Ненің әділ, ненің заңға қайшы жасалғанын халық көріп отыр - Президент

15 Маусым 2022, 16:31
2054
Бөлісу:
Ненің әділ, ненің заңға қайшы жасалғанын халық көріп отыр - Президент

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. 

«Екінші Республиканың мақсаттарының бірі – әділеттілік, ендеше бір нәрсені алып алу және бөлу әділетті ме? Жаңа әділеттілікті іздеуде жаңа әділетсіздікке ұшырау қаупі жоқ па?» деп сұрады тілші сұхбат барысында.  

Әрине, ондай қауіп бар. Сұрағыңыздың астарын түсіндім. Оның үстіне, мен кезінде заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекет меншігіне қайтарумен айналысатын арнайы комиссия құрдым. Ондай активтер мемлекет иелігіне қайтарылады. Бұл жерде қандай да бір экспроприация жоқ. Мен «алып, бөліп беру» деген түсініктен аулақпын. Барлығы заң жүзінде жасалды, оның үстіне, ірі, орташа компаниялар заңнамамызға сәйкес жұмыс істесе, ешқандай экспроприация туралы сөз болуы мүмкін емес. Бұл қоғамда әлеуметтік тұрақсыздықты тудырады. Оның үстіне, адамдар бәрін көріп отыр. Біздің экономикамыз өзге елдердікіндей, мәселен, Ресейдікіндей үлкен емес. Біз ненің әділ, ненің заңға қайшы жасалғанын бірден аңғарамыз, - деді Мемлекет басшысы. 

Сондықтан бұл өте маңызды мәселе деп отыр. Ол біртіндеп іске асырылып, орындалып жатқанын алға тартты. 

Шетелге заңсыз шығарылған қаржылық қаражаттар мен активтерді қайтару бойынша ведомствоаралық комиссия құрдым. Бір-екі күннің ішінде оны жасау мүмкін еместігін түсінемін. Бәлкім, жылдар кететін шығар, бірақ бұл жұмыспен айналысуымыз керек. Ондай активтер заңға қайшы шетел асқандықтан ол өзінің заңды иесін табуы тиіс. Ал заңды иесі Конституциямыз бойынша халық болып табылады және халықтың атынан парламент пен халыққа есеп бере отырып, бүкіл активтерді мемлекет басқарады, - деп түсіндірді Президент. 

Өзгелердің жаңалығы