Әлеуметтік желілерде Астанадағы Хайвилл тұрғын үй кешенінде екі шетел азаматы қару-жарақ арсеналымен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметті полиция растамады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түнде ҚР ІІМ Назарбаев Университеті маңындағы Хайвилл тұрғын үй кешені пәтерлерінің бірінде екі шетелдікті ұстады. Олардан қару-жарақ арсеналы, яғни мылтықтар мен тапаншалар табылды, – деп жазды Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.
Алайда елордалық полиция департаменті бұл дерек шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Әлеуметтік желіде таралып жатқан шетел азаматтарының қару-жарақ арсеналымен ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Тұрғын үйге белгілі бір заттарды кіргізу фактісі орын алғанын және ол жөнінде тұрғыннан хабарлама түсіп, оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел түрде жеткенін хабарлаймыз. Тексеру барысында жәшіктің ішінде тарихи және мәдени құндылығы бар антикварлық қару-жарақ заттары болғаны анықталды,-деді полиция.
Сондай-ақ сарапшылардың қорытындысына сәйкес, олар заманауи жауынгерлік қару санатына жатпайтынын айтты.
Тұрғындарға ешқандай қауіп төнген жоқ. Сонымен қатар аталған факті бойынша қолданыстағы заңнама аясында тексеру жұмыстары жүргізілуде, – деді ПД.
Айта кетейік, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 580 қару тәркіленді.