10 айда Қарағанды облысына 530 млрд теңге инвестиция тартылды

12 Қараша 2020, 13:23
1538
Бөлісу:
10 айда Қарағанды облысына 530 млрд теңге инвестиция тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

10 айдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысына 530 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 83%-ы – жеке меншік. Өңірде 12,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын 45 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде жыл соңына дейін 11 жаңа өндіріс іске қосылады. 2,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Бүгінде өңір экономикасы дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамиканы көрсетуде. Облыстың ЖӨӨ-дегі өнеркәсіп үлесі 50%-дан асады. 10 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,4 трлн теңгені құрап, 2,4%-ға өсті, оның ішінде өңдеу секторы - 4,6%-ға өсті- деді өңір басшысы. 

«АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» жүйе құрушы кәсіпорындары тұрақты жұмыс істеуде. Бұл ретте әлемдік нарықтарда мыс пен болат құнының өсуі байқалады. Әкім жыл қорытындысы бойынша оң динамиканы 103%-ға дейін қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын жеткізді.

Машина жасау саласында жаңа өсу нүктелері пайда болды. Саран қаласында бұрынғы резино-техникалық заттар (РТЗ) зауыты базасында қытайлық «Yutong» компаниясының қатысуымен автобустар мен арнайы техника өндіру жөніндегі жобаны іске асыру жалғасып жатыр. Автобустар өндірісінің бірінші кезеңі біртіндеп 2021 жылы ұсақ торапқа ауыса отырып, ірі торапты жинау әдісімен жүзеге асырылатын болады. Бірінші автобус осы жылдың соңында конвейерден шығады. Сондай-ақ, РТЗ базасында қуаты жылына 3,5 млн шина шығаратын «Татнефть» трансұлттық компаниясымен бірлесіп, автомобиль шиналарын өндіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін алаңды дайындау жұмыстары жүріп жатыр, - деді ол. 

 

Әкімнің айтуынша, зауыт құрылысы 2021 жылдың наурыз айында басталады. Бұл жобаларды іске қосу облыс экономикасын әртараптандыруға оң әсерін тигізеді және машина жасау үлесін 2 есеге арттырады.

Өзгелердің жаңалығы