Неге Қазақстандағы шағын және орта бизнес Өзбекстаннан қалыс қалып отыр?

16 Наурыз 2021, 18:26
1456
Бөлісу:
Неге Қазақстандағы шағын және орта бизнес Өзбекстаннан қалыс қалып отыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шағын және орта бизнес (бұдан әрі - ШОБ) ел дамуындағы негізгі рөл атқарады. Сол себепті бұл салаға барынша көңіл бөлген дұрыс. Коронавирус пандемиясы 2020 жылы ШОБ-тың дамуына кері әсерін тигізбей қоймады. Тіптен бұл салада еңбек етіп жүрген кейбір кәсіп иесі әлі де жұқпалы індеттің салдарынан зардап шегіп жатыр.

2021 жылғы қаңтар айының нәтижелеріне сүйенсек, елімізде белсенділігін тоқтатқан уақытша шағын бизнеспен айналысатындар саны 23,3%-ға көбейді. Ал жылына бұл көрсеткіш 120,5 мың компанияны құрайды екен. Осы ретте кәсіпкерлігімен белсенді айналысып жүрген кәсіпорындар саны өзгермеген (қаңтарда 0,4%, 159,7 мыңға дейін).

Қазақстанда көп жыл бойы ШОБ-ты дамытуға және қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар іске асырылып, түрлі шаралар қабылданып жатыр. Дегенмен айналымдағы ақшаның аздығы, ШОБ-қа берілетін қарыз мөлшерлемесінің жоғары болуы тәрізді мәселелер әлі де өзектілігін жоғалтпады. Премьер-министр баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы - 2025», «Еңбек» сынды мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бизнесті қолдауға 703 млрд теңге қарастырылған екен. Оның ішінде Ұлттық банк ұсынған арнайы бағдарламалар да бар.

Неге Қазақстандағы шағын және орта бизнес Өзбекстаннан қалыс қалып отыр?

2020 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша елдегі жалпы ішкі өнімнің ШОБ-қа тиесілі үлесі 30,5 пайызды құраған. Бұл ШОБ үлесі 50-60 пайызды құрайтын басқа дамыған елдермен салыстырғанда төмендеу көрсеткіш. Мәселен АҚШ-та жалпы ішкі өнімнің ШОБ-қа тиесілі үлесі 50%-ды құрайды. Сондай-ақ Ұлыбританияда – 51%, Германияда - 53%, Финляндияда - 60%, Нидерланд елінде - 63%-ды құрайды.

Алысқа бармай, Орталық Азия елдерін қарастыратын болсақ. Өзбекстанда ШОБ-тың ел экономикасына елеулі үлес қосатыны анықталды. Орта бизнес үлесін қоспағанда, елдің жалпы ішкі өніміне шағын кәсіпкерліктің қосатын үлесінің өзі 53,9 пайызды құраған. Қазақстанмен салыстырғанда, бауырлас елде бұл көрсеткіш көбірек екенін байқауға болады.

Осылайша Өзбекстанда ШОБ арқасында халықтың басым бөлігі жұмыспен қамтылып отыр.

Өзбекстан Республикасының статистика бойынша мемлекеттік комитетінің деректеріне сүйенсек, 2020 жылғы қаңтар-желтоқсанда жалпы жұмыспен қамтылғандар санының ішінде шағын бизнеспен айналысып жүргендер үлесі 73,8%-ды құрайтын көрінеді. Ал Қазақстанда 2020 жылдың үшінші тоқсанындағы деректерге сүйенсек, ШОБ-пен айналысып жүргендер үлесі 38,4 пайызды құраған.

Қазақстанда ШОБ-ты дамытуға көп ресурс жұмсалып жатыр. Болашақта бұл көрсеткіш дамыған елдердің көрсеткішімен теңеседі деген сеніміміз мол.  


Өзгелердің жаңалығы