Теңге бағамының құбылуына қарамастан, Қазақстанның банк секторы тұрақтылығын сақтап отыр. Бұл туралы Ұлттық банк редакцияның ресми сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Валюталық тәуекелдер мен тұрақтылық
Бағамдық ауытқуларға қарамастан, валюталық тәуекел қолайлы деңгейде қалып отыр. Банктер валюталық тәуекелді туынды қаржы құралдары арқылы хеджирлейді және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі белгілеген пруденциялық нормативтер мен валюталық позиция лимиттерін сақтайды. Қазіргі таңда банктердің ашық валюталық позициясының көрсеткіштері бейтарап деңгейге жақын, – делінген Банк мәліметінде.
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк секторының активтері 64,8 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде 17,2%-ға немесе 9,5 трлн теңгеге өсті. Депозиттік база 17,8%-ға өсіп, 44,1 трлн теңгеге жетті. Ал меншікті капитал 24,6%-ға артып, 9,3 трлн теңгені құрады.
Капитал және тұрақтылық
Ұлттық банктің хабарлауынша, негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 19,5%, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 21%. Бұл көрсеткіштер нормативтік талаптардан айтарлықтай жоғары, сондықтан ықтимал тәуекелдерді жабуға жеткілікті.
Өтімділік пен валюталық тәуекел бақылауда
Банктер өтімділіктің елеулі қорын сақтап отыр: коэффициенттер нормативтік талаптардан жоғары. Жоғары өтімді активтер көлемі 18,9 трлн теңгені немесе сектор активтерінің 29,2%-ын құрайды. Валюталық тәуекел де қолайлы деңгейде бағалануда.
Қызып кету қаупі және реттеуші шаралар
Сонымен қатар бөлшек несиелеу сегментінде "қызып кету" белгілері байқалады. Бұған жауап ретінде Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халыққа несие беруді салқындату шараларын енгізуде.
Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап банктерге халыққа берілетін несиелер бойынша қосымша капитал талаптары енгізіледі және қарыздар бойынша ең жоғарғы пайыздық мөлшерлемелер төмендетіледі.
Бұл азаматтарға не береді?
Банктер халыққа берілетін әрбір несие үшін меншікті капиталды көбірек ұстауға міндетті болады. Яғни несие беру қымбаттап, қиындай түседі. Сол себепті банктер клиенттерді мұқият тексеріп, тәуекелі жоғары қарыздарды сирек мақұлдайды.
Сонымен қатар пайыздық мөлшерлемелерге шектеу қойылады. Бұл банктерге несие бойынша шамадан тыс жоғары пайыз белгілеуге жол бермейді.
Мұндай шаралар азаматтарды артық төлемдерден қорғап, қарыз алуды қолжетімді әрі қауіпсіз етуі тиіс.