Наурызда елімізде не қымбаттады?

4 Сәуір 2023, 11:02
605
Бөлісу:
Наурызда елімізде не қымбаттады?
Фото: abai.kz

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы наурыз айындағы бағалар статистикасын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Статистика бюросы таратқан мәліметке сәйкес, тұтыну бағаларының индексі 2023 жылғы наурызды 2023 жылғы ақпанмен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа төмендеп, 0,9% болды. Азық-түлік тауарларының бағасы – 1,1%, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер 0,8%-дан өсті.

Азық-түлік тауарлары арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен, наурызда қызанақтар – 12,7%, тәтті бұрыш – 4,9%, қырыққабат – 4,5%, қызылша 3,6% қымбаттаған. Бағаның өсуі күрішке – 3,4%, салқындатылған сусындарға – 3,3%, майлылығы 2,5% айранға – 3,0%, ультрапастерленген сүтке – 2,8%, банандарға – 2,2%, сиыр етіне және қышқыл сүт өнімдеріне – 2,1%-дан, сары майға – 1,4%, кептірілген жемістер мен жаңғақтарға, кондитерлік өнімдерге 1,3%-дан байқалды. Қиярлар – 7,3%, қант – 2,1%, қарақұмық жармасы 2,0% арзандады, - делінген хабарламада.

Азық-түлік емес тауарлардың ішінде наурызда бағаның ең көп өсуі жиһаз және үйге қажетті заттарға – 2,3%, жеке қолданылатын тауарларға 1,3% байқалды. Мәселен, өткен аймен салыстырғанда электр аспалы шамы – 4,3%, кілем – 2,5%, диван-төсек – 2,4%, орындық 2,2% өсті. Жеке қолданылатын тауарлар ішінде дезодорант – 2,5%, дәретхана қағазы – 1,9%, иіс сабын – 1,7%, тіс щеткасы – 1,5%, шашқа арналған бояу 1,3% қымбаттады.

Қызмет көрсету бойынша бағалардың өсуі денсаулық сақтау қызметтеріне 1,7% байқалды. Стоматологиялық қызметтер – 1,8%, медициналық зертханалар қызметтері 1,1% қымбаттаған. Бағаның жоғарылауы жолаушылар темір жол көлігі қызметтеріне – 3,7%, шаштараздар мен сұлулық салондарына – 2,5%, тұрғын үй-жайларды жөндеу және қызмет көрсетуге 0,7% тіркелген.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Алматы облысында – 1,5% (орташа республикалық деңгейден 0,6 п.т. жоғары), ең төменгі – Астана қаласында 0,4% тіркелді.

Өңірлер бойынша азық-түлік тауарларының бағалары ең жоғары Алматы облысында – 2,2%, азық-түлік емес тауарлар – Маңғыстау және Қарағанды облыстарында 1,1%-дан, ақылы қызметтер Түркістан облысында 2,0% өсті.

2023 жылғы наурызда жылдық мәнде инфляция деңгейі 18,1% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 20,5%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 18,1%, ақылы қызметтер 14,4% өсті.

2022 жылғы наурызбен салыстырғанда шақпақ қант – 77,0%, кір сабын – 73,3%, кеңсе тауарлары – 72,8%, балалар сабыны – 55,6%, басты пияз – 55,1%, ыдысты жууға арналған құралдар – 53,9%, кептірілген өрік – 53,6%, дәретхана қағазы 49,5% қымбаттады. Керісінше, жылдық мәнде қырыққабат 51,1% арзандады.

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.

Бюро ай сайын инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткішін есептейді. Біз жалпы алғанда 508 позиция бойынша қызметтер мен тауарлардың тарифтер мен баға өзгерісін бақылаймыз. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі, – деп түсіндірді бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.

2023 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 41,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 29,6%, ақылы қызметтер 28,6% құрады.

Өзгелердің жаңалығы