Алматыда Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі енгізілуде

6 Қыркүйек 2020, 16:01
1408
Бөлісу:
Алматыда Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі енгізілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ержан Бабақұмаров НЗМ тәжірибесін Алматы мектептеріне трансляциялаудың постмониторингтік зерттеуін жүргізуді тапсырды.

Онлайн режимде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен «Назарбаев зияткерлік мектебі» Алматыдағы филиалының Қамқоршылық кеңесінің ұйымдасқан отырысы өтті. Жиынға сонымен бірге қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева қатысты. 

Отырыс барысында Алматыдағы НЗМ ағымдағы жұмыс көрсеткіштері, қаланың орта біліміне тәжірибемен бөлісу барысы, сонымен бірге оқушылардың білім беру жетістіктеріндегі бағалау бойынша PISA (Programme for International Student Assessment) халықаралық бағдарламасының нәтижелері және Алматы қаласы мектептерінің педагогикалық мамандарының кәсібилігін дамыту мәселелері қаралды. 

Физика-математикалық бағыттағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» Алматы қаласындағы филиалының директоры Жұлдыз Сүлейменова 2019-2020 оқу жылына арналған филиалдың жұмыс сараптамасымен мынадай негізгі кейстер бойынша баяндады: оқудағы жетістіктер, тәрбие жұмысы, мектеп түлектерінің ЖОО-на түсуі. Оқушылардың білім сапасы 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша 85,2 пайыздан 98 пайызға дейін жақсарған, 118 оқушы оқуды үздік белгісімен аяқтаған. 2020-2021 оқу жылына оқушылардың жеке дара оқуын одан ары дамыту, инженерлік лаборатория және «Ғарыш» лабораториясын құру, сонымен бірге, мұғалімдер құрамына қолдау жасау бойынша міндеттер қойылған. Қашықтан оқу аясында ағымдағы жылдың қазан айынан бастап, оқушылардың жеке траекториясын дамытудың онлайн платформасын енгізу жоспарлануда, - делінген ақпаратта. 

НЗМ-нің тәжірибесін Алматы мектептерінің оқу процесіне таратуға ерекше көңіл бөлінді. Бүгінгі таңда НЗМ филиалының тәжірибесі Алматыда қаланың 61 мектебіне таралуда. Алматы НЗМ ұйымдастырған семинарларға, вебинарларға және шеберлік сыныптарына мыңнан аса адам қатысқан. 

Қамқоршылық кеңестің II отырысын қорытындылай келе Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров НЗМ-нің жоғары көрсеткіштерін атап өтті. Барлық оқытушы құрамына алғысын білдірді. Ағымдағы жылы НЗМ-нің 3 мұғалімі қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен қолға алынған «Алматы жастары» бағдарламасы аясында баспанаға ие болған. Екінші кезең барысында мұғалімдер тарапынан өтініштер түскен.

Ержан Бабақұмаров Білім басқармасының басшылығына НЗМ Алматы филиалының оқушылардың жеке-дара нәтижесін жақсарту бойынша жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, қаланың жалпы білім беретін мектептеріне Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесімен бөлісу жұмыстарын масштабтауды, сонымен бірге қаланың орта мектептеріне тәжірибені имплементациялау және НЗМ стандарттары бойынша пәндерді үйретудің сапа динамикасы бойынша зерттеу жүргізуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы