Қазіргі нарық заманында ақшаның тілін таба білу, қаржылай сауатты болу өте маңызды. Қазақ қоғамының қаржылай сауаттылығын қалай көтереміз? Несиесіз қоғамды қалай қалыптастырамыз? Не болмаса тез байып кетудің жолы қандай?
BAQ.KZ тілшісі осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін «Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы Алтынай Асқарқызын сөзге тартты.
- Алтынай Асқарқызы қаржылай сауаттық деген не? Отбасындағы қаржылай сауаттылық неліктен маңызды?
Қаржылай сауаттылық – жеке немесе отбасындағы ортақ бюджетті дұрыс, сауатты басқара білу. Қаржылай сауаттылық жайлы әңгіме қозғағанда ең алдымен қаржының құрал екенін түсіндіруге тырысамыз.
Мысалы автокөлікті алайық. Егер сіз автокөлік жүргізе алмасаңыз немесе оны жөндей алмасаңыз, сіз оны сындырып тынасыз. Дәл сол сияқты егер қаржыны дұрыс басқара алмасақ, онда қаржы тапшылыққа әкелуі мүмкін. Сол кезде қаржылай сауатсыздық туып, адамдар тығыраққа тіреледі. Жалпы қазіргі нарық заманында қаржылай сауатты болған өте маңызды.
Бұл тақырыпты ата-аналар, ерлі-зайыптылар ашық талқылауы керек. Қазір бізде қоғамда әлеуметтік желілер қарқын алып тұрғанын бәріміз білеміз. Әртүрлі психологтар, сарапшылар, қаржыгерлер, инвестицияның не екенін үйретіп жатқандар да жетерлік.
Олардың барлығын еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі. Оны қарап, тыңдайды. Әрине, оның ішінде дұрысы да, бұрысы да бар. Бірақ қарап отырсақ, оның көбі ашық болуға, сөйлесуге үйретеді. Яғни отбасында қандай проблема болмасын сөйлесіп, талқылау керек.
Отбасы болған соң ең алдымен отбасының құндылығы болуы қажет. Егер екі адамның құндылығы әртүрлі болса, олардың жолы бір болмайды. Себебі біреуі мына құндылыққа, екіншісі ана құндылыққа жүгіреді. Отбасы да дәл солай. Егер отбасының белгілі бір құндылығы болса, онда қаржысын сол құндылыққа жаратуға тырысады. Бұл жерде айта кететін бір дүние бар, қаржы - ол құндылық емес, ол - құрал. Адам алдымен осыны түсініп алуы керек.
Қазір кішкентай балалар да ақшаның не екенін түсінеді. Үлкендердің көбі жастар ақша жайлы ештеңе білмейді деп ойлайды. Бұл пікірмен келіспеймін. Мысалы, студенттердің арасында жұмыс істеп, оқу ақыларын өздері төлеп жүргендер көп. Сол себепті қазір отбасында қаржы мәселесін ашық талқылау керек. Яғни алдымен отбасының құндылығын анықтап алу қажет. Соған сәйкес отбасының стратегиясы, мақсаты болады. Ақшаның соған бейімдеу керек.
- Демек отбасында қаржыны бір әмиянға жинау керек қой...
Бес саусақ бірдей емес. Әртүрлі отбасы бар. Менің тәжірибемде көп жағдайда менталитетке байланысты жағдайлар жиі кездеседі. Көбінде ортақ бюджет болады. Қаражаттарын бөлек-бөлек ұстайтын отбасылар да жоқ емес.
Менің ойымша, ортақ бюджет болғаны дұрыс. Өйткені отбасының әр мүшесі қаражатын жеке ұстаса, онда ауызбіршілік жоғалып, ортақ мақсат болмауы мүмкін.
- Қазіргі жастардың ақшаға деген көзқарасы қалай? Олар ақшаның құнын, қадірін түсіне ме?
Қазақта "ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" деген жақсы сөз бар. Бала отбасында қандай іс-әрекет моделін көрсе, өскенде сол әрекетті қайталайды. Бір студенттің кейсін мысалға келтірейін. Ол жазғы каникулға шыққанда шетелге барып демалып келген. Ол демалысқа өз ақшасымен барған. Қандай ақшаға шетелге шыққанын сұрағанымызда шәкіртақысын жинағанын айтты.
Қазір осындай кейстерді аудиториямен бірге талдаймыз. Ақшаны қалай жинағанын, қайда жинағанын, оны кім үйреткенін сұрап, әңгімелестік. Сөйтіп пікір алмасып отырып, студент қыздың анасы да осылай ақша жинайтынын білдік.
Қазір жастар өте креативті. Жұмыс істейтін жастар өте көп. Жобамызға қатысқысы келетіндері де жетерлік. Көбі жұмысынан босай алмай жатады. Олар ақша табуды енді үйреніп жатыр. Бірақ ақша табу бір бөлек, оны жұмсау мәселесі бір бөлек.
Депозитке ақша жинайтын студенттер де, тапқан табысын қайда жұмсағанын білмей қалатындар да бар. Мысалы, бір қыз болды. Екі жерден табысы болған. Бірі - шоколадқа қапталған құлпынай жасап сату. Табысы өте жоғары болған. Бірақ жинағы жоқ. Осы қыздың кіріс-шығысына талдау жасап көрдік.
Талдаған кезде артық шығындарды көп жасайтынын анықтадық. Жас қыз, оның үстіне студент болған соң неше түрлі киім алғысы келеді. Қазір бәріміз білетіндей, онлайн-дүкендер өте танымал. Бұл қыз да осы онлайн-дүкендерден ұсақ-түйек ақша деп тапсырыс жасай береді екен. Талдау кезінде осындай да мысалдар кездесіп жатады.
- Қаржылай сауатты болуға көбіне кім жиі жүгінеді?
"Қарызсыз қоғам" курсы 5 күнге созылады. Оған еліміздің 18 жасқа толған кез келген азаматы қатыса алады. Бұл әлеуметтік жоба болғандықтан, ол тегін өткізіледі.
Жобаның мақсатты топтарының қатарында бастапқыда мойнында қарызы, несиесі бар, борышкерлер тізімінде тұрған азаматтар болатын. Алайда тәжірибе бұл жоба тек борышкерлер мен әлеуметтік осал топтарға ғана емес, еліміздің барлық азаматына, яғни білімі барына да, білімі жоғына да, жұмысы бары немесе жұмысы жоғына да қажет екенін көрсетті. Себебі, адам аз болсын, көп болсын табыс табады. Ал оны үнемді, сауатты жұмсап үйрену бәріне маңызды.
Курстан өтуге әртүрлі сала мамандары келеді. Мысалы, өткен аптада мемлекеттік қызметшілер болды. Мұғалімдер де, әлеуметтік осал топтан шыққан азаматтар да, жұмыссыз азаматтар да, студенттер де – бәрі келеді.
- Сіздің ойыңызша, қазақстандықтар қаржылай сауатты ма? Ақшаларын басқара ала ма?
Елімізде сауатты азаматтар өте көп. Бірақ қанша оқу орнын аяқтасақ та, еш жерде “қаржылай сауаттылық” деген арнайы пәнді оқытқан жоқ. Ондай пән болған жоқ. Курсқа қатысушыларға осыдан бастап түсіндіремін.
БАҚ беттерінен халықтың миллиардтаған теңгеге тұтынушылық несие алғаны жайлы статистиканы көріп жүрміз. Тұтынушылық несиенің көп болуы халыққа қаржылай сауаттылықтың керек екенін көрсетеді.
Қаржыны қалай басқара алатынына қарапайым мысал келтірейін. Адам айына 200 мың теңге табыс табады делік. Енді осы тапқан 200 мың теңгесін бір айға жеткізетіндер аз. Ол бір айда 250 мың-300 мың теңге жұмсайды. Оны мен емес, курсқа қатысушылардың өздері айтып отыр.
Себебі курсқа келгенде қатысушылар кіріс-шығыстарын жазады, оны бәріміз талқылаймыз. Яғни олар өз табыстары мен шығыстарын есептеп, минусқа кетіп жатқанын көреді. Ол минусты қайдан алады? Қарызға алады. Келесі ай тағы алады. Сөйтіп ол үлкен несиеге айналады. Міне осыдан ақшаны басқара ала ма, басқара алмай ма, анық байқауға болады.
Ақшаны басқара алатын адам 100 мың теңге тапса да, кемінде 20 мың теңгесін бөлек алып қояды.
- Бірақ тұтынушылық несиенің өзін азаматтарымыз ойламай ала беретін сияқты... Мысалы, айлығы 200 мың теңге, бірақ 500 мың теңгенің телефонын ұстайды...
Иә, ондай кейстер де болған. Мысалы жалақысы 150 мың теңге, қолында соңғы үлгідегі IPhone.
- Азаматтарымыз трендті қуып, соңғы үлгідегі дүниелерді алуға неліктен құмар?
Мұны іс-әрекет экономикасмен байланыстыруға болады. Мұнда эмоционалды сатып алу деген түсінік бар. Яғни эмоцияға берілу. Мысалы, көрдіңіз, қызықтыңыз, алдыңыз. Яғни адам өз-өзін басқармайды, адамды оның эмоциясы басқарып тұр. Демек, қаржыны басқару, оны дұрыс жұмсай білу, қажетсіз затты алмау, ұсақ-түйекке жұмсамау – оның барлығы психологияға байланысты.
Өткен аптада мектепте жұмыс істейтін мұғалім келді. Оның жалақысы орташа. Ауылда тұрады. Балаларын апта сайын қалаға апарып, саябақтарда, аттракциондарда қыдыртады екен. Кемінде 50-60 мың теңге ақша жұмсайды. Яғни ол бір айлық жалақысын апта сайын балаларын қыдыртуға жұмсап отырады. Бұл азамат мұның себебін балаларының жұрттан кем қалмай өскенін қалайтынымен түсіндіреді.
Яғни менің ойымша, оның ойында балаларын апта сайын қымбат жерлерде ойнатып, балмұздағын әперіп, аттракциондарда ойнатпаса, балалары жұрттан кем болып өсіп жатыр деген түсінік бар. Оны оған ешкім айтып жатқан жоқ, ол оның өзінің түсінігі.
Иә, барлық ата-ана баласына ең жақсыны бергісі келетіні түсінікті. Қымбат нәрсені алып берген де жақсы. Бірақ мұндай нәрсені әркім жағдайына қарай жасауы керек. Яғни көрпеңе қарай көсілу керек деп есептеймін. Бірақ қарызға батып, несиеге кіру дұрыс емес. Баланың болашағы, оның оқуы бар. Оны да ойлау қажет.
- Балаға қаржылай сауатты болуды неше жастан үйреткен жөн? Оны балаға қалай үйретеміз?
Қарапайым мысалмен түсіндірейін. Бала болған соң ананы алып бер, мынаны алып бер дейтіні түсінікті. Оның үстіне дүкенге кіргенде бүкіл тәтті баланың бой деңгейінде тұрады. Сөйтіп бала дүкенге кіргенде өзі қалаған затын алып жүреді. Мұны болдырмас үшін баланы 5-6 жасқа келгенде қаржылай сауаттылыққа үйрете бастау керек.
Мысалы, әр баланың арманы болады. Телефон немесе самокат, велосипед алғысы келеді. Яғни балаға кішкентайынан қаржылық мақсаттың не екенін үйрете бастау керек. Балаға ақша жинайтын құты беріп, мақсатына ақша жинату қажет. Демек дүкенге кіргенде қолындағы 1000 теңгеге чипсы алғанша, оны армандаған велосипедін алуға құтысына жинауға ойландыру керек. Осы кезде баланы тәжірибе жүзінде ақша үнемдеп, оны жинауға үйретесіз.
- Тойды несие алып жасап, қарызға бататындар ше? Бұған көзқарасыңыз қалай?
Иә, тойды несиеге жасайтындар да аз емес, бар. Менде мынадай бір кейс болды. Зейнет жасындағы кісіге мақсатсыз несие алуға болмайтынын түсіндіріп отырсам, ол маған жеке басына қатысты сұрағы бар екенін айтып, сөзімді бөлді. Сөйтіп маған “Айналайын, сен Астанадан келдің ғой. Маған кредит бермей жатыр. Миллион теңге ақшам бар. Енді маған 2-3 млн теңге кредит керек болып тұр. Маған кредит алып бер” дейді.
Несиенің неге қажет екенін сұрағанымда баласын үйлендірмекші екенін айтты: “Екі баламды үйлендірдім, үйленбеген тағы бір балам бар. Соны үйлендіруге, тойға кредит керек”. Көкеміз осы өтінішін жайбарақат, заңдылық сияқты айтып отыр.
Кейін мен қолындағы миллион теңгеге ауласына шатыр орнатып, той жасауды ұсындым. Бірақ атамыз ұят болады деп ойлап отыр. Міне, көрдіңіз бе, біздің менталитетте “ұят болатын шығар” деген түсінік қалыптасып қалған. Осы жерде “Кімнен ұят? Неден ұят?” деген сұрақ туындайды.
Мысалы, сондай несиені алып, той жасағаннан кейін бала-шағасы келіспей жататын кездер болады. Неге? Себебі, олар жаңа ғана шаңырақ құрған отбасы. Жастары небәрі 20-25 жас аралығында ғана. Олардың кейбірінің әлі тұрақты жұмысы жоқ. Тұрақты жұмыс болғанның өзінде жалақысы 200 мың-300 мың теңгеден аспайды.
Қазір қымбатшылық кезеңі. Бәрі қымбат. 200 мың-300 мың теңгеге отбасын алып жүру қиын. Оған енді несиесі қосылады. Той 1-2 күнде өтті. Ал несиені бірнеше жыл бойы төлейді.
Осы жерде жаңадан түскен жас келін біреудің несиесін төлеуге келіседі деп ойлайсыз ба? Әрине, басында байқалмауы мүмкін. Бірақ кейін ортақ бюджет қалыптаса бастағанда қабағына кірбің түсіп жататын сәттер болатыны рас. Оны халық та жасырмай айтып жатады. Тіпті несие алып той жасап, кейін балалары бір жылдан кейін ажырасып кеткендер де бар.
Тойдан түскен ақшаға несиені жабамыз деп ойлайтындар да болады. Бірақ кейде той өзін-өзі ақтамай жатады.
Сондықтан қаржы сарапшысы ретінде “көрпеңе қарай көсіл” дегім келеді. Қаржылай сауатты, тіпті той жасауға шамасы келсе де оны артық шығын санап, жасамай жатқандар да бар. Әрине, той халқымыздың бойына сіңіп кеткен дәстүріміздің бірі. Десе де адам жағдайына қарауы керек.
- Қазақтар тез байып кетеміз деп, алаяқтарға алданып, бар ақшаларынан айырылып жатады. Қазір әлеуметтік желілерде “байытамын” деп семинарлар өткізетін блогерлер, коучтар көбейіп кетті. Мысалы маған маркетингтің құрбаны болмас үшін не істеу керек?
Алаяқтардың басты белгілерінің бірі – жарнамаларының жарқын болуында. Мысалы, “100 мың теңге салсаң, 200 мың теңге етіп береміз”, “миллион салсаң, 2 млн етіп беремін”. Біз курс өткізгенде ақша жинау мәдениетін, соның ішінде депозиттерді түсіндіреміз.
Сол кезде қандай пайыздық депозиттерге ақша салып, оны көбейтуге болатынын түсіндіреміз. Ал қысқа мерзімде “1+1 береміз” деген жарнамалардың жалған әңгіме екенін айтамыз. Себебі бізде қаржы сарапшылары өте көп. Егер ақшаны сондай жолмен оңай табуға болса, онда қиын жұмыс істеп жүрмес едік.
Алаяқтарға алданып жатқандар көп. Халық сенгіш. Халық оңай ақша тапқысы келеді. Біз алаяқтардың әрекетін мысалдар, видеолар арқылы көрсетеміз.
- Адамдар несиені көп алады деп жатырмыз. Негізгі бөлігі тұтынушылық мақсатта. Бірақ қайта-қайта несие ала беретіндер де бар. Яғни несие алу – ол тәуелділік пе?
“Әдет күші” (“Сила привычки”) деген кітап бар. Осы кітапта күнделікті өмірдегі әдеттеріміз жайлы жазылған. Біз өміріміздің 70-80 пайызын әдетпен өткіземіз. Мысалы, таңертең тұрамыз, жуынып, асымызды ішеміз – мұны бәрі автоматты түрде қалыптасып қалған әдеттер.
Енді егер тәртіпке шақыратын әдеттер болса, нұр үстіне нұр болар еді. Көп адам қалыптасып қалған, үйреншікті әдетпен ғана жүреді. Осы себептен де көбі өмірін өзгертпейді. Несие де дәл солай. Бір несие алады. Басында 50 мың теңгеден, 100 мың теңгеден бастайды. Сөйтіп-сөйтіп көбейтіп жібереді.
Осылайша халық өз араларында “Несиесіз өмір жоқ қой” дегенді шығарып алған. Тіпті “несиесіз өмір сүре алмаймыз” дейтіндер де жоқ емес. Яғни мұны тәуелділік, әдет десек болады. Иә, араларында ақша жетпегендіктен несие алатындар да болады.
Өздері айлығын шайлығына әрең жеткізіп отырса да, несиеге бір баласына ведосипед, екінші баласына смартфон әперетін ата-аналар да бар. Тіпті тамағына ақшасын әрең жеткізіп отырса да, соңғы үлгідегі IPhone ұстап отырады. Бұл тағы – ойлау мәселесі.
- Қазір тауарды бөліп төлеуге беретіндер де көп. Мәселен шотында ақша бола тұра бөліп төлеудің ыңғайлы екенін айтып, несие рәсімдеп жатады. Мысалы киім-кешек, азық-түлік...
- Иә, бұған екі түрлі пікір бар. Оны үнемі айтып отырамын. Бұл адамның өзінің таңдауы. Мысалы, бөліп төлеген кезде адамдар ешқандай пайыз төлемеймін деп ойлайды. Айталық, 240 мың теңгенің ноутбугы тұр делік. Оны бөліп төлеуге алғыңыз келсе, онда 240 мың төлейсіз. Яғни мен 24 айға бөліп төлеп аламын. Бірақ дәл осы ноутбуктың басқа дүкендегі құны 240 мың теңгеден арзанырақ болуы мүмкін. Яғни оны басқа дүкендердегі бағасын салыстырып, қолма-қол ақшаға алсаңыз, ақша үнемдер едіңіз.
Енді мынадай пікір бар: адамдар оны 240 мың теңгеге алғанша, бөліп төлеп алып, керісінше қолындағы ақшасын депозитке салып қойып, жылдық пайызын көбейтіп аламын дейді. Осы екі тәжірибені айтып, таңдауды азаматтардың өзіне беремін.
- Тез байып кетудің жолы бар ма? Жалпы ол мүмкін бе?
Тез байып кету адамның жеке өзіне байланысты. Тез деп айту орынды болмас. Еңбек ету керек. “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей”. Әр адамда табыс көзі болуы керек.
Кейде курсқа келген адамдар табысы аз екенін айтып шағымданып жатады. Кейбірі түске дейін ғана жұмыс істеп, 100 мың теңге айлық алатынын айтады. Алайда қазір жұмыс істеймін деген адамға табыс табудың жолы көп. Тіпті ауылдық жерлерде тұратын әйелдер түрлі бәліштер пісіріп, сүт, қаймақ сата алады. Еркектер де қосымша табыс көзін табуы керек.
- Иә, байығың келсе, тынбай еңбек ету керек. Ал баланың ата-анаға қаржылай тәуелді болғаны дұрыс па?
Ата-ана 18 жасқа дейін баласына жауапты. Орта білімін алып береді. Кейін шамасы келсе, университетке оқуға түсіреді. Ал 30-40 жастан асқан азаматтың ата-анасының мойнында отырғаны, әрине дұрыс емес. Ешкім ешкімге қаржылай тәуелді болмауы керек. Ата-ана балаға, бала ата-анаға.
Қазір студенттердің өзі бос уақытында жұмыс істеп, оқу шығындарын өздері төлеп жүр. Мұндай студенттер өте көп. Бұл дұрыс тенденция.
Иә, 30-40 жасқа келсе де, әке-шешесінің зейнетақысына қарап отырғандар бар. Бұл – дұрыс емес. Бірақ керісінше, бала-шағасын несиеге батырып отырған ата-аналар да жоқ емес. Халық арасында жүргенде мұндай жағдайларды көрдік. Сондықтан ешкім ешкімге тәуелді болмағаны дұрыс.
- Қаржы сарапшысы ретінде азаматтарға қандай кеңес айтар едіңіз? Мүмкін оқуға ұсынар кітаптарыңыз бар шығар...
Кітап оқуға кеңес беремін. Мысалы, “Сила привычки”, “Самый богатый человек в Вавилоне”. Бұл кітаптар ақшаны қалай жинауға болатыны жайлы түсіндіреді.
Сондай-ақ эмоциялық сатып алуларды болдырмау үшін “72 сағат ережесін” ұстануға кеңес беремін. Яғни бір затты көрсеңіз, оны сол мезетте сатып алмау керек.
Мысалы, сөмкені көріп, қызықтыңыз. Оны бірден алмаңыз, өзіңізге 72 сағат уақыт беріңіз. Бұл әдісті өзім де қолданамын. 3 күннен кейін қайта айналып келіп, сол затты алсаңыз, онда сізге шынымен керек болғаны... Ал 72 сағаттың ішінде оны ұмытып кетсеңіз, онда қажетсіз болғаны.
Ең негізгі лайфхак – кіріс-шығысты реттеу. Оны жазып отыру керек. Яғни кез келген табыс пен шығынды дәптерге жазып отыру қажет.
Сонымен бірге жоспар болуы керек. Яғни жоспар, мақсат құрып, болашақтағы шығындарға ақша жинауды бастау қажет. Мұндай жоспар болмаса, ақша ұсақ-түйекке кетеді. Мысалы, “День сурка” деген фильмді көрсеңіз, уақыт босқа өтіп жатады. Өмірі қайталана береді.
Тізім. Дүкенге тізіммен бару керек. Тізіммен барсаңыз, сізде нақты мақсат болғаны. Тізімсіз барсаңыз, маркетингтің құрбаны болуыңыз мүмкін.
- Алтынай Асқарқызы, сіздің 5 күндік курсыңыздан бір сағатта өткен сияқтымын. Сіз келтірген кейбір мысалдардан өзімді көргендеймін. Ақшаны ақылмен басқара білу бәрімізге қажет дүние екеніне тағы да көз жетті. Уақыт бөліп, өте өзекті ақпарат бергеніңізге алғыс айтамын.