Елордада Наурыз мейрамы қарсаңында Nauryz ball өтті. Оған Астанадағы дипломатиялық корпус өкілдері мен шетелдік қонақтар қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мерекелік іс-шара Астана Операда ұйымдастырылды. Наурыз мейрамына орай ғимарат залы қазақи нақышта безендірілді. Шетелдік дипломаттар мен қонақтарға қазақтың салт-дәстүрін таныстыру мақсатында киіз үй тігіліп, ұлттық аспаптарда қазақтың ән-күйі шырқалды.
Мерекелік кеште ұлттық киім киген қыздар жағы бес асық ойнаса, ал жігіттер күресіп, арқан тартысты, асық атты. Ал әжелеріміз бен аналарымыз бесікке салу дәстүрін көрсетті.
Осылайша іс-шара басталғанға дейін қонақтар залдағы демонстрациялық бұрыштардан қазақтың салт-дәстүрімен танысуға және қазақтың ұлттық тағамынан дәм татып, өз күштерін асық ойнап, арқан тартыста сынап көруге мүмкіндік алды.
Елордадағы №59 мектеп-лицейінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Мәншүк Сұлтанова да мерекелік іс-шараның ерекше өтуіне өз үлесін қосып жатыр. Ол қонақтарға қазақтың қолөнерін таныстырды. Атап айтқанда, ою ойып, қалай текемет басуға болатынын көрсетті.
Текеметтерді басу үшін қойдың жүнін қолданамыз. Соның ішінде көбіне мериносты пайдаланамыз. Себебі жүннің талшықтары жіңішке келеді. Сондықтан басқан кезде тез жабысады. Ал қазақи қой жүнінің иісі болады әрі қалыңдау. Бүгін оқушыларымның қолынан шыққан еңбектерін де алып келдік. Көбіне киім, бас киім жасаймын. Ал балаларға сабақта тақия тігуді, текемет басуды, қыштан құмыра жасауды үйретемін. Жалпы соңғы жылдары Наурыз ерекше форматта тойланып келеді. Мысалы, мектебімізде балалар ұлттық киіммен келеді. Қазір бұл күнделікті дәстүрге айналды. Себебі ұлттық киім үлгісіндегі мектеп формасын балалар тек Наурыз мейрамында ғана кимейді, - дейді қолөнерші.
Мәншүк Сұлтанова оқушыларына әшекей бұйым жасауды да үйретуді қолға алғанын айтты. Сөзінше, балалардың ұлттық дәстүрімізді ұлықтауға қызығушылығы жоғары.
Сондай-ақ қыздардан бес тас ойынын қайдан үйренгендерін сұрап көрдік.
Бес тас ойынын анамнан үйрендім. Себебі бала кезімнен анамның осы ойынды ойнағанын көріп өстім. Қазір енді өзім де ойнай бастадым. Бұл ойынның Махмұд Қашқаридың еңбектерінен шыққанын білеміз. Бес тас тәртіпке, шыдамдылыққа, қырағылыққа үйретеді. Бүгін Nauryz ball-да осы ұлттық ойынымызды қонақтарымызға таныстырамыз. Осылайша біз ұлттық дәстүрлеріміз арқылы қазақтың кім екенін басқаларға көрсете аламыз. Бұл – ерекшелігіміздің бірі деп есептеймін, - деді Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Мадина Жолдас.
Отандасымыз биыл Наурыз мейрамы өзгеше форматта тойланып жатқанын және оны ұлықтау жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Nauryz ball мерекелік іс-шарасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен және Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиынның ашылуында сөз алып, Наурыз мейрамы – бес мың жылдан астам уақыт тойланып келе жатқан жер бетіндегі ең көне мерекелердің бірі екенін айтты.
Министр атап өткендей, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрін қазақ, өзбек, ұйғыр халықтары ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. Тәжік ағайындарымыз оны “Гулгардон” немесе “Гүлнавруз”, татарлар “Нардуган” деп атаса, ежелгі гректер оны “Патрих” деп білген. Тойлау формасының өзі ерте заманнан бері табиғатқа деген сүйіспеншілік қағидаларын бойына сіңірген.
Ертеде қазақтар Наурызды халықтың Ұлыс күні немесе Ұлыстың ұлы күні деп атаған. Наурыз мейрамы неғұрлым кең пейілмен тойланса, жыл да берекелі болады деген сөз бар. Мерекелік әдет-ғұрыптар мен атрибуттардың көптігі осыдан шыққан. Мерекенің тарихында қиын тағдыр бар. Наурыз мейрамы 1926 жылы жойылып, Қазақстанда ұзақ жылдар бойы ұмытылғаннан кейін алғаш рет 1988 жылы тойлана бастады, кейін 1991 жылы ресми танылды, - деді Балаева.
Ежелгі Наурыз мейрамы көне дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, заманауи өмірге үйлесімді түрленді.
Мерекенің заманауи келбеті бұрынғы мазмұнынан айтарлықтай ерекшеленеді. Бұл тек театрландырылған қойылымдар мен әсем безендірілген киіз үйлер, дәмді әзірленген наурыз көже ғана емес, қайырымдылық шараларын, спорттық ойындарды өткізу, жасыл желектерді күтіп-баптау, ағаш отырғызу, саябақтар мен басқа да демалыс орындарын, көшелер мен алаңдарды тазалау.
Қазіргі таңда Наурыз көктемнің, еңбектің, бірліктің мерекесіне айналды. Бүгінде ол көпұлтты Қазақстанда тұратын барлық этносқа бірдей қымбат. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Наурыз мейрамының маңызын арттырып, мазмұнын айтарлықтай байыту шаралары қолға алынып жатыр. Биылдан бастап Қазақстан оны жаңа форматта, жаңа ерекшелік элементтерін енгізу арқылы атап өтуді бастады. Арнайы “Наурызнаманың” тұжырымдамасы әзірленіп, оның аясында әр күннің өз атауы белгіленді, - деді Аида Балаева Наурыз балда сөйлеген сөзінде.
Наурыз мейрамының соңғы күні – 23 наурыз – жаңа жылды жаңа мақсатпен, жаңа үмітпен қарсы алудың символы болып белгіленгенін еске сала кетейік. Тазалық күні Қазақстанның барлық аймағында жалпыұлттық экологиялық науқандар өтеді. Наурыз мейрамын осындай ауқымда тойлау ұлттық болмысымызды нығайтып, қоғамды топтастыруға септігін тигізеді.
Сонымен бірге Наурыз мейрамын мерекелеу күндері әлемнің 25 елінде ұлы күйші Құрманғазы, Дайрабай Ерназарұлы және Түркеш Қалқаұлының туындылары шырқалады.
Наурыз балда Kazakh culture ақпараттық-танымдық порталының таныстырылымы өтті. Порталдың басты міндеті - қазақтың мұрасын сақтап, зерттеп, оны бүкіл әлемге жеткізу. Kazakh culture БҰҰ-ның ресми 6 тілінде ақпарат таратады.
Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі Чжо Тэ-ик мырза қазақ мәдениеті, салт-дәстүрі ұнайтынын айтты.
Қазақ халқы өте қонақжай. Бауырсақ, құрт, ет және басқа да қазақтың ұлттық тағамы өте дәмді. Наурыз – ол жылдың басталғанын, көктемнің келгенін білдіреді. Ал көктем – жаңа өмірдің бастауы. Кореяда да Наурыз сияқты Соллаль деп аталатын жаңа жыл мейрамы аталып өтіледі. Қазақ халқын жаңа жылдың басталуымен құттықтаймын. Наурыз мейрамы құтты болсын! – деп құттықтады дипломат.
Сонымен қатар TikTok-та қазақша сөйлеп, елімізді шетелде танытуға септігін тигізіп жүрген жапон тиктокері, полиглот Юджи Белеза да қазақстандықтарды әз Наурызбен құттықтады.
Маған Наурыз мейрамын тойлау ұнады. Мені осы мейрамды бірге атап өтуге шақырғандарыңызға алғыс айтамын. Қазақтың мәдениеті өте бай екен. Қазір қазақ тілін үйреніп жүрмін, аздап сөйлей аламын. Негізі бірнеше тілде сөйлеймін. Маған адамдармен сөйлескен ұнайды. Қазақстанның шоколадын да сүйіп жеймін, ұлттық тағамдары да дәмді, - дейді шетелдік қонақ.
Наурыз балдың ресми бөлігі аяқталғаннан кейін дипломатиялық корпус өкілдері мен қонақтар ән-күй тыңдап, түрлі музыкалық қойылымдарды тамашалады. Ерекше қойылымдардың бірі– дипломаттардан құралған “Dombyrasadors” тобының өнері болды. Дипломаттар Н. Тілендиевтің “Әлқиса” күйін ұлттық аспаптарда ансамбльдің сүйемелдеуімен қонақтарға паш етті.