Наурыз айындағы ҰБТ аяқталды

4 Сәуір 2023, 09:08
1233
Бөлісу:
Наурыз айындағы ҰБТ аяқталды
Фото: zhaikpress.kz

​Наурыз ҰБТ-сын 111 мыңға жуық талапкер тапсырды. Оның ішінде түлектердің 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде, 141 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ҰБТ басталғалы шекті балды 78%-ға жуық немесе 86 мың талапкер жинап, 22%-ы шекті балл жинай алмады.

ҰБТ орташа балы 70 балды құрады, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1 балға жоғары. Ең жоғары балл – 136.

​«Наурыз ҰБТ-сы 10-31 наурыз аралығында өтті. Жалпы, наурыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 111 мыңға жуық адам қатысты, өткен жылмен салыстырғанда 8 мыңға артық. Әдеттегідей, тестіленушілердің ең көп таңдаған комбинациялары - «Математика-Физика» (19%) және «Биология-Химия» (19%). IT бағыттарға түсуге қажетті жаңа «Математика-Информатика» комбинациясын ҰБТ-ға қатысушылардың 11%-ы тапсырған. Тестілеу штатты режимде өтті», – деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

​Айта кету керек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін тестілеуге қосымша 40 минут бөлінді, қажет болған жағдайда оларға көмекші беріледі. Сонымен қатар олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 бала ҰБТ тапсырды.

​85 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 109 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ.

​ҰБТ-ға дайындықты жақсарту мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы оқу жылының басында тестілеу пәнінің спецификацияларын, тест жоспарын, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндерінен 100 дата, «Информатикадан» терминдер тізімін, «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» пәндерінен шығармалар тізімін өз сайтында және әлеуметтік желілерінде жариялады.

​Сондай-ақ, 2022-2023 оқу жылының басынан бастап ҰТО ірі білім беру орталықтарымен бірге бас емтиханға дайындалу үшін онлайн-сабақтар өткізеді. 

 

Өзгелердің жаңалығы