Наурыз мейрамы: Бұл қандай мереке?

19 Наурыз 2024, 10:18
1510
Бөлісу:
Наурыз мейрамы: Бұл қандай мереке?
Фото: pixabay.com

ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директорының орынбасары, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Шолпан Жаманбалаева Наурыз мейрамының мән-мағынасын түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Наурыз қандай мейрам?

Көктем мерекесі – Наурыз мейрамы ел өміріндегі маңызды оқиға. Бұл табиғи ғана емес, рухани жаңарудың, халқымыз және жалпы адамзат үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылуының символы.

Наурыз мейрамы адам өміріндегі жасампаздыққа – өмірдің бастауына, шынайы махаббат пен шынайы достықтың салтанатына арналған айырықша мереке.

Тарихшы және шығыстанушы Шайзада Тоқтабаеваның «Қазақ әдебі» кітабында «мерекенің лейтмотиві - адамның жасампаздық, денсаулық және өмірдің өркендеуі идеяларына кие қасиет дарытқан түрде бет қоюы» деп атап өтуі кездейсоқ емес. Бұл іс-шара адамдарға өмірдің өткен шағындағы сана-сезімде қордаланған барлық теріс және жағымсыз нәрселерді түгелдей ескі жылда қалдыру керек екенін және жаңа жылдың басталуымен Шығыс халқының руханиятының негізі болып табылатын жарқын, жағымды және қуанышты ізгіліктерге ұмтылу керек екенін еске салады, - дейді сарапшы.

Шолпан Жаманбалаеваның ұлттық мерекенің атауына келетін тоқталып өтті. Ол ежелгі ирандық екі сөзден шыққан: “ноу” — “жаңа” және “роуз” — “күн”.

Алайда, зерттеушілер бұл атаудың парсы тіліндегі — “жарық” немесе “сәуле” ұғымынан шығуы мүмкін екенін атап өтті, осыған орай бұл мереке басқа нышандық сипат алып, “жаңа нұр” деген терең рәміздік мәнді иеленеді. Наурыз мерекесі жайлы түсініктерінде әрбір ұлттың өзіндік дәстүрлі этно-мәдени семантикалық ұғымдарына байланысты өзіндік ерекше дүниетанымы бар. Осыған сай, Жаңа жылды қарсы алу аспан денелерінің жаңаруының жаңа циклінің астрологиялық басталуымен сәйкес келеді, - деп айтты сарапшы.

Наурыз мейрамы метаэтикалық және гуманистік мәнге ие, сонымен қатар, табиғатқа және қоршаған әлеуметтік әлемге деген қамқорлықты және олармен үйлесімді шығармашылық өмірді терең бейнелейді. Шығыстың ең көне мерекесі шамамен 5 мың жыл бұрын пайда болды. Көктемгі күн мен түннің теңелуіне орай Зороастризмнің қасиетті кітабы “Авестада” жаңа жылдың басталуы мәртебесіне ие бұл мерекені тойлаудың заманауи рәсімдерінде ішінара сақталған шығармашылық өмір күшіне ие отты киелі деп санайтын ғұрыптар да көрініс береді.

Шығыс елдерінде исламның таралуымен ежелгі халықтық мейрам белгілі бір дәрежеде заңдастырылды: діндарлар мешітте намаз оқиды, қасиетті жерлерге барады. Алайда, бұл мереке терең діни бағдарланбаған және негізінен табиғи құбылысқа, Ғарыштағы өзгерістер цикліне арналған. Ғарыш заңдары адам өміріне енеді, сондықтан біз ғаламның даму заңдарын міндетті түрде құрметтеуіміз керек. Бұл тұрғыда Наурыз мейрамы – жалпыадамзаттық мереке ғана емес, жалпы Ғаламдық мереке, - деп түсіндірді ол.

“Наурыз ұзақ уақыттан бері ұлттық мереке ретінде танылған жоқ”

Шолпан Жаманбалаева атап өткендей, Наурыз ұзақ уақыттан бері ұлттық мереке ретінде танылған жоқ, тек 1991 жылы ғана ресми түрде мойындалды: Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 22 наурыз көктемнің мейрамы - Наурыз ұлттық мерекесі күні деп жарияланды. Ал 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мерекеге айналып, Қазақстан Республикасының мерекелер тізіміне енгізілді.

Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев Наурыз мейрамының терең қасиет-киесін өз сөздерінде бірнеше рет атап өтті: “Наурыз мейрамы! Наурыз жаңару мен қайта туылуды, өркендеу мен бірлікті білдіреді. Жылдың осы мезгілінде күн мен түн теңеседі, табиғат оянады. Сондықтан ата-бабаларымыз ежелгі дәуірден бастап осы жарқын көктем мерекесіне ерекше мән беріп, оны “Ұлыстың ұлы күні” деп атаған. Ол ұлттық дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызда берік сақталатын қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің құндылықтарына негізделген мейрам. Ежелгі дәуірден бастап экологиялық білім Наурыз мейрамының рухани, моральдық, ұлттық және тәрбиелік мазмұнының ажырамас бөлігі болып қала беретінін атап өткен жөн, - деді сарапшы.

Жаңа жылды тойлау дәстүрлерін салыстыра отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлы: “Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін” деген болатын.

Шығыс халықтарының дүниетанымында наурыз айында жаңа өмір басталады, күннің шуағы қоршаған ортаны нұрландырады, табиғаттың жаңарып, жандануымен адамға жаңа көзқарас пен тың серпіліс беріледі, барлық қиындықтар жойылады, адамдар арасында жақсы, жаңа қарым-қатынастар мен жаңа құндылықтар орнатылады. Зороастризм Шығыс халықтарының ортақ мұрасы болғанымен, оның түркі елдерін байланыстыратын рухани құндылықтары түркітілдес мемлекеттердің шоғырлануы мен интеграциясы дәуірінде терең мәнге ие.

“Наурыз мейрамын тойлау Көрісу күнінен басталады”

Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлаудың Батыс Қазақстандағы түрі – “Көрісу” соңғы жылдары бүкіл ел бойынша тамыр жайып келеді. Сонымен, 14 наурызда қазақстандықтар Көрісу күнін атап өтеді - басқаша айтқанда, Амал фестивалі. Қазақ тіліндегі “Көрісу” сөзі “табысу” немесе “жүздесу” дегенді білдіреді. Бұл күні тұрғындар бір-бірін көктемнің сәтті басталуымен құттықтайды, қол алысады, жақсы тілектер айтады, туыстарымен және достарымен кездеседі. Елдегі Наурыз мейрамын бейресми тойлау Көрісу күнінен басталады, - профессор Шолпан Жаманбалаева.

“Наурыз күндері” аясында бизнесмендер, филантроптар, қоғамдық ұйымдар мен еліміздің мекемелері балалар үйлеріне, аз қамтылған отбасыларға, қоғамның әлеуметтік осал топтарына көмектесіп, қайырымдылық шараларына назар аударуы керек. Қазақстанның белсенді жастары осы игі мақсатта бірігіп, Наурызды жаңа, шығармашылық жолмен тойлау үшін еріктілер корпусына жұмылдыруы керек. “Университеттің үздік оқытушысы” және “Жылдың үздік ғалымы” байқауының жеңімпаздары, сондай-ақ жыл сайын қыс айларында марапатталатын әдебиет және өнер қайраткерлері үшін Президенттік және мемлекеттік стипендиялар тапсыруды “Наурыз мейрамы” мерекесін атап өту кезеңіне ауыстыруға болады.

Наурыз мейрамының шығу тегі, тарихы мен дәстүрлерін ортақ түркі халықтарының құндылығы ретінде зерттей отырып, Наурыз мейрамын қазіргі қазақстандық қоғам үшін қолайлы жағдайда біртіндеп тиімді жүзеге асыру қажет. Наурыз мерекесінің кезеңдерін іске асыру шашыраңқы күйінде қалмай, жүйелі мақсатпен жүзеге асырылып, оны қалыптастырудың нақты міндеттерін анықтау маңызды. Қоғам мүшелерінің этникалық мәдениеттің нағыз патриоттарының күш-жігерін қолдайтындығына сай, мемлекетіміздің барлық тұрғындарын біріктіретін ұлы ұлттық мерекенің ішкі мазмұны бағаланады.

Сауалнама: Наурыз тұрғындар үшін қандай мереке?

“АСТ Қазақстан” ғылыми-консалтингтік кампаниясы 2017 жылы Алматы қаласы тұрғындарының Наурыз мерекесіне деген көзқарасы бойынша қызықты әлеуметтанулық сауалнама жүргізілді. Оңтүстік астана тұрғындарының басым көпшілігі - 91% үшін Наурыз мейрамы — көптен күткен мереке. Зерттеу нәтижелері бұл көктемнің мерекесі шынымен де ұлттық маңызы бар екенін растады, қазақстандықтардың 95%-ы, орыстардың 89%-ы және басқа ұлт өкілдерінің 75%-ы оны атап өту ниеті туралы айтты.

Мен он жылдан астам уақыт әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры қызметін атқарып, жастармен жұмыс істеуге жауапты болдым. Барлық мерекенің ішінде оқушылар әсіресе Наурызды жақсы көріп, оған ықыласпен дайындалады деп айта аламын. Университеттің ректорлары, декандары, профессорлары, оқытушылары, қызметкерлері бастаған университеттің барлық қызметкерлері Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алдындағы алаңға жиналып, барлығы бірге осы мерекені ерекше достық пен бірлік атмосферасында қарсы алады. Ұлттық киімнің сән беруімен бұл күні мейрамға қатысушылардың айырықша әдемі болғанын ерекше атап өту керек. Ұлттық киімдердің саналуандығы, әйелдер мен ерлердің камзолдарының, шапандардың, зергерлік бұйымдардың түстері оның ерекше сұлулығына таңданып, қуанышқа бөленді, - дейді сарапшы.

Сонымен қатар, әрқайсымыз бұл сұлулықты тек мереке күндері ғана киюмен шектелмеуді армандадық. Осы тілекпен ұласа отырып, Мемлекет басшысы өткен жылы Ауызашарда: “Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы, ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты” деп пікір білдірді.

Біздің ұлттық киімдеріміз заманауи дизайнға бейімдеу мүмкіндігі бар, сондықтан әркім оларды жаңа стильде және мақтанышпен кие алады. Әсіресе қазіргі заманғы цифрлық технологияларды қолданып, ұлттық киім дизайнерлері ұлттық нақышты жаңаша сән өнерін өмірге енгізе алады. Сондықтан гүл ұсыну, ұлттық тағамдарды ұсынудың көркемдігін дамыту, қолданбалы өнердің әдемі үлгілеріне сұраныс туғызу және Наурыз мерекесіне баса назар аударатын кәдесыйлар жасау - ысырап емес, ұлттық экономиканы дамытудың қозғаушы күштерінің бірі, - дейді ол.

2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мерекесі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне әлемнің 76 басқа материалдық емес мұра нысандарымен бірге енгізілді. 2010 жылдың 23 ақпанында БҰҰ Бас Ассамблеясының “Бейбітшілік мәдениеті” 64-ші сессиясының күн тәртібі шеңберінде қарар қабылданды, оған сәйкес 21 наурыз Халықаралық Наурыз күні деп танылды. БҰҰ мәліметтері бойынша Наурызды бүкіл әлем бойынша 300 миллионнан астам адам атап өтіп, мереке адамдарды біріктіріп, көптеген жағымды эмоциялар мен жақсы көңіл-күй сыйлайды. Наурыз әлемдік өркениеттің танымал бір белгісі болды және біздің Жаңа жылымызды атап өтіп жатқан қазақстандықтар біздің планетамыздағы ең жарқын мерекелердің бірін халықаралық деңгейде мерекелеуге толыққанды қатысқанымызды мақтан тұтады.

Өзгелердің жаңалығы