Оқушылар демалыстан соң қашықтықтан оқуға көшеді

18 Наурыз 2020, 17:45
6635
Бөлісу:
Оқушылар демалыстан соң қашықтықтан оқуға көшеді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Айтқұлова онлайн-брифинг кезінде айтты.

Брифинг барысынада ол мемлекет басшысының "Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы" Жарлығының орындалуына орай, білім беру саласында іске асатын шаралар жайлы айтты. 

Біріншіден, балабақшалардың жұмысына байланысты. Бүгінге дейін балабақшалардың жұмысы тоқтаған жоқ. Алайда, Алматы қаласы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин жарияланғанына байланысты ертеңнен бастап балабақшалар жұмысын тоқтатады. Екіншіден, орта білімге байланысты 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін мектеп оқушылары көктемгі демалысқа шықты. Ол демалыс 5 сәуірге дейін жалғасады, - деді ол. 

Сонымен қатар, ол қазіргі кезде мектепте оқушылар жоқ екенін, ұстаздар үйлерінде балалармен қашықтан жұмыс істейтінін жеткізді. Демалыс кезінде балалар үйге арнайы тапсырмалар алған, сол тапсырмаларға байланысты мұғалімдермен, сынып жетекшілерімен үнемі байланыста болады. 

Егер карантин жалғасын табатын болса, 5 сәуірде каникул аяқталған сәтте оқушылар қашықтықтан оқытуға ауысады. Осыған байланысты қазіргі таңда Алматы қаласы Білім басқармасы министрлікпен бірігіп, дайындық жұмыстарын жасап жатыр, - деді білім басқармасы басшысының орынбасары.

Сондай-ақ ол, колледж студенттері 16 наурыздан бастап қашықтықтан оқуға көшкенін жеткізді. Оларға арнайы бағдарлама мен арнайы тестпен электрондық форматта қашықтықтан оқу ұйымдастырылған. 

Колледждің жатақханада жатқан студенттерінің үйлеріне қайтуына мүмкіншілігі болмаған жағдайда, олар жатақханада қалып, қашықтықтан оқуын жалғастыруға мүмкіндік берілді, – дейді Гүлнар Айтқұлова.

Өзгелердің жаңалығы