Наурыз мерекесіне орай Абай облысында 500-ден астам іс-шара өтеді

16 Наурыз 2023, 21:18
913
Бөлісу:
Наурыз мерекесіне орай Абай облысында 500-ден астам іс-шара өтеді
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Наурыз мерекесіне орай Абай облысында 500-ден астам іс-шара өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Мерекелік іс-шаралар әртүрлі форматта өтеді және олардың әрқайсысы салт-дәстүрді жаңғыртуға, рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталатын болады. 

Наурыз – халқымыз үшін маңызы жоғары мереке. Біз ең алдымен Наурыз мерекесін тазалық пен қоршаған ортаға қамқорлық мерекесі ретінде бекітеміз. Осыған орай жалпыреспубликалық «Таза табиғат» акциясы басталады. Өйткені Наурыз татулықтың ғана емес, жаңарудың да мерекесі. Жоспарда 500-ден астам іс-шара қарастырылған, оның 50-і негізгі іс-шаралар тізіміне енгізілген. Олардың барлығы жаңа концептуалды тәсілдерге сәйкес әзірленген. Сонымен қатар қаланың түкпір-түкпірінде ұлттық салт-дәстүрлерді көрсететін тақырыптық шаралар ұйымдастырылады. Наурыз - мейірім мен қайырымдылықтың да мерекесі, сол себепті облысымызда да қайырымдылық шаралары өткізілмек. Наурыз мейрамы - аға ұрпақты құрметтейтін мереке болғандықтан да бата беру дәстүрі дәріптелетін болады, - деді Айдар Садырбаев.

Бұл ретте, Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Айдар Ибраев атап өткендей, мерекелік шаралар бірнеше күнге жоспарланған. 

Жоспар бойынша 21, 22 және 23 наурызда қалада түрлі іс-шаралар өтеді. Бүкіл республика бойынша мейрам тазалық пен экология мерекесі ретінде де аталып өтетін болады. Әрине, Наурыз мейрамының басты басымдылықтарының бірі – көп ұлтты қазақ халқының достығы, татулық және бірлік. 20 наурызда түрлі форматтағы салтанатты шаралар да өтеді, - деді Айдар Ибраев. 

Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Маржан Бахатованың айтуынша, қалада Наурыз мейрамын тойлау жақын арада басталады деп жоспарлануда. 

Мысалы, 18 наурызда перинаталдық орталықта аниматорлардың қатысуымен жаңа туған нәрестелерді мерекелік көңіл күйде шығарып саламыз. Сәбилерге Қыдыр ата бата береді, – деді Маржан Бахатова. 

Сонымен қатар 21 наурызда қала шетінде Наурыз мейрамын тойлауға арналған салтанатты шаралар өтеді. Ал басты мереке 22 наурызда басталады.

Наурыз жалпыхалықтық сипат алады. Биыл Степной, Шығыс, Водный, Дальный, Юность секілді шет аудандарда да мерекелік шаралар ұйымдастырылады. 22 наурызда театр және филармония әртістері қала тұрғындары алдында өнер көрсетеді. Алтынай Жорабаева да ән салады. Мереке елеулі тарихи тұлғалардың есімдерімен аталатын 12 киіз үйде өтеді, – деді Маржан Бахатова. 

Киіз үйлер қаладағы алаңдарда, вокзал маңында тігілетін болады. Мерекеде сондай-ақ мәнерлеп оқу сайысы мен түрлі күш сынасатын жарыстар ұйымдастырылады.

Өзгелердің жаңалығы