Бас жаңалықтар
ШҚО-да инспекторларға қарсылық көрсеткен браконьерлер ескек сілтеп, қайықтарын төңкермек болды
24 Сәуiр 2019, 21:05 351

ШҚО-да инспекторларға қарсылық көрсеткен браконьерлер ескек сілтеп, қайықтарын төңкермек болды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Зайсан көлі мен Қара Ертісте заңсыз балық аулаған браконьерлер инспекторларға қарсылық көрсетіп, оқиға орнынан із жасырған. Бұл туралы ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы хабарлады.

23-24 сәуір күндері Аумақтық инспекцияға Күршім және Көкпекті инспекцияларының басшылары хабарласып, Зайсан көлінің Базарка учаскесі мен Қара Ертісте рейдтік шара жүргізген жергілікті инспекторларға Тассай аулының тұрғындары мен белгісіз тұлғалардың қарсылық көрсеткені туралы мәлімдеген. Балағат сөздер айтқан браконьерлер инспекторларға тап беріп, ескек сілтеп, инспекторлардың қайықтарын төңкеріп тастауға тырысқан көрінеді.

«Мұндай заңсыз әрекеттер лауазымдық қызметін атқарып жүрген инспекторлардың өміріне қауіп төндіреді. Осы себепті Күршім және Көкпекті аудандарының инспекторлары қарсылық көрсеткен адамдарды жауапқа тарттыру үшін аудандық полиция бөлімдеріне жүгінген», - деп хабарлады ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас маманы Фархат Байбазаров.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін Шығыс Қазақстанда көктемгі уылдырық шашу маусымына байланысты балық аулауға тыйым салынғаны жөнінде жазған болатынбыз. Бұл жөнінде 1 сәуірден бастап арнайы бұйрық шыққан.

«Аталмыш бұйрыққа сәйкес балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу және көбеюі кезеңінде Зайсан көлінде және Қарақастан Баты шоқысына дейінгі Бұқтырма су қоймасының көл-өзен бөлігінде - 16 сәуірден 30 мамыр, Баты шоқысынан Бұқтырма су электр станциясына дейінгі Бұқтырма суқоймасының терең бөлігінде - 1 мамырдан 15 маусым, Шүлбі және Өскемен суқоймаларында, Өскемен су электр станциясынан Шүлбі суқоймасына дейін және Ертіс өзенінің Шүлбі су электр станциясынан Павлодар облысының әкімшілік шекарасына дейін - 10 мамырдан 10 маусым, Алакөл, Сасықкөл, Қошқаркөл көлдерінде және оларға құятын өзен сағалары мен шығанақтарында, Үржар, Бесқопа, Ырғайты, Теректі, Тентек, Қатынсу, Емел, Ұялы, Қаракөл, Жіңішкесу, Шынжылы өзендерінде - 10 сәуірден 1 маусым, сондай-ақ Аягөз өзенінде, оның жылғалары мен жайылымдарын қоса 15 сәуірден 1 маусым аралығында балық аулауға тыйым салынған болатын», - деді ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Рахымжанов.

 


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық