Әлеуметтік желілерде екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы таралып жатқан «некені тіркеу мерзімін ұзарту қажеттігі» туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Әділет министрлігі неке-отбасы заңнамасына сәйкес, неке бір рет тіркеледі және оның шекті мерзімі белгіленбейтінін мәлімдеді. Осыған байланысты Әділет министрлігі некені ұзарту талап етілмейтіндігін ескертеді.
«Неке ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің өтініші бойынша некені бұзу арқылы, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылуы мүмкін. Некені бұзу тек тіркеуші орган арқылы немесе сот шешімінің тәртібімен жүзеге асырылады. Некені бұзу тіркеуші орган арқылы мемлекеттік тіркелген күнінен бастап, ал сот тәртібімен бұзылған жағдайда – сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады», - дейді Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Ведомствоның баспасөз қызметі осыған байланысты азаматтардың назарын осындай хабарламалардың шындыққа сәйкес келмейтініне аударып, оларды көрсетілген сілтемелерге өтпеуге және дербес деректерді бөгде адамдарға ұсынбауға шақырады. Сонымен қатар, дұрыс әрі нақты ақпарат алу үшін ресми дереккөздерге жүгінуді сұрайды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында алаяқтық жолмен клиника директоры 66 млн теңге жымқырғаны анықталды.
Тағы оқи отырыңыз:
Астанада баспана кезегін «жылжытып беремін» деп адамдарды алдаған әйел ұсталды
Ақтауда Африкадағы алмазға сенген 1000-нан астам салымшы қаржы пирамидасына алданды
Астанада Түркияға виза «жасаған» ер адам ұсталды