Тұрсын Қалимова: Әуежайға Хиуаз апамыздың аты беріліп, мақсатымыз орындалды

20 Наурыз 2020, 19:29
3073
Бөлісу:
Тұрсын Қалимова: Әуежайға Хиуаз апамыздың аты беріліп, мақсатымыз орындалды
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау әуежайына штурман-ұшқыш Хиуаз Доспанованың аты берілді. Бұл атыраулықтар үшін көптен күткен қуанышты хабар. 

Атыраулықтар халықаралық әуежайға батыр апамыздың атын беру арқылы қаһарман қазақ қыздарының ерлігін әлемге таныта аламыз деп қуануда. Атыраулық Тұрсын Қалимова Халық қаһарманының ерлігін насихатауда алдына жан салмай жүрген қаламгер. Сонымен қатар, осы бастаманың көш басында жүргендердің бірі.

Тұрсын Қалимова.jpg

Хиуаз Доспанова есімін беру туралы мәселенің көтерілгеніне көп болды. 2012 жылы бастамашыл топ құрып, жұмыс бастадық. Ақпарат құралдарында мақалалар жарияладық. Сол мақаламыздың негізінде Сәрсенбай Еңсегенов бастаған бір топ халық қалаулылары үкіметке депутаттық сауал жолдады. Бірақ ол кезде ономастика туралы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілуіне байланысты нысандарға адам атын беруге мораторий жарияланған болатын. Мораторий мерзімі аяқталғанға дейін қарап отырмай құзырлы орындарға ресми хаттар жолдадық. 2012 жылы бір топ атыраулық журналистің ұсынысымен "ЭйрАстана" әуекомпаниясы "Эмбраэр" ұшағына Хиуаз Доспанова есімін берді. Кейін біздің ұсынысымыздың негізінде "ЭйрАстана" қазақтың атақты әйел тұлғалары – Зере әже, күйші Дина Нұрпейісова, әнші Роза Бағланова, қазақтың батыр қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, композитор Ғазиза Жұбанова, актриса Әмина Өмірзақова есімдерін "Эйрбас" ұшақтарына жазылды. 2016 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен Хиуаз Доспанованың қазақ және орыс тілдерінде шыққан әскери күнделігі мен еліміздің қаһарманға көрсеткен ұлықтау шаралары топтастырылған "Хиуаз" атты кітап жарыққа шықты. 2017 жылы Атырау облыстық ардагерлер кеңесі "Хиуаз Доспанова" медалін шығарды, - деді ол.
Жуықта республикалық ономастикалық комиссия ресми шешім қабылдады. Тұрсын Қалимова бұл Жеңістің 75 жылдығына орай қазақтың батыр қызына көрсетілген құрмет екенін айтады.

әуежай.jpg

Біз қуаныштымыз. Алға қойған мақсатымыз орындалды. Бұл ұсынысымызды қолдаған, әркез жұртшылыққа жетуіне себепкер болған ақын Фаризаның, жазушы Рахымжан Отарбаев ағаларымыздың рухы шат болсын. Олардың "Осы бастамаңды аяғына дейін жеткізіп, батыр есімін асқақтат!" деген аманаты орындалды. Қоғамның назарындағы бастамамызды қолдаған жергілікті әкімшілікке, халықтың ниетіне сай шешім қабылдап, Атырау халықаралық әуежайына Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін беруге шешім қабылдаған үкіметке ризашылығымыз зор, - дейді атыраулық журналист Тұрсын Қалимова.

Өткен жылы Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен халықаралық әуежай аумағына Хиуаз Доспанованың ескерткіші орнатылды. Сондай ақ, "Хиуаз" атты кітап жарыққа шықты.

Өзгелердің жаңалығы