Наталья Григорьева: Қазақ тілін білген баланың жолы әрқашан ашық

10 Сәуір 2023, 13:55
1084
Бөлісу:
Наталья Григорьева: Қазақ тілін білген баланың жолы әрқашан ашық
Фото: ҚХА

Түркістандық Наталья Григорьева қазақ тілін білген баланың жолы әрқашан ашық деп есептейді, деп хабарлайды осы аймақтағы BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Наталья Шухратқызы мектепішілік, қалалық, облыстық байқауларға қатысып, мемлекеттік тілге деген алғырлығын сонау бала күнінде-ақ айналасындағыларға дәлелдеп қойған жан. Бүгінде осы тілге деген құрмет пен сүйіспеншілігінің арқасында Түркістан қалалық Н.Некрасов атындағы №9 мектепте қазақ тілінен оқушыларға сабақ беріп жүр.

– Наталья, сен қазақ тілін жақсы біліп қана қоймай осы пәннен сабақ беретін мұғалім де екенсің. Қазақ тілінде жетік сөйлейтін өзге ұлттарды көргенде таң қала қоймаушы едім, ал сенің қазақ тілін таңдауыңа не себеп болды? Өзің туралы айтып өтсең.

– Қазақ тілін бала күннен сүйіп өстім. Ал мамандықты таңдауда менде үлкен қорқыныш болды. Себебі, бастауыш сыныптан спорт мамандығын таңдаймын деген ойда жүрдім. Қазақ тілі және қазақ әдебиетінің мұғалімін таңдауыма себепкер болған өзімнің қазақ тілінен сабақ берген ұстазым Несіпкүл Мейманханқызы Өтебаева. Ұстазымның балаларға деген ыстық ықыласын, берген тәрбиесі мен дәріптеген біліміне сүйсініп, сол ұстазымның жолымен жүремін деген шешім қабылдадым. Мен 2002 жылы 6 қараша күні Түркістан қаласында дүниеге келдім. Бала күнімнен құрбыларымнан қазақ тілін үйреніп, еркін сөйлестім. 2009-2018 жылдар аралығында Н.Некрасов атындағы №9 мектепте орыс сыныбында білім алдым. 2018 жылы 9-сыныпты бітірген соң Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжіне «Қазақ тілі және қазақ әдебиеті» факультетіне оқуға түстім. 2022 жылы оқуды тәмамдап, қазіргі таңда Жастар практикасы бойынша өзім оқыған мектепте іс-тәжірибеден өтіп жатырмын.

– Русофобия дегенге сенесің бе? Русофобияны жеңудің жолдары бар ма?

– Русофобия дегенде ұлтқа деген кейбір ренішті көріп жүремін. Оның барлығы түгелдей орыс халқына қарсы деп айта алмаймын. Алайда 20% адам орыс халқын жақтыра бермейтінін байқадым. Себебін де айту қиынға соғады, өйткені әр адамның бұл ұлтқа деген түрлі реніштері, көзқарастары бар. Алайда, «Ұлттың жаманы жоқ, адамның жаманы бар» дегім келеді. Русофобияны еліміздің патриоттарының арқасында жеңуге болады деп ойлаймын. Менің ойымша, Қазақстан жерінде туы- өскен орыс ұлтының өкілдері елінің, жерінің патриоты. Осы керемет жерде дүниеге келгендерін мақтан ететін адамдар деп білемін. Тек сол халықтың еліне деген сүйіспеншілігін, отансүйгіштігін байқасақ болғаны.

– Халықтар достығы, қоғамдық келісім, толерант деген сөздер саған қаншалықты әсер етеді?

– Халықтар достығы, қоғамдық келісім, толерант ұғымдарын мағыналас деп алып қарасақ болады. Мен үшін халықтар достығы өте маңызды және ел саясатында ең маңызды мәселелердің бірі деп санаймын. Қазақстан жерінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүруде. Әр ұлттың өзінің салт-дәстүрі болғанымен, олар өзге ұлттың да салт-дәстүрін құрметтей біледі. Бір-біріне жанашыр бола біледі. Орыстарда «Друг познаётся в беде» деген сөз бар. Аудармасы «Досыңның кім екенін басыңа іс түскенде білерсің» дегендей, әр ұлт өкілі өзінің досының басында қиындық түскенде ол жанның ұлтына қарамастан қол ұшын созуға дайын тұрады. Қуанышта да , қайғыда да жанынан табылады. Халық достығы сол деп білемін.

– Мемлекет пен мемлекеттер яғни екі ел тату-тәтті, қырғиқабақ болмас үшін қандай саясат жүргізілуі керек деп ойлайсың?

– Мемлекет пен мемлекет тату болуы үшін билік басында парасатты адам болу қажет деп ойлаймын. Билік басында жақсы адам болса, өзге елмен қарсыласпай, достығын нығайтуға тырысады. Себебі, билік басындағы адам ең алдымен халқының жағдайын ойлау қажет. Өзге елмен жауласқан сәтте оның зияны халқына тиетінін түсінеді. Сол себепті достығын нығайтады деп ойлаймын.

– Ресейлік саясаткерлердің ара-тұра Қазақстанға қарата айтып жататын әңгімелерін қалай қабылдайсың?

– Ресей және Украин елдерінің соғысының салдарынан көптеген халық зардап шегуде. Күнәсі жоқ бүлдіршіндер, аналар зар жылауда. Ол керістің уақыты нешеге созылатыны және қалай аяқталатыны белгісіз. Алайда, әр азаматы аман-есен болса екен деп тілеймін. Билік басында отырған жандар дұрыс шешім қабылдап, тезірек арадағы келіспеушілікті шешіп, бейбіт шешімге келсе екен деп тілеймін.

– Өзге ұлттарды қазақ тіліне қалай қызықтыруға болады ?

– Жалпы, қазақ тілін маған үйрену қиынға соқпады, бала күнімнен көршілермен бірге ойнап-өскендіктен тез үйреніп алдым. Тілдің мәртебесін көтеруге әрбір шаңырақ тамшыдай болсын үлесін қосса нәтижесін бермей қоймайды. Мемлекеттік тілдің дәрежесі әрдайым үстем болары сөзсіз. Тілді құрметтесең сол елді де қоса құрметтейсің, мәдениетін, тілдің табиғатын жете танисың деген сөз. Мәселен, мені қазақтың бай тілін жетік меңгеруіме, педагогикалық саланы таңдауыма ұстазым Несіпкүл апайым ықпал етті. Мен де өз кезегінде қазіргі жас ұрпаққа мемлекеттік тілімізге деген құрмет пен сүйіспеншілікті барынша сіңіргім келеді. Ол үшін ең алдымен бала бойына патриоттық сезімді қалыптастырып, мемлекеттік тілімізді дәріптеуіміз қажет. Екіншіден, қазақ тілін білген баланың жолы әрқашан ашық. Оның дәлелі мына мен деп айтсам да болады. Осы қазақ тілінің арқасында көптеген жетістіктерге жетіп отырмын. Оқушыларға қазақ тілінің грамматикасын оқыта отырып, тілдің құдіретін жеткізгім келеді. Тек өзге ұлттардың ғана емес, кез келген жеткіншектің санасына оң әсер етіп, ұстазым секілді арманына ықпал ете алсам, мақсатымның орындалғаны деп білемін.

Өзгелердің жаңалығы