Неміс инвесторлары Таразда қоқыс өңдейтін зауыт салады

24 Қаңтар 2024, 19:48
420
Бөлісу:
Неміс инвесторлары Таразда қоқыс өңдейтін зауыт салады
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінен

Неміс инвесторлары Таразда қоқыс өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«AMK Global GmbH» неміс компаниясы Тараз қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуден өткізетін зауыт салуға ниетті. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен «ThiemeBieg & Associates GmbH» консорциумының бас директоры Тиме Торстеннің кездесуінде аталған жобаны жүзеге асыру мәселесі талқыланды.

Кездесу барысында инвесторлар компания туралы және жобалары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Тәулігіне 500 тонна қоқыс өңдеуге қуатты зауыт 100 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Компания жобаны іске асыру үшін 140 миллион еуро инвестиция салуды жоспарлауда. Мюнхен университеті әзірлеген озық технологияларды пайдаланатын «AMK Global GmbH» компаниясы қалдықтардың 80 пайызына дейін қайта өңдеуден өткізеді. Сондай-ақ, кәсіпорында қоқысты сұрыптау бойынша автоматты желі іске қосылады.

Бұдан бөлек, мұнда оттегі, азот, компост, көміртекті талшық және таза авиациялық отын секілді жанама өнімдер өндірісін жолға қою жоспарлануда.

Жалпы, кәсіпорынның қуатылығын кезең-кезеңмен арттыру полигондағы қалдықтарды тасымалдау мен оларды қайта өңдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Айта кетейік, неміс компаниясының өкілдері жұмыс сапары аясында облыс орталығындағы полигонға арнайы барып, танысып қайтты.

Ербол Қарашөкеев инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерді түсіндіріп, жобаның маңыздылығын атап өтті.

Қоқыс өңдейтін зауыт – өте маңызды нысан. Біз қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларды қолдаймыз. Ендігі мәселе – аталған зауыттың құрылысын тездетіп бастап, нақты іске көшу керек. Бұл ретте қала басшылығы пен салалық басқармалар компаниямен тығыз байланыста болып, жобаны толық сүйемелдеуді қамтамасыз етуі қажет, - деді облыс әкімі.

Өзгелердің жаңалығы