Наурызды дұрыс тойлап жүрміз бе - Өлкетанушымен сұхбат

19 Наурыз 2024, 18:00
2693
Бөлісу:
Наурызды дұрыс тойлап жүрміз бе - Өлкетанушымен сұхбат
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Әз-Наурызды халқымыз кеңес кезінде қалай тойлаған? Ұлттық мереке неге науқанға айналып кетті? Наурыз мейрамы арқылы ұлттық құндылықтарымызды қалай нығайта аламыз? Осы тақырып аясында BAQ.KZ тілшісі өлкетанушы Ерлан Күзекбаймен сұхбаттасты.

- Наурызды жаңа жыл сияқты емес, жасанды түрде тойланады деген сын айтылып жатады. Биыл наурыз 10 күн тойланатындай етіп формат жасалды. Бұл мейрамға оң өзгеріс бере ме?

Көне сақ, түркілік заманынан бастап ұлан байтақ даламызда, табиғатпен санасқан көшпелі ата-бабаларымыздан бері күні бүгінге дейін жаңарып, жасарып келе жатқан Әз-Наурыз мейрамы туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Оның бәрін қайталамай-ақ қояйын. Иә, арада, сонау кеңестік кері заманда наурыз атаулыны 62 жыл бойы тұншықтырып, кеңестік құрамдағы бауырлас елдердің есінен жойғызуға тырысқан заманды да бастан кешірдік. Көпті көрген көнекөз зиялы қауымның арқасында 1989 жылы жариялық заманы орнағанда әупірімдеп қолға алына бастады. Халықтың қолдауына ие болып, сағына қауыштық. Алғашқы кезде табиғаты әрқалай әр өңір өзінің қалауына қарай, күн жылынып, қар еріп, жаймашуақ күндер басталған сәуір-мамыр айларында өткізу науқанға айналып еді. Күнде әр жерде, әр ұйым, мекемеде маусымның басына дейін наурыз мейрамы тойланып жататын. Мүмкін наурыз мейрамын қазіргідей дәл осы аталған күндері емес, әр ұйым, ұжым өзінің жағдайына қарай өткізіп жатқаны да қызық болатын сияқты. Өйткені, баршаға белгілі, біздің еліміздің арқа өңірінде, тіпті оңтүстік өлкемізден басқа бүкіл аймағымызда алты ай қыс, тіпті аталған мереке күндері қыс беті қайтпай, аяз ұрып, арасында қар жауып, бұрқасындатып тұратын уақыт. Сондықтан да еліміздің қыстың ызғарлы суық өңірлерінде наурыз мейрамын атүсті науқаншылдықпен өткізе салу орын алып жатқан жағдайлар баршылық. Оны өзіміз талай көрдік.

-Қандай кезде ата-бабамыз Наурыз мейрамын тойламаған?

Ертеде дәл осы өліара кезеңінде, яғни қыстың беті қайтпаған уақытта біздің ата-бабаларымыз наурыз тойын тойламаған. Енді күн мен түннің теңелген күні деп ырымдарын жасап, атап өткен болуы мүмкін. Бірақ біздің өзіміз көнекөз аталарымыз бен әжелеріміздің көзін көргендіктен, олардың айтуы бойынша арқада наурыз тойын қар еріп, күн жылынып, шөп шығып, ел жайлауына қоныстанып, малдарын өріске жамыратқан кезеңде салт-дәстүрге сай атап өтетінбіз деп еске алатын. Ауыл жұрты жиналып, қыстан қалған сүр еттерін шығарып, асып, қолдағы бар асы мен дәмдерін жайып, кәдімгідей тойға ұластыратын деп отырушы еді.

Содан кейін осы наурыз мейрамының жалғасы ретінде арқада «қымызмұрындық» аталатын дәстүр жалғасатын. Бұл да бір той болатын. Биелер сәуір-мамыр айларында құлындап болып, елдің ауызы аққа тиіп, қымыз ішу науқаны басталатын. Мұны ертеде ауқатты байлар ондаған биелерін сауып, сабаға жинап, арнайы мал сойып, оған сүр еттерін қосып асып, бүкіл ауыл жұртымен қатар көршілес жақын ағайындарды шақырып, ұлан-асыр тойға жалғастырады екен. Сонымен бірге аз ба, көп пе бие сауып, қымыз сапыратын кез келген үйдің өзі ағайын-туыстарын жинап, ет асып, қымыз ішіп, өздерінше тойлауы жалғасады екен. Бұл дәстүр өзіміздің туған жеріміз – Қарағанды, қазіргі Ұлытау өңірі жақтағы Жаңаарқа елінде әлі күнге дейін «қымызмұрындық» өткізу ұмытылмай жалғасып келе жатыр.

- Енді мейрамды 10 күн өткізу қолға алынып отыр. Бұл туралы ойыңыз қалай?

Биыл наурыз мейрамын 10 күн бойы өткізу қолға алынып отыр. Наурыздың 14-і Көрісу күнінен бастап 23-ші наурыз – Тазару күніне дейін түрлі атаумен атап өту дәстүрімізге енбекші. Әрине, құптарлық оң бастама. Бірақ расында осындай белгілі бір күнге өміріміздегі ұлттық құндылықтарымызды арнаудың пайдасы мен кері жақтары да байқалып қалуы мүмкін. Мәселен, 18-наурыз – Ұлттық киім күні дейміз. Сонда осы арнайы күн бір күнге ғана арналып тұрған сияқты. Бұдан соң ұлттық шапанымыз бен қамзолымызды бір күн киеміз де ертеңіне шешіп тастайтын сияқтымыз. Сол сияқты 16-наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күні осы ұлттық құндылықтарымызды насихаттау күні дейді. Сонда бір күн ғана насихаттау өткізіле ме деген ой ғой. Мұның бәрі біздің қазақ халқының бір күнмен шектелмей күнделікті өмірлік болмысына айналуға тиіс құндылықтар емес пе? Расында сұраққа орай осындай атаулы күндер бір күндік науқанға айналады да артынан үн-түнсіз жоқ болып кететіні бар. Мұның бәрі бір күндік насихат емес, халқымыздың өмір бойы ұстанып өтетін қағидасы болуы керек. Жоғалтқан мұраларымызды, салт-дәстүрімізді қалпына келтіру, жаңаша ұлттық тәрбиелік бастамаларға жол ашып, әр адамның жүрегіне терең бойлата беру негізгі мұратымыз болуға тиіс. Мұның бәрі біздің еліміздің күнделікті ұстанатын ұлттық идеологиясына айналуға тиіс. Нақты айтсақ біздің елде, халықты мақсат-мұратқа жеткізетін ұлттық идеология әлі жоқ. Егемендік алып іргелі ел болғалы халқымыз еш мақсат-мұратсыз өмір сүріп келеді. Әйтеуір халық өзінің тегін, салт-дәстүрін ұмытпай, сақтауға, дамытуға тырысқанның арқасында ғана осындай заманға жеттік. Дегенмен аталған бұл шаралардың бәрін науқаншылдыққа айналдырмау қажет. Бұл іс-шаралар күнделікті өмірімізде үнемі насихатталып, айтылып, жазыла беруі тиіс, бүкіл жерде, білім беру ұйымдарынан бастап, кез-келген мекеме, ұйымдарда осындай іс-шаралар өткізіле беруі керек. Осындай құндылықтарымыздың негізінде халқымыздың мақсат-мұратын көздейтін жалпыға ортақ заңды күші бар, жобалап айтқанда, мәселен, «Ұлттық ұстаным және халықтың мақсат-мұраты» деген сияқты мемлекеттік идеологиясын қолға алатын уақыт жетті.

- Мереке күнінің бірі ретінде Ұлттық спорт күні бекітілді. Сіздің ойыңызша, бұл күн аталған іс-шараны лайықты түрде дәріптей ала ма? Қазақ қандай жақсы дейтін ұлттық ойыныны ұмытып бара жатыр?

Наурыз мейрамының игілікті бір шарасы ретінде бұл да әлгінде жоғарыда айтқан ойыммен сабақтасып жатыр. Нақты ойымды айтар болсам, қазіргі кезде біздің елімізде Ұлттық спортты дамыту кенде қалып жатқан жоқ дер едім. Елімізде жалпы спорттың дамуы қалыпты жап-жақсы деңгейде деп айтар едім. Оған енді мемлекеттік деңгейде қомақты қолдау бар. Ал енді ұлттық спорт жайлы айтсақ та осындай мемлекеттік қолдауға ие болып келе жатыр. Ұлттық спорттың қай түрін алсақ та, ат жарыс бәйгелері, қазақша күрес, садақ тарту, жамбы ату, көкпар, теңге ілу, бүркіт салу және тағы басқа да осы сияқты ірілі-ұсақты ондаған дәстүрлі сайыстарымыз біршама жақсы жолға қойылып, еліміздің қай түкпірінде болмасын өткізіліп жатқаны белгілі. Халықаралық жарыстарға дейін шығып жатырмыз.

Ал енді қандай спорт түрі ұмытылып бара жатыр деген сауал бойынша мынаны айтар едім. Әсіресе, бүкіл қазақ баласы жастайынан асық ойынын қолға алып, өзінің спорттық жолын бастаушы еді. Асық ойынының да түрлері көп. Кейді еліміздің әр жерінде бастама көтерген ел ағалары жастарды, жеткіншектерді жинап, асық ойындарынан турнир өткізіп жатады. Бірақ осы спорт түрі әлі кең таралмай тұр, мемлекеттік деңгейге жете алмай тұр. Ұлттық спорт түрінің қүрамында да жоқ ау деймін. Міне, жастарға осы ойын түрін дамытып, елдік деңгейде қолға алса игілікті іс болар еді. Сонымен қатар осы асық ойынының бір түрі саналатын ірі малдардың (жылқы, ірі қара) сүйектерінің жіліншік, асықтарынан құралатын «Топай» деген ойын ойнаушы едік. Мұны қазір ауыл балалары да ұмыта бастаған сияқты. Міне, осы «Топай» ойынын да ұлттық спорттың бір түрі ретінде енгізу балалар мен жастардың қызығушылығын тудырар еді.

Сол сияқты «қамшыгер» деген де ойын бар еді. Яғни, қамшы тарту. Қатқан тулақ теріні қамшымен ұрып тілу. Кішкентай бала кезімізде біздің бір атамыз осыны бізге көрсетіп, тулақ теріні қамшымен тартқызып көрсетіп еді. Біраз сабалап ойнадық та содан қалды. Сонымен қатар тағы «Сабау қамшы» деген болады. Оның сабы қысқа, ал өрілген қамшы бауы ұзын болады. Бұл кәдімгі малшылардың мал айдайтын ұзын қамшысы. Осындай «қамшымен асық ату» деген ойын болған екен. Яғни, жаңағы топай асықтарды бір сызыққа араларын алшақтау етіп тігеді. Сосын оларды қамшыны сілтеп, ұшымен ұрып құлату керек. Міне бізде осы ойын ұмытылып барады. Бірқатар түркі халықтарында осы ойын бар екен әлі. Кәдімгідей жарыстар өткізіледі.

Міне, осы сияқты ұлттық ойындарымызды жаңғыртуға, оны дамытуға бүгінгі заманда мүмкіндіктер көп. Ең бастысы, нақты, іскерлік бастама мен бағдарлама қажет. Қалғанын жастар өздері іліп әкетеді. Осы аталған биылғы наурыз мейрамындағы әр күндік іс-шараларды насихаттау күні деп белгілеген екен. Алайда, бір күнде бір нәрсені насихаттау еш мүмкін емес. Бір нәрсені насихаттау әрқашанда ұзақ, өмір бойы жүргізіледі. Сондықтан осы аталған шараларымызды бір күндік насихаттаумен шектеліп қалмауға тиістіміз.

- Мейрам күндері арасында "Ынтымақ күні" бар. Елімізде мұндай іспетті атап өтетін күндер көп секілді. Сонда атаулы күнінің мағынасы қандай?

Рас айтасың, баяғы кеңес кезеңінен бері 1-мамыр еңбекшілердің ынтымақ күні деп мерекеледік, кейін өзіміз Қазақстан халықтарының бірлігі күні деп тойлап келеміз. Бұрынғы ынтымақ күні ұлттық қасиетіміз аға ұлттан төмен болса да әртүрлі ұлттармен жақын болу мағынасында достық мерекесі ретінде айтылатын. Әрине, бүгін де осы мәнде түсінген дұрыс. Бірақ біз қазір қандай ұлтпен болсын тереземіз тең, кеудемізді кімге болсын кере алатын жағдайға жеттік. Әрине, кіммен болсын, қай халықпен болсын ынтымақ, бірлікте өмір сүру өмірлік парыз деп санау керек.

Біздің қазақта бір қағида болып қалған «Береке, қайда барасың? деп сұрағанда ол «Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген мәні терең сөз бар. Біздің ата-бабаларымыз осы қағиданы үнемі есте ұстап келген. Яғни, ел мен елді, ру-тайпалар мен ұлыстардың басын қосу үшін осы қағиданы кеңінен қолданған. «Ынтымақ бар жерде бірлік бар» деп халықты бір болуға, тұтастыққа шақырған. «Бөлінгенді бөрі жейді», «Бас біріксе бір дастарханнан дәм жейді» деген сияқты ынтымақ-бірлік жайлы мақал-мәтелдер қазақтың күшін біріктіруге, мықты болуға шақырған идеологиясы болған. Әрине, бұл да бір күнде атап өте салатын шара емес. Бір күнде «ынтымақтың» не екенін жеткізе де алмайсың. Бұл да адам баласын өмір бойына толғандырып келе жатқан мәселе. Адам баласының ынтымағы жоқ жерде бірлік болмайтыны белгілі, ол алауыздыққа, бірі-бірін жек көрушілікке, көре алмастыққа, ашу-ызаға жеткізіп, ақыры соңында қырғын соғысқа дейін апаратын құбылыс екені баяғыдан танылған. Сондықтан да «Ынтымақ» идеологиясы әрқашанда елдің, мемлекеттің бірінші орынға қоятын мәселесі болып саналады. Еліміздің береке-бірлігі, тату-тәтті өмір сүруі үшін адамдар арасында да, ел мен ел арасында да ынтымақтастық керек. Бұл аталы сөз де бір күнде айтылып, атап өтілетін шара емес, қай халықтың болмасын өмірлік кредосына айналған. Ал қазіргі ел ішіндегі «ынтымақ» қазақ халқымыздың бірлігі мен тұтастығы үшін жоғарыда айтқан қағидамызға сай «берекелі де, күшті, қуатты, гүлденген ел болуымызға негіз бола алады.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы