Қарағанды облысында карантиндік шаралар күшейтіледі

19 Маусым 2020, 00:45
1190
Бөлісу:
 Қарағанды облысында карантиндік шаралар күшейтіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы демалыс күндері Қарағанды облысында карантиндік шаралар күшейтіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен тікелей эфирде аймақтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Асқаров пен Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров хабарлады.

20 және 21 маусымда сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, саябақтар, гүлзарлар, жағалаулар, аквапарктер, жағажайлар, азық-түлік және азық-түлік емес базарлар мен фитнес-залдар жабылады.

Туристік аймақтарға кіруге тыйым салынады. Онда жүрген адамдар маскалық режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтауы қажет.

14 жасқа дейінгі балаларға ересектерсіз үйден шығуға тыйым салынады, 65 жастан асқан адамдарға аса қажетсіз көшеге шығуға болмайды. 

Барлықтарыңызды осы нұсқамаларды мүлтіксіз сақтауға шақырамын. Естеріңізде болсын, сізбен бірге балалар, жүкті әйелдер, қарт және созылмалы ауруы бар адамдар тұрады. Олар COVID-19 ауруы бойынша тәуекел тобына кіреді. Сіздің денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың өмірі сіздің қолыңызда, - деп атап өтті Қанат Асқаров.

Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров індетке қарсы шараларды сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, облыс орталығының медициналық мекемелері өз мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істейді. 

Егер індет басталғанда вирустың барына сенетін адамдар аз болса, қазір күмән болмауы керек – көбіміздің туыстарымыз бен жақындарымыз коронавирустық инфекцияны жұқтырды. Сіздерден бетперде, қолғап киіп, антисептиктерді пайдалануыңызды, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болуларыңызды сұраймын. Санитарлық нормаларды қаншалықты қатаң ұстануымыздан жақын арада қалыпты өмірге қайта орала алуымыз байланысты, - деді қала әкімі.

Облыста карантиндік шаралардың жеңілдетілуі коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық статистикасына байланысты болады. Шектеулерді жою үшін инфекцияның күнделікті өсуі апта бойы 7%-дан аспауы тиіс.



Өзгелердің жаңалығы