Наурызымда қорықшылар туралы фильм түсірілмек

27 Шілде 2021, 22:55
6201
Бөлісу:
Наурызымда қорықшылар туралы фильм түсірілмек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа кинотуынды Қостанай облысындағы Наурызым қорығында түсіріледі деп хабарлайды egemen.kz. 

Қорық директоры Дулат Қойлыбаевтың айтуынша, елімізде тұңғыш рет түсірілгелі отырған жаңа туындыға өмірін табиғат байлығын қорғау жолына арнаған қарапайым жандардың қажырлы еңбегі мен ерлігі арқау болады.

Білуімше, қазір киноны түсіруге дайындық жүріп жатыр. Фильмнің режиссері әрі сценариін жазған – Максим Акпаров. Жалпы, қорықшының әр күні қауіпке толы десек болады. Сондықтан бұл фильм шытырман оқиғаға толы болып, көрермендерін, әсіресе жастарды баурап алады деп үміттенеміз. Наурызым қорығында осыдан бір-екі жыл бұрын қызмет бабында жүріп екі қорықшымыз қаза тапты. Түсірілімі таяу күндері басталайын деп отырған кинофильмді сол кісілердің рухына қойылған  ескерткіш деп қабылдасақ артық болмайды, - деді Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының директоры.

Мемлекеттік тапсырыспен түсірілгелі отырған жаңа туындыға Ресей халық артисі Сергей Гармаш, өзбекстандық Сейдолла Молдаханов және Дәурен Серғазин, Жәнел Мақажанова, Нышанбек Жұбанов, Ержан Түсіпов, Төлепберген Байсақалов сынды елімізге танымал кино жұлдыздары шақырылыпты. Олардан І.Омаров атындағы Қостанай қазақ театрының әртістері де қалыс қалмаған.

Әріптестерім Азамат Чукеев, Төленді Әлқожа, Қуаныш Маратұлы, Нұрлыбек Кенжахметовтер кастингтен кедергісіз өтті. Олардың қатарында мен де бармын. Бұл елімізде түсірілейін деп отырған қорықшылар туралы тұңғыш фильм, сондықтан біздің ұжым үшін үлкен тәжірибе мектебі болмақ, - деді театр директоры Әлімхан Мырзахан.

Киноны түсіру жұмыстары 8 тамызда басталады.


Өзгелердің жаңалығы