Астанада көрнекті ғалым, фарабитанудың негізін қалаушы Ақжан әл-Машанидің туғанына 120 жыл толуына орай «Шығыстану мен жаратылыстану тоғысындағы Ақжан әл-Машани ілімі және қазіргі ғылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиынды Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасымен бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияның ашылуында Қазақстан Республикасы Вице-президенті Ерлан Қариннің құттықтау хаты оқылды.
Халықаралық басқосуға мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ Қазақстан, Иран, Түркия, Франция, Сирия және Өзбекстаннан келген ғалымдар қатысты. Қатысушылар Ақжан әл-Машани мұрасының қазіргі ғылымдағы орны, әл-Фараби еңбектерін зерттеу, шығыс қолжазбаларын сақтау және ғылыми айналымға енгізу, пәнаралық зерттеулер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелерін талқылады.
Конференция аясында тарих ғылымдарының докторы, профессор Задаш Оразғалиқызы Дүкенбаеваның жеке қоры ашылып, «Ақжан әл-Машани мұрасы: қолжазбалар мен ғылыми еңбектер шежіресі» атты көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ ғалымның өмірі мен ғылыми қызметіне арналған «Ғылыммен көмкерілген ғұмыр» және «Тұлға. Ғалым. Ойшыл» атты басылымдардың таныстырылымы өтті.
Жиын отандық және шетелдік ғалымдардың тәжірибе алмасуына, ғылыми байланыстарды нығайтуға және Ақжан әл-Машанидің бай мұрасын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.