай рет сынға ілінген басшыға қатысты жаңа дау оның әйелінің инстаграмдағы жазбасынан кейін қайта жанданған.

Қор басшысының жары, белгілі тележүргізуші Гүлбаршын Зайырова күйеуі сыйлаған жаңа он екінші автокөлігімен мақтанып, пост қалдырғаны бар.

Алғаш болып Зайырованың жазбасын журналист Гүлбану Әбенова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті. 

Дәл осындай уақытта Медициналық сақтандыру қоры басшысының байбішесі өзінің жазылушыларының алдында күйеуінің уәде берген 10 көлік емес, 12 көлік сыйлағанын айтып мақтанып жатыр, - деп жазды Гүлбану Әбенова.

Оның айтуынша, бұл ӘМСҚ басшысы жұбайының көпшіліктің назарына іліккен бірінші жазбасы емес екен. Ол 2 айдан бері қордың жұмысын қадағалап келе жатқанын айтты.

Әлеуметтік желіде қызу талқыланып кеткен соң, Айбатыр Жұмағұлов блогерлермен онлайн конференция өткізіп, бұл жазба 4 жыл бұрын жарияланғанын айтқан. Сонымен қатар, 12 емес, бір ғана көлігіміз бар депті. 

Жақында "Атамекен" бизнес арнасының тілшілері қор ақпараттық түсіндіру жұмыстарына 233 миллион теңге жұмсағанын жазды. 

Айтпақшы, Гүлбану Әбенова жазғандай, ӘМСҚ қорынан тапсырыс алғандар арасында "Егемен Қазақстан", "Қазправда", "Время", "Литер", "Айқын" секілді газеттер, "Zakon.kz”, “Kursiv”, “Baribar”, “Nur.kz сияқты ақпараттық порталдар бар екен. 

Бұған наразылық білдіріп жатқардар бар. Мысалы, Сәуле Омарова есімді әлеуметтік желі қолданушысы былай деп жазған:

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры соңғы екі жылда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына 233 млн теңге жұмсапты. Қош дейік. Бірақ қорға ақша аударғанымызбен, сол ақшаға ол қор қандай қызметтерді тегін ұйымдастыратынын мен өзім әлі күнге ұқпаймын. Және мен жалғыз емеспін. Бір білетініңіз бар ма? Мысалы, сіз эндокринолог маманға қаралдыңыз. Сонда міндетті түрде қалқанша безінің гормондарына анализге жібереді. Ол қызмет бұрыннан ақылы. Қазір де өз қалтаңыздан төлейсіз. Сонда не өзгерді? Емханада УЗИ тегін жасата аласыз. Кезекке тіркеліп, уақыты келгенде түсесіз. Егер шұғыл жасату қажет болса, онда басқа жолын іздейсіз. Бұрыннан солай. Мұндай мысал көп, - дейді Сәуле Омарова.

Ол емханадағы дәрігерлер барған науқасқа неге түсіндірмейтініне таңданысын жасырмайды.

Осы сараптаманы қордың есебінен тегін тапсыра алатынын неге айтпайды? Міне, осы қор жұмысының көрсеткіші болар еді. Damumed қосымшасына қор тарапынан төленетін қызметтердің тізімін жазып қойсын. Оған қосымша ақша жұмсап не керек?!Не үшін жарна аударатынымызды, сол үшін қандай қызмет көрсетілетінін білуіміз керек. Бұл - біздің заңды талабымыз! - дейді Facebook қолданушысы.

ӘМСҚ ресми сайтында қордың жалпы табысы желтоқсан айының соңында 5 949 713 000 теңгені құрағаны жазылған. Ал жалпы және әкімшілік шығыстар 4 423 367 000 теңге болып отыр (кірістің үштен екі бөлігі қордың өзін ұстауға кетеді), оның ішінде 3,047,663,000 теңге тек қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге жұмсалады екен.

Ал журналист Жалғас Зейнолла тағы бір мәселенің шет жағасын көтерді.

ӘМСҚ мемлекеттік сатып алумен дивандар, креслолар мен компьютерлерге тапсырыс берген осы жуырда. Тендер құны да сұмдық. Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланды. Бірақ жиһаз, компьютерлердің ескірген түгі жоқ, қайта жаңартатындай. Ал Айбатыр Жұмағұловтан сұраса, бұл маған қарсы тапсырыс, бұл шабуыл деп шыға келеді, - дейді "Атамекен" бизнес арнасының тілшісі Жалғас Зейнолла посттардың бірінің астына жазған пікірінде.

Қазіргі кезде Гүбаршын Зайырова парақшасын өшіріп тастаған.

Ал бүгін журналист Гүлбану Әбенова өзінің үстінен ӘМСҚ қызметкерлері сотқа шағым түсіргенін хабарлады. Ол бұл соттан қорықпайтынын, дәлелдері жеткілікті екенін және білікті қорғаушысы бар екенін де айтты.

Өзгелердің жаңалығы