Наурыз нағыз халықтық мерекеге айналды – Балаева

22 Наурыз 2023, 13:13
1194
Бөлісу:
Наурыз нағыз халықтық мерекеге айналды – Балаева
Фото: gov.kz

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жыл басы – Наурыз халқымыз әр жылда асыға күтетін ұлттық мейрам, шуақты мереке. Көктемнің осы жайлы кезінде табиғат қана түрленбейді, адамдар да өзара ынтымақ-бірлігін арттырып, өкпе-реніші болса кешіріп, бірі-бірімен жаңаша қатынас бастайды. Сондықтан бұл өткенге деген – қанағат пен сабырды, бүгінге деген – бірлік пен берекені, ертеңге деген – үміт пен сенімді нығайтып, жақсы тілектерді бір арнаға тоғыстыратын шақ, - деді ол. 

Аида Балаеваның ойынша, Наурыз ұстаған дініне, тіліне, ұлтына қарамастан еліміздегі барша этносты біріктіретін нағыз халықтық мерекеге айналып, кеңінен тойланып жатыр. 

Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары бұл мерекемен Қазақстан азаматы ғана емес, бала өсіріп отырған ана ретінде де құттықтап, бүкіл әлемге тыныштық тіледі. 

Қатардағы азаматы ретінде де, бала өсіріп отырған ана ретінде де бүкіл әлемде бейбітшілік пен бірліктің, тұрақтылық пен тыныштықтың орнауын тілеймін. Лайым, еліміз аман, заманымыз тыныш, береке-бірлігіміз мәңгілік болсын. Жақсылықтың жаршысы – Әз-Наурыз еліміз үшін, кең-байтақ жеріміз үшін құтты болып, әр шаңырақтың ырысы мен берекесін арттырып, ырыздық, несібесін толтыра берсін, - деді ол.  

Өзгелердің жаңалығы