«Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасынан үзінділер

27 Ақпан 2019, 11:17
9925
Бөлісу:
 «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасынан үзінділер

Астана, BAQ.KZ. Нұротандықтар алуан түрлі әлемдік үрдістерге қарамастан, алға қойған барлық мақсатқа қол жеткізетініне сенім білдірді.

«Құрметті қазақстандықтар! Алдағы онжылдықта халқымыз бұдан да қуатты және өркендеген мемлекет болатынына біз кәміл сенеміз! Алуан түрлі әлемдік үрдістерге қарамастан, алға қойған барлық мақсаттарға қол жеткізетінімізге сенімдіміз. Қазіргі әлемде тұрақтылық пен дамудың берік кепілі болатын ұзақ мерзімді саяси көшбасшылық қамтамасыз етілген елдер ғана үлкен табыстарға жетеді.

«Нұр Отан» партиясы еліміздің жетекші саяси күші ретінде халқымыздың бірлігін, еліміздің өркендеуін қамтамасыз ету және әрбір қазақстандық азаматтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмысын жалғастыра береді. Алдағы онжылдық біздің партия үшін Отан игілігіне арналған бұдан да белсенді жұмыс кезеңіне айналады. Қазақстан азаматтары көрсеткен сенімді біз жоғары бағалаймыз және халықтың үмітін ақтау ісінде қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз.

Баршамыз бірге біз бақуатты қоғам құрамыз, мұнда еліміздің әрбір тұрғынында жайлы өмір сүруі, өркендеуі әрі дамуы және өзін-өзі танытуы үшін барлық мүмкіндіктер болады. «Нұр Отан» партиясы – еліміздің әлеуметтік әл-ауқатының кепілі!», - делінген таратылған хабарламада.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ КҮН ТӘРТІБІ
Әлеуметтік жаңғыртуға бағыт алу

Әлемдік қауымдастықтың ажырағысыз бөлшегі ретінде біздің еліміз де өз дамуының аса маңызды кезеңін бастан кешуде. Елбасының әлемнің неғұрлым озық дамыған отыз елінің қатарына кіру мақсатында Қазақстанды жаңғыртуға арналған стратегиясы жаһандық сын-тегеуріндерге жауап болды.

2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстанды үшінші жаңғырту туралы жария етті. Ол біздің еліміздің таяудағы онжылдықта дамуын айқындап, қоғам тіршілігінің түйінді салаларын қамтитын жүйелі сипатқа ие болып отыр.

Жаһандық өзгерістер бізді экономиканың барлық салаларын Төртінші өнеркәсіптік революция талаптарына орай белсенді түрде жаңғыртуға түрткі болып отыр. 2018 жылғы Жолдауда Мемлекет басшысы елді технологиялық және инфрақұрылымдық дамытудың сапалы жаңа кезеңіне серпін берді. Цифрландырудың есебінен бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігі арта түсуде.

Әлемдік тарих жаңғыртудың өзіндік ұлттық код сақталған жағдайда ғана табысты болатынын дәлелдейді. Сондықтан да қоғамымыздың дамуы үшін ел Президентінің 21-ғасырдың жаһандық өмірінің сын-тегеуріндеріне барабар құндылықтар жүйесін қалыптастыратын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында баяндалған қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының орасан зор рөлі бар.    

Мемлекет басшысы 2018 жылы ұсынған Бес әлеуметтік бастама, сондай-ақ «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел азаматтарының өмір сапасының жаңа стандарттарына қол жеткізуге бағытталған.

«Нұр Отан» партиясы бұдан әрі де ел Президенті, партиямыздың Төрағасы Н.Ә.Назарбаев бастамашылық жасаған барлық стратегиялық бағдарламалардың іске асырылуына барынша белсене қатысатын болады.

ПАРТИЯНЫҢ КҮН ТӘРТІБІ

Халықтың көпшілігінің мүддесін білдіретін саяси күш қана елді жан-жақты жаңғыртуды жүзеге асыруға қабілетті. «Нұр Отан» партиясы тап сондай күш болып табылады. Біз партиямызды елді жаңғыртудың басты қозғаушы күші ретінде қарастырамыз.  

Біз «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның жаңа әлеуметтік бағытын тұтастай қарастыруды ұсынамыз.

Бағдарлама Үкіметпен, әкімдермен және Қазақстан Парламенті Мәжілісіндегі фракциямен және барлық деңгейдегі мәслихаттармен бірлесе жүзеге асырылады.

Ол мемлекеттің дамыған елдер қатарына кіруі үшін реформалаудың сыннан өткен әрі тиімді тәсілі болып табылатын Бес институционалдық реформада негізделген бағытты жалғастырады.   

Біз заңның үстемдігін, орнықты экономикалық өсуді, қазіргі заманға сай мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды, оның есепті болуын және өкілдері бірлесіп, өркендеген және орнықты ел болуға ұмтылған болашағы бір ұлт болуды жақтаймыз.

Тұтастай алғанда, бағдарлама Мемлекет басшысының елімізді жан-жақты жаңғырту бағытын жалғастыруды және алға қойған мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз етуі керек.   

Біздің құндылықтарымыз

Біздің бағдарламамыз елдің үш іргелі құндылықтарына негізделеді.

Тәуелсіздік. Қазақстанның барлық табыстары тап соның арқасында ғана мүмкін болды. Тәуелсіздік – бұл ел мен барлық азаматтың дамуы мен өркендеуінің негізі. Мемлекеттің берік іргетасын қалап, біз Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтатын боламыз. Мемлекеттің, қоғам мен азаматтардың бар күш-жігері осыған бағытталуға тиіс.  

Ел бірлігі – Қазақстанның табысты дамуының сенімді іргетасы. Ел азаматтарының бәрі Елбасы саясатының айналасында шоғырланып, барша азаматтарға ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесін тануы – Қазақстанда үйлесімді этносаралық қатынастардың негізгі факторы болып табылады.

Даму. Біз қашанда алдымызға биік мақсаттар қойып, оларға қол жеткіздік. Біздің болашаққа көз тігуіміз және жетілуге үздіксіз ұмтылысымыз – Қазақстанның өркендеуі үшін аса маңызды шарт.

Біздің мақсатымыз

Біздің алдағы онжылдыққа арналған мақсатымыз – әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін сапалы түрде арттыру үшін елді жүйелі түрде жаңғырту.  

Партия бағдарламасы ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК ДОКТРИНАСЫН іске асыруға бағытталған.

Біздің тәсіліміз

Мемлекет қызметінің барлық саласын адамға бағдарлау көктей өтуі тиіс. Әр саладағы жұмыс нәтижелері ең алдымен қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға және олардың мүдделерін іске асыруға бағытталуы керек. Сондықтан да біздің басты басымдығымыз инклюзивтілікті қамтамасыз ету болып табылады. Ешкім де назардан тыс және қолдаусыз қалмауға тиіс.

Тұтастай алғанда біз өз басымдықтарымызда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының озық елдеріндегі «ЭЫДҰ жақсы өмір сүру индексі» ретінде жинақталған стандарттар мен өмір сүру деңгейіне бағдарланамыз.  

Жұмыс бағыттары

Елдегі жетекші саяси күш ретінде «Нұр Отан» партиясы, Елбасы айқындаған стратегия шеңберінде өзінің негізгі күш-жігерін АЛДАҒЫ ОНЖЫЛДЫҚТЫҢ БАСТЫ ОН МАҚСАТЫНА қол жеткізуге бағыттайды.

1 мақсат: ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОТБАСЫНЫҢ БАҚУАТТЫЛЫҒЫ

«Нұр Отан» партиясы мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсетуге ғана бағытталмай, барша қазақстандықтың лайықты өмір сүруі үшін жағдай жасалатын тиімді және әділетті әлеуметтік саясаттың іске асырылуын көздейді.

Қазақстандық отбасылар мен әйелдерді қолдау.

Бұл бағыттағы кешенді шаралар қазақстандық отбасылардың лайықты әл-ауқаттылық деңгейін жасауды көздейді. Бұл үшін біз:

- Үкіметпен бірге «Бақытты отбасы» партиялық жобасына бастамашылық жасап, іске асыратын боламыз;

- ата-аналарды қаржылық қолдау деңгейін арттырамыз;

- көп балалы отбасыларды қолдауды күшейтеміз;  

- кішкентай балалары бар, жұмыс істейтін ата-аналарға көмектесеміз;

- атаулы әлеуметтік көмектің тетіктерін жетілдіреміз;

- гендерлік теңдікті қамтамасыз етеміз.

I.     Мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік жағынан қолдаудың тиімділігін арттыру. 

Инклюзивтілік заманауи мемлекеттің ажырамас бөлігі болып табылады. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын толығымен қамтамасыз ету үшін қажетті шаралардың бәрін жасаймыз. Бұл үшін біз:

- «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыруды жалғастырамыз;

- арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің мәлімдемелік қағидатынан нағыз белсенді қағидатына көшуге ұмтыламыз;

- әлеуметтік қорғау жүйесі жұмысының тиімділігін арттырамыз;

- мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік қолдау көрсететін инфрақұрылымды жетілдіреміз;

- кедергісіз орта үшін қажетті жағдай жасаймыз;

ü мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін инклюзивтік білім алу және одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін жақсартамыз.

II.     Зейнеткерлерді қолдауды күшейту.

Азаматтардың бұл санаттарына қамқорлық жасау біздің ортақ борышымыз болып табылады. Әр адамға лайықты өмір сүруге жағдай жасай отырып ынтымақтастық қағидатын сақтау қажет. Бұл үшін біз:

ü базалық зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлерін ұлғайтамыз;

ü зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылы мен табыстылығын арттырамыз;

ü белсенді ұзақ өмір сүру үшін жағдай жасаймыз.

2 мақсат: ӘРБІР АДАМ ҮШІН ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛАШАҚ БІЛІМІ

Біз әрбір қазақстандық үшін сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге тиіспіз. Біздің елімізде балалар мен жастардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін заманауи білім мен дағды алуы үшін бар мүмкіндік жасалуы керек.

I.     Қазақстандықтардың жаңа инновациялық буынын даярлау.

Біз жоғары технологиялар, инновациялар шығаруға және жоғары сапалы қызметтер ұсынуға көмек беретін білімнің қолданбалы сипатын дамытып, бойымызға дағдыны сіңіре білуге тиіспіз. Бұл үшін біз:

- Қазақстанның әрбір мектебінде IT-сыныптарын ашуға ұмтыламыз;

- функционалдық сауаттылықты дамытуға екпін жасаймыз;

- 12-жылдың білім алуға көшуді аяқтаймыз;

- техникалық және кәсіптік білім беруді дамытамыз;

- жоғары оқу орындарында пәнаралық тәсілді енгіземіз;

- қашықтықтан оқытуды қолдану саласын кеңейтеміз;

- іргелі ғылымды дамыту үшін жағдай жасаймыз;

- білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейтуге ұмтыламыз.

II.     Білім беру жүйесіне үздік мамандарды тарту.

Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік деңгейге шығару үшін педагогтардың жұмыс жағдайын түбегейлі жақсарту керек. Бұл үшін біз:

- педагогтардың жалақысының деңгейін арттыруға тырысамыз;

- әлемнің үздік университеттерінде педагогикалық білім алу үшін жағдай жасаймыз;

- оқу процесіне цифрлық технологияларды кеңінен енгізуді жүзеге асырамыз.

III.     Білім беру инфрақұрылымын дамыту.

Оқу мекемелерінің жетіспеушілігі жоқ, қалыпты жағдайларда педагогтар жұмыс істеп, балалар білім алатын және сабақ жүргізу үшін барлық қажетті жағдайлар қамтамасыз етілген жерде ғана сапалы білім бар. Бұл үшін біз:

- білім беру жүйесін қаржыландыруды ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін ұлғайтамыз;

- қазақстандық балаларды мектепке дейінгі сапалы біліммен қамтуға қол жеткіземіз;

- мүмкіндігі шектеулі барлық балалар үшін мектепке дейінгі толыққанды білім беруді қамтамасыз етеміз;

- орта білім алуға қол жеткізуге тең жағдай жасауды қамтамасыз етеміз;

- Қазақстанның барлық мектептерін қамтамасыз етуде тең мүмкіндіктер жасаймыз;

- техникалық және кәсіптік білім беруге (ТжКБ) қолжетімділікті арттырамыз;

- жоғары білім берудің қолжетімділігін арттырамыз;

- әрбір өңірде жаңартылған оқу бағдарламасы бар кемінде 1 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны мен 10 колледждің жұмыс істеуіне ұмтыламыз.

3 мақсат: САЛАМАТТЫ АДАМДАРДЫҢ ҚУАТТЫ ҰЛТЫ

«Нұр Отан» партиясы қазақстандық медицина әлемдегі ең жоғары стандарттарға сәйкес болуын және қазақстандықтардың денсаулық сақтау саласындағы үздік практикаларға бірдей қол жеткізуін қамтамасыз етуді жақтайды.

I.     Отандық медицинаға үздік мамандарды тарту.

Азаматтарға жоғары санатты медициналық қызметтер көрсету үшін үздік кадрлар қажет. Бұл үшін біз:

- мемлекеттік және жеке меншік медициналық мекемелердің қызметкерлерінің еңбекақы деңгейін арттыруға ұмтыламыз;

- жеке меншік сектордың денсаулық сақтауға қатысуын кеңейтеміз;

- медицинағы білім беру процесін реформалауды қамтамасыз етеміз;

- дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін енгіземіз.

II.     Денсаулық сақтау ісінің инфрақұрылымын дамыту.

Пациентке бағдарланған жоғары дәрежедегі медициналық қызмет емдеу сапасының жоғары, дәрігердің қабылдауын күту уақытының барынша қысқа болғанын көздейді. Бұл үшін біз:

- тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы медицинаға қолжетімділікті қамтамасыз етеміз;

- қоғамдық денсаулық сақтауға және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге арналған шығыстарды ұлғайтамыз;

- балалар медицинасының қолжетімділігі мен сапасын арттырамыз;

- оңалту қызметін дамытамыз;

- электрондық денсаулық сақтауға қолдау көрсетеміз;

- ана болуды қолдау үшін медициналық көмектің сапасын жақсартамыз; 

- вакцина егу бағдарламаларын кеңейтуді ынталандырамыз;

- дәрі-дәрмектің бағасын төмендету үшін жұмыс жүргіземіз;

- медициналық туризмді дамыту үшін жағдай жасаймыз.

III.     Салауатты ұлт қалыптастыру.

Уақыт өте келе елімізде өмір ұзақтығын ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштеріне жеткізуге, яғни 77 жасқа дейін ұзартуға, ал Қазақстан халқының жалпы санын 21 млн. адамға дейін жеткізуге ұмтылу қажет. Бұл үшін біз:

- дүкендердегі таза өнімдер қатарын кеңейтуді ілгерілетеміз;

- мектепте тамақтандыру стандарттарын жақсартамыз;

- балалар мен жасөспірімдердің бұқаралық спортпен айналысуы үшін жағдай жасаймыз;

- психологиялық көмек көрсетуді кеңейтуге ықпал етеміз;

- темекі шегумен, алкоголь мен есірткі пайдаланумен күресті жалғастырамыз. 

4 мақсат: ИНКЛЮЗИВТІ ЭКОНОМИКА

«Нұр Отан» партиясы инклюзивтік экономикалық саясатты іске асыратын болады. Біз бақуаттылықтың өсуін әрбір жекелеген азамат сезінетіндей экономика құруға тиіспіз.

I.     Қазақстандықтардың табысын арттыру. 

Еңбекақы мөлшері қазақстандықтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл үшін біз:

- барлық еңбек адамдарының табысын кезең-кезеңмен ұлғайтуға қол жеткіземіз;

- орнықты және өнімді жұмыспен қамтуға қол жеткіземіз;

- өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтарға қатысты стратегияны жетілдіреміз.

II.     Макроэкономикалық тұрақтылық және төмен инфляция.

Тұрақты макроэкономикалық орта – елді әлеуметтік-экономикалық және технологиялық жаңғыртуды табысты өткізу үшін қажетті шарт. Бұл үшін біз:

- ЖІӨ-нің кемінде жылына 5%-ға өсуін қамтамасыз етеміз;

- бюджет шығыстарын теңгерімді етуге ұмтыламыз;

- ақша-кредит саясатын тұрақты баға деңгейін қамтамасыз етуге бағыттаймыз;

- бюджеттің мұнайға тәуелді емес тапшылығының мөлшерін жыл сайын қысқартамыз;

- мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызын біртіндеп қысқартамыз.

III.     Отандық экономиканы технологиялық жаңғырту және цифрландыру.

Экономиканы әртараптандыру экономикалық өсудің қажетті шарты болып қалып отыр. Ол Қазақстанның табиғи бәсекелес басымдықтары бар салаларға екпін жасаумен жүзеге асырылуға тиіс. Бұл үшін біз:

- «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін жағдай жасаймыз;

- елдің экономикалық мамандануының болашағы бар бағыттарын дамытуды ынталандырамыз;

- шикізатты терең өңдейтін салаларды дамытамыз;

- агроөнеркәсіптік кешенді сапалы дамыту үшін жағдай жасаймыз;

- АӨК субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттырамыз;

- отандық IT-саланы дамыту үшін жағдай жасаймыз;

- Қазақстанда инновациялық қызметті ынталандырамыз;

- еңбек өнімділігін жан-жақты – орташа есеппен 3 есе арттыруға ұмтыламыз.

IV.     Орнықты қаржы секторы.

Орнықты қаржы секторы, банктік жүйе және нарықтың басқа да құралдары азаматтар мен бизнестің өз жинақтарын сақтап, көбейтуі үшін, қолжетімді әрі арзан кредиттер алуға мүмкіндік жасауға тиіс. Бұл үшін біз:

ü банктік жүйеге сенімді арттыруға ықпал етеміз;

ü қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік бақылау мен реттеуді күшейтуге ұмтыламыз. 

5 мақсат: ДАМЫҒАН БИЗНЕС, ҚОҒАМНЫҢ БАҚУАТТЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

«Нұр Отан» партиясы Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауды өз мақсаты ретінде ұстанады. Нарық бәсеке қағидаттарының негізінде жұмыс істеп, оған кірудегі кедергілер төмен болуға тиіс.

I.     Мемлекеттің экономикаға тікелей қатысуын азайту.

Мемлекет экономикада, ең алдымен, нарықта ойын қағидаларының орындалуын қадағалайтын төрешінің рөлін атқаруға тиіс. Мемлекеттің экономикаға тікелей қатысуын азайту қажет. Бұл үшін біз:

- мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін 15%-ға дейін азайтамыз;

- шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдай жасаймыз;

- мемлекеттің реттеуші рөлін жандандырамыз;

- Қоғамдастықты тарта отырып тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге тарифтердің негізді және ашық белгіленуіне ұмтыламыз.

II.     Бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету қағидаттарын жақсарту.

Осы саладағы ашықтық – біздің басымдығымыз. Мемлекеттік қолдау тиімді болып, оны шын мәнісінде қажет ететін кәсіпорындарға ғана көрсетілуге тиіс. Бұл үшін біз:

- бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаймыз;

- бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне егжей-тегжей талдау жасауды жүзеге асырамыз;

- салықтық әкімшілік етудің тиімділігі мен ашықтығын арттырамыз;

- әкімшілік кедергілерді одан әрі төмендетуге тырысамыз;

- шетелдік инвестицияларды тарту саясатын жетілдіреміз;

- венчурлік қаржыландыру көлемдерін ұлғайтуға жағдай жасаймыз.

III.     Бизнес үшін кредит берудің қолжетімділігін арттыру.

Кез келген бизнесті дамыту үшін қаражат керек. Оған қолжетімділікті арттыру мемлекеттің экономикалық саясатының басымдықтарының бірі болуға тиіс. Бұл үшін біз:

- экономикадағы кредит берудің өсуіне ықпал етеміз;

- ауыл шаруашылығына ұзақ мерзімді инвестиция салу үшін жағдайды жақсартамыз;

- бизнесті қаржыландырудың баламалы көздерін дамытуға ұмтыламыз;

- кәсіпкерлікті дамыту үшін көтермелеу ретінде шағын кредит беру құралдарын дамытамыз.

6 мақсат: АЗАМАТТАРДЫҢ ЖАЙЛЫ ӨМІР СҮРУІ ҮШІН ЖАҒДАЙ ЖАСАУ

«Нұр Отан» партиясы біздің азаматтарымыздың негізгі мұқтаждықтарын қамтамасыз етіп қана қоймай, оларға еркін демалуға, әлеуметтенуге және дамыған елдердің стандарттарына сай келетін қоғамдық кеңістіктер құруға мүмкіндік беру керек деп санайды.

Партия Үкіметпен бірлесіп «Құтты мекен» партия жобасын іске асыратын болады, ол азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жан-жақты арттыруға бағытталмақ.

I.     Қазақстандықтарға арналған сапалы тұрғын үй.

Нарық жағдайында мемлекет азаматтарға өтеусіз негіздегі тұрғын үйді ұсына алмайды. Алайда біз әрбір отбасына қолжетімді болуға тиіс жаңа тұрғын үй құрылысына қолдау көрсетеміз. Бұл үшін біз:

- жыл сайын кемінде 12-13 млн. шаршы метр тұрғын үй салатын боламыз;

- тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін бір адамға қазіргі 21,6 шаршы метрден 30 шаршы метрге дейін жеткізуіміз қажет;

- ипотекалық кредиттің қолжетімділігін арттыра түсеміз;

- жалға берілетін тұрғын үйдің ауқымды құрылысын ынталандыратын боламыз;

- жеке бизнестің тұрғын үй салуын ынталандырамыз;

- аумақтарды инфрақұрылымдық тұрғыдан абаттандыру арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамытамыз;

- құрылыс сапасына, құрылыс материалдарының экологиялық таза болуына және ғимараттардың энергияны сақтау тиімділігіне бақылауды күшейтеміз;

- «ақылды қалалар» бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін ТКШ жұмысына цифрлық технологияларды енгіземіз.

II.     Жол салу жұмыстарын ұлғайту, қала және ауыл инфрақұрылымын дамыту.

Еліміздегі елді мекендер жолы сапалы және азаматтарға арналған инфрақұрылым жақсы болуға тиіс. Бұл үшін біз:

- жергілікті автомобиль жолдарының заманауи желісін кеңейтуге қол жеткіземіз;

- қоғамдық көлікті дамытуды ынталандырамыз;

- әуежайлар, авто және теміржол вокзалдардың реконструкциясын қамтамасыз етеміз;

- жаяу жүргіншілерге арналған көшелер мен қоғамдық кеңістіктер санын арттыруды ынталандырамыз;

- ауыл тіршілігіне жаңартылған стандарттарды енгізетін боламыз;

- Үкіметпен бірлесіп «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асырамыз;

- туристік инфрақұрылымды толыққанды дамыту үшін жағдай туғызатын боламыз.

III.     Экологиялық таза ахуалды қамтамасыз ету.

Қазақстан экологиясы анағұрлым таза, бақуатты әлем елдерінің біріне айналуға тырысуы қажет. Бұл үшін біз:

- еліміздің барлық тұрғындарының таза ауыз суға қол жеткізуін қамтамасыз етеміз;

- жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыра түсу бағытында жұмыс жасаймыз;

- жылумен жабдықтаудың кеңінен газға көшуін қамтамасыз етеміз;

- пластиктен жасалған материалдарды экологиялық тұрғыдан дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастырамыз;

- фауна түрінің әралуандылығын сақтап қалу бағытында жұмыс жүргіземіз.

7 мақсат: АЗАМАТТАРДЫҢ МҮДДЕСІН БІЛДІРЕТІН ТИІМДІ МЕМЛЕКЕТ

Біздің пайым бойынша заманауи мемлекеттік аппарат еліміздің әрбір тұрғыны үшін өмір сүрудің жоғары сапасын, мығым әлеуметтік кепілдіктерді, даму үшін мүмкіндіктерді және қауіпсіз өмірді қамтамасыз етуге тиіс.

«Нұр Отан» партиясының міндеті – Қазақстанның барша азаматтарының игілігіне қызмет ететін мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға ықпал ету.

I.     Мемлекеттік аппараттың қызметін жаңғырту.

Қазақстанның мемлекеттік қызметі ЭЫДҰ-ның сыныптамасы бойынша қазіргі кәсіптік-стратегиялық деңгейден инновациялық деңгейге көтерілуге тиіс. Оның белгілері – азаматтарға бағдарлану, инклюзивтілік, бастамашылдық, қолда бар және жаңа технологиялармен жұмыс істей алу. Бұл үшін біз:

- мемлекеттік институттар қызметіне қоғамдық бақылауды күшейтеміз;

- мемлекеттік аппарат қызметінің одан әрі жан-жақты цифрлануына жәрдемдесеміз;

- билік органдарының ішкі процестерінің кері инжинирингін талап етеміз;

- мемлекеттік қызметтің беделін нығайтуға көмек көрсетеміз.

II.     Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

ЭЫДҰ елдеріндегі қауіпсіздік деңгейі біз үшін үлгі болып табылады. Осы саладағы әлемдік тәжірибені Қазақстанға енгізуге тырысамыз. Бұл үшін біз:

- құқық қорғау жүйесінде сапалы өзгерістердің жүргізілуіне қол жеткіземіз;

- сот жүйесін жаңғыртуға ықпал етеміз;

- еліміздің қорғаныс қабілеттілігін арттыруға жәрдемдесеміз;

- Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы тұғырын бекемдей түсеміз.

III.     Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту – экономикалық өсуді қамтамасыз етудің және өмір сүру сапасын арттырудың маңызды шарты. Партияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың идеологиялық негізін қалауға тиіс. Бұл үшін біз:

- сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізіп, қолданамыз;

- барлық деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу міндеттілігі енгізіледі;

- квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтеміз;

- жеке секторға сыбайлас жемқорлық ұғымының түсіндірілуіне қол жеткіземіз.

IV.     Эволюциялық даму және саяси жүйені нығайту.

Біз Елбасының басшылығымен саяси жаңғырту бағытын жалғастыратын боламыз, бұл заманауи мемлекеттің дамуының түйінді шарттарының бірі болып табылады. Бұл үшін біз:

- еліміздің саяси өміріне, орталық және жергілікті өкілді органдарға сайлауға белсене қатысамыз;

- жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дамытуға қолдау білдіреміз;

- партия жүйесін дамытуға, партияның саяси жүйедегі жүйеқұраушы рөлін нығайтуға бағытталған барлық бастамаларын қолдаймыз. 

8 мақсат: ЖАУАПТЫ АЗАМАТТАРДЫҢ ҮЙЛЕСІМДІ ҚОҒАМЫ

«Нұр Отан» партиясы ынтымақтастық және жауапкершілік негізінде Қазақстан азаматтарын жалпыұлттық мәселелерді шешу үшін қатысуға ынталандыратын болады.

Біз әрбір қазақстандық азаматтың елде болып жатқан процестердегі рөлінің арта бергенін қалаймыз. Азамат мемлекеттік саясатқа белсене араласып қана қоймай, өз елінің дамуына әсерін тигізуге тиіс.

I.     Елбасы айқындаған жаңғырту құндылықтарын қоғамда ілгерілету.

Бұл құндылықтар халқымыздың ұлттық коды мен жаһандық жаңғырту дүниетанымының үздік мақсатының үйлесімді синтезіне негізделген. Егер анағұрлым дамыған елдермен тереземіз теңдессін десек, ұлтымыздың психологиясы мен әдет-дағдысына өзгеріс енгізуіміз керек. Бұл үшін біз:

- қазақ тілінің латын әліпбиіне түбегейлі көшуіне ықпал етеміз;

- Қазақстан қоғамында құндылықтардың дұрыс жүйесін таратуға бағытталған партия жобаларын іске асырамыз;

- көркемөнер жастарын қолдаймыз, олардың жобаларын іске асыруға жәрдемдесеміз;

- біздің көркемөнер және ғалым зиялы қауымның басқа елдердегі өздерінің әріптестерімен халықаралық байланыстарды дамытамыз.

II.     Қазақстанда үйлесімді қоғамдық қатынастар орнату.

Қоғам жаңа қадам жасап, қазақ мәдениеті мен тілінің топтастырушы рөлін тануға негізделген қоғамдық интеграцияның парадигмасына көшу қажет деп есептейміз. Бұл үшін біз:

- қоғамдық үйлесім құндылықтарын ілгерілетеміз әрі бекітеміз;

- қазақ халқының тілін, тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және имандылық қағидаттарын елімізде тұратын барлық этностық топтардың өкілдері арасында кеңінен насихаттау қызметін жандандыра түсеміз;

- Қазақстанда тұратын барлық этностық топтардың үйлесімді дамуы үшін мүмкіндіктерді нығайта түсеміз;

- қоғамдық тұрақтылыққа жағымсыз әсерін тигізуі ықтимал проблемаларды дер кезінде анықтаймыз;

- қазақстандық қоғамда және әлемде этносаралық және рухани үнқатысуды қолдап отырамыз;

- Қазақстанның ұлттық бірегейлігін одан әрі дамыту мәселелері бойынша қоғамдық пікірталасты сараптамалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан сүйемелдеуді жүзеге асырамыз.

III.     Партияның негізгі әріптестердің бірі ретіндегі азаматтық сектормен белсенді өзара іс-қимылы.

Белсенді азаматтық қоғам мемлекеттік органдардың іс-қимылын бақылай алады әрі толықтыра алады және бақылауға әрі толықтыруға тиіс. Бұл үшін біз:

- үкіметтік емес сектор институттарын Елбасының стратегиялық бастамаларын іске асыру төңірегіне топтастырамыз;

- азаматтар мен мемлекет арасындағы коммуникациялық көпір ретінде әрекет етеміз;

- азаматтық бастамалар мен үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетеміз.

9 мақсат: ЖАСТАР – ЗОР МҮМКІНДІКТЕРГЕ ИЕ ҰРПАҚ

«Нұр Отан» партиясы әлемдік үрдістерді ескере отырып, жастарды жан-жақты қолдауды күшейте түседі.

Жастарға сапалы білім алу, тұлға ретінде даму, кәсіптік және шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі таныту үшін жағдай жасап, мүмкіндіктер туғызу – алдағы жылдарда табысты, дамыған әрі тұрақты Қазақстан алдында тұрған міндет.

Жаңа буын қазақстандықтар еліміздің стратегиялық бағытын ілгерілетуші күш болуға тиіс. Оларды жан-жақты қолдау «Нұр Отан» партиясы және оның «Жас Отан» жастар қанаты қызметінің басты бағыттарының бірі болып табылады.

I.     Жастарға әлеуметтік қолдау көрсету.

Еліміздің жас азаматтарына дамуы әрі тұлға ретінде өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдай жасалуға тиіс. Жаңа буын қазақстандықтардың өмірі халқымыздың алдағы ұрпақтарына қарағанда анағұрлым жақсы болуға тиіс. Бұл үшін біз:

- жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу жөнінде тиімді шаралар қолданамыз;

- жас қазақстандықтардың әлемнің озат елдерінің деңгейінде білім алуы үшін жағдай жасаймыз;

- жастарды еңбекпен қамтуға қол жеткіземіз;

- білікті жас мамандарды ауылға тартуға ықпал етеміз;

- жастар өкілдерімен кері байланыс орнатып, ұдайы қолдап отырамыз;

- өз орнын таппаған жастардың (NEET) проблемаларын шешу үшін жағдай жасаймыз.

II.     Жастардың әлеуетін дамыту, жастар арасында патриоттық деңгейін арттыру.

Қазіргі заманғы қазақстандық қоғамның өз тарихын, оның әлемдік тарихи ағындағы рөлін түсінуі өте маңызды. Қазақстанның әрбір жас азаматының бойында патриоттық сезім мен белсенді өмір ұстанымын қалыптастыру маңызды іс болып қала береді. Бұл үшін біз:

- жастарды партияның жобалары, партия алаңдары мен іс-шаралары арқылы қоғамдық өмірге тартамыз;

- волонтер институтын дамытуды көтермелейміз;

- жастарды ғылыми қызметке ынталандырамыз;

- жастардың зияткерлік, имандылық дамуына оң әсерін тигізетін жаңа демалыс практикаларын қолдаймыз;

- жастар арасында отбасылық құндылықтарды әдетке айналдырамыз;

- жастарға бағытталған партия жобаларын іске асырамыз.

III.     Мемлекеттік жастар саясатының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру.

Мемлекет жас буын азаматтарының қажеттіліктерінен ұдайы хабардар болуға және оларға тиісінше ден қоюға тиіс. Бұл үшін біз:

- жастарды және отбасын дамыту саласындағы Жол картасының орындалуын бақылаймыз;.

- жастардың қоғамдық ұйымдарын өңірлік деңгейдегі жастардың бастамаларын іске асыруға тартамыз;

- «Партияның жас кадрлар резервін» қалыптастырамыз;

- «Жас Отан» жастар қанатының рөлін арттырамыз. 

10 мақсат: «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ САЯСИ КӨШБАСШЫЛЫҒЫ

«Нұр Отан» партиясы жаңа тұрпаттағы партия ретінде ұстанады, ол өзінің жиырма жылдық партиялық табысты қызметін цифрлық қоғамның түбегейлі жаңа жағдайында жұмыс істеу үшін пайдалануға қабілетті.

Елбасының партиясы бола тұрып, «Нұр Отан» Қазақстан азаматтарының басым көпшілігінің мүдделерін білдіруге тырысады.

Партияішілік процестерді жаңғырту жөніндегі, сондай-ақ «Нұр Отанның» елімізді дамытудың стратегиялық бағыттарын тұжырымдаудағы рөлін арттыру жөніндегі жұмыс жандана түседі.

I.     Партияішілік қызметті кешенді жаңғырту.

Партияны жаңғырту, ең алдымен, қазіргі заманғы трендтерге бейімделуге және партия қызметінде жаңа технологияларды пайдалануға бағытталады. Бұл үшін біз:

- нақты істер партиясы ретінде әрекет етеміз. Күнделікті жұмыста жобалық тәсіл пайдаланылатын болады;

- «Цифрлық партия» жобасы шеңберінде барлық жұмыс процестерінің цифрлануы қамтамасыз етіледі;

- жергілікті жерлерде партия жұмысының сапасын арттырамыз;

- партияішілік бақылауды күшейтеміз;

- партияның талдамалық әлеуетін арттырамыз;

- партиялық білім берудің көпдеңгейлі жүйесін орнатамыз.

II.     Халық сенімін нығайту.

Партия қазақстандықтардың үмітін ақтау үшін барлық қажетті шараларды қолданады, халықтың барлық топтарының мүдделерін білдіреді және халық пен мемлекет арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етеді. Бұл үшін біз:

- Үкіметпен бірлесіп «Халыққа Көмек» партия жобасына бастамашылық жасаймыз және оны іске асырамыз;

- халықпен жұмыс жүргізудің өзіндік белсенді қағидаттарын қолданамыз. Партияның қоғамдық бөлмелері көмекті қажетсінетін біздің азаматтар үшін Бірыңғай әлеуметтік терезеге айналады;

- қоғамдағы көңіл-күйге мониторингті күшейтеміз және азаматтардың пікірін мемлекеттік органдарға жеткіземіз;

- белсенді халық үшін басты «әлеуметтік баспалдақтың» бірі ретінде әрекет етеміз.

III.     Еліміздегі басты қоғамдық бақылау институты ретінде «Нұр Отанның» рөлін күшейту.

Партия мемлекеттік билік органдарының шешім қабылдауы және мемлекеттік саясаттың іске асырылуы кезінде қоғамдық мүдделердің ескерілуін қамтамасыз ету үшін еліміздегі барлық сындарлы күштерді жұмылдыратын болады. Бұл үшін біз:

- Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуына қоғамдық бақылау жүйесін жетілдіреміз;  

- мемлекеттік бағдарламалар мен партия бастамаларының іске асырылуына тиімді қоғамдық бақылауды қамтамасыз етеміз;

- әлеуметтік маңызы бар түйінді мемлекеттік бағдарламалар мен НҚА әзірлеуге және талқылауға қатысамыз;

- нормативтік-құқықтық актілерге олардың халықтың әлеуметтік жағдайына және әл-ауқатына әсер етуі тұрғысынан сараптама жүргізуді жүзеге асырамыз.

IV.     «Нұр Отан» партиясының саяси көшбасшылығын ұзақ мерзімді перспективаға қамтамасыз ету.

Партия өзінің көшбасшылығын сақтап қалу бағытында белсенді жұмыс жүргізетін болады. Бұл үшін біз:

- Елбасының бағытын қолдау үшін ауқымды негіз қалаймыз. «Нұр Отан» ел Президентінің бағытын жүргізетін басты партия болып қала береді;

- елдің жаңғыруына ықпал ететін басты стратегиялық күш ретінде әрекет етеміз;

- алдыңғы қатарлы отандық және шетелдік мамандарды жұмылдырамыз;

- барлық деңгейдегі өкілді органдарда өтетін сайлауға қатысамыз;

- барлық сындарлы қоғамдық күштерді партия төңірегіне топтастырамыз.

Өзгелердің жаңалығы