Нарымбетова: Журнал ашудағы мақсатым – мектеп-ата-ана-басылым арасында үштаған одағын құру

13 Сәуір 2022, 17:10
5665
Бөлісу:
Нарымбетова: Журнал ашудағы мақсатым – мектеп-ата-ана-басылым арасында үштаған одағын құру
PHOTO

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барыс жылын Балалар жылына арнады. Әне-міне дегенше жылдың төртінші айы да орталап қалды. Биыл еліміздің жарқын болашағы саналатын балаларға ерекше назар аударылатын жыл. Айта кетейік, Түркістан облысында 500 мыңға жуық бала саны бар. Әрине, бірінші кезекте баланың әлеуметтік жағдайын жасаудан бөлек, оның рухани дамуын да кейінге қалдыруға болмайтын шаруа бар. Осы ретте аймақтың баспасөз айдынында он жылдан бері келе жатқан «Ақылдым» балалар журналының құрылтайшысы әрі «Серпіліс» қоғамдық қорының директоры, «Қызмет» газетінің бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетовамен сөйлескен болатынбыз.  

Қазіргідей газет-журналдың оқылуы азайып кеткен кезеңде «Ақылдым» балалар журналының халі нешік болып жатыр? Үлкендер балалар үшін не жасауда?

– Мен жалпы журналистикаға үлкен дайындықпен келген адаммын. Себебі, Жүніс Сахиев деген фантаст жазушы біздің ауылдың адамы, көршіміз болатын. Сол кісі жылда ауылға демалысқа келген сайын әңгімесін тыңдайтынбыз, елдің оған деген ықыласы ерекше болатын. Содан ба, журналист деген құрметті мамандық екенін бала кезден сезініп өстім. Кітапқа деген құмарлығым да сол кезден оянды. 4 класта «Қазақстан пионері» деген газеттің жас тілшісі атандым, яғни осы мамандыққа дайындықпен келгендіктен «Ақылдым» журналының да тағдырына жүрдім-бардым қараған емеспін. «Қазақстан пионері» деген газетпен өстім ғой, сол менің өмірімдегі мақсатымды айқындауға жақсы әсер етті. Ол кезде «Балауса» деген жинақ шығып тұратын. Оған облыстағы үздік деген жас тілшілердің әңгімелері мен өлеңдер жинағы топтастырылатын. 13 жыл телеарнадағы жұмысымнан кейін «Қызмет» газетін 2009 жылы ашқан кезде оқырмандардың азайып кеткенін байқадым. Сонда «Біз осы оқырман тәрбиелеп жүрміз бе, болса олар кімдер?» деген ой келе бастады. Мысалы бізді сол кездегі балалар газет-журналы тәрбиеледі. Содан оқырман тәрбиелеу керек деген мақсат қойып, 2012 жылы «Ақылдым» деген балалар журналын тіркеттік. Биыл 10 жасқа келіп жатырмыз. Балалармен жұмыс істеу барысында байқаған дүнием, салыстырмалы түрде айтайын, орыс сыныбында оқитын балалар тап-тұйнақтай қылып жазып, суреттерін әкеп өткізеді. Ал қазақ сыныбында оқитын баланың дүниесін дайындап беруде салғырттық бар. Дәптерге сызылған күйі әкеле салады, мәдениет аз екен. Негізі, баланың барлығы ақылды және талантты. Ендеше, неге біз қазақ балаларын «Сен ақылдысың!» деп көтермелемеске? Журнал ашудағы тағы бір мақсатым – мектеп-ата-ана-басылым арасында үштаған құрып, осындай одақ жасағым келді. Яғни газет-журнал, кітап оқитын ұрпақ тәрбиелеу. Өркениетті елдерде ең басты ерекшелік, кітап оқуды жақсы үрдіске айналдырған. Ал бізде оқымау ұлттың кішкене қасіреті деп те айтуға болатын шығар. Сондықтан маман ретінде журнал ашып, титтей де болса үлесімді қосқым келді. 

Нарымбетова: Журнал ашудағы мақсатым – мектеп-ата-ана-басылым арасында үштаған одағын құру

– Оқырман саны, журналға жазылу, таратылым мәселесі қалай? 

– Журналдың таралымы аса көп емес. Оқырман көбейіп кетті деп айта алмаймын. Себебі, мектептермен жұмыс істеу өте қиын. Мынадай қызық нәрсе бар. Мектеп директоры  прокуратура тексеруге келсе «Таңдау құқығын неге шектедің, неге бұл журналға жазылдың?» деп айтады деген уәжді алдымызға  тартады. Мен оларға «Сіздің мақсатыңыз баланы оқытып, тұлғаны тәрбиелеу болса, онда сіз неге сол прокуратурадан келген қызметкерге мұғалім ретінде журналдың керек дүние екенін түсіндіріп айтпайсыз» деймін. Ол прокурор да кезінде ұстаз алдын көрген шәкірт қой. Егер сіз түсіндіріп айтсаңыз түсінер еді деймін. Өкінішке қарай, біздің қоғам көбіне әншілерді, танымал адамдарды насихаттайтын болып кеткен. Алайда, соңғы жылдары Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп» жобасы мектептерге үлкен серпіліс әкелді. Қазіргі мектепті осыдан төрт жыл бұрынғы білім беру ұйымдарымен салыстыруға болмайды. Оқуға деген ұмтылыс бар, сондықтан үміті оты өшпейді. «Ақылдымның» таралымы 400-ге дейін түсіп қалған кездері болды. Сондай кезде босқа шығын болдым-ау, жауып тастасам ба екен деп ойланып отырған сәттерде редакцияның поштасына бір оқушының жарқыраған суреті келіп жатады, талантты бала туралы ақпарат келіп түседі. Соларды көрген кезде қайтадан шабыттанып, құлшынып, балаларға қызмет ету керек қой деген оймен жалғастырып кетесің. Негізі бұл журнал таза өзіміздің табымысызға шығып жатыр. Өйткені, әр азаматтың қоғамға беретін бір дүниесі болу керек қой. Мен үнемі кітаптың өнімімін деп айтып жүремін, қазіргі жағдайыма жеткенім де сол кітап оқудың, бала кездегі газет-журналдардың арқасында дер едім. Сондықтан өзімді балалар алдында қарыздар санаймын. Журнал елге жақсы танылып қалған, мектептермен тікелей байланыстамыз. Тиражымыз мыңның ар жақ, бер жағында құбылып тұрады. 

– Айтыңызшы, балаларға қайтсе газет-журнал, кітап оқытып қызықтыруға болады? 

– Журналистер мектептерге көп баруымыз керек екенін түсіндім. Өйткені, соңғы жылдары журналистер туралы да пікір аса жақсы емес. Баяғы Жүніс Сахиев ағамыз сияқты қадірлі журналистер ауыл мектептеріне көбірек барса жақсы болар еді. Сонда көзқарас кішкене өзгереді. Журнал оқитын балалар бар, біз тек соларға жолын көрсетуіміз керек. «ПарақTimes» кітап жәрмеңкесін ұйымдастырып жүрмін. Сол кезде балаларға кітап, журналды көрсетпейтіндігімізді байқадым. Жәрмеңкеде үш жасар баланың кітапты алып бер деп жылағанын көрдім. Біз балаға өзіміз ұялы телефонды ұстатып қояды екенбіз де, іштен біліп туған деген әңгімені айтамыз. Олай емес, баланың қолына не ұстатасың, соған байланысты екен. Егер үйде әке-шешесі кітап оқитын болса, бала да оқиды. Бала күнінде оқымағанымен ер жеткенде міндетті түрде оқитын болады. Қазір кейбір мектептер кіргеннен бастап сөрелерге кітап қоятын болып жүр.  Бұл психологиялық тұрғыдан өте дұрыс қадам. Бала ол кітаптың жанынан он күн өтуі мүмкін, бірақ 11-ші күні міндетті түрде біреуін алып парақтап көреді. Біз кітап жәрмеңкесінің атауын атағанда да осы «ПарақTimes» деп бекерге таңдаған жоқпыз, себебі бәрі парақтаудан басталады, балаға парақтау мүмкіндігін беруіміз керек. Баланың әлемі – ғажап әлем. Оны қайда бұрсаң солай кететін әлеуеті мықты дүние. Соны дұрыс нәрсе көрсетпей өзіміз шектейміз. Содан олар даладан үйренеді. Сондықтан балаға кітап парақтатып көрсету керек. 

Нарымбетова: Журнал ашудағы мақсатым – мектеп-ата-ана-басылым арасында үштаған одағын құру

– Оқырмандармен байланыс қалай орнатылған? 

– Мектептермен, барлық балалар кітапханасымен байланысымыз өте жоғары. Мысалы, Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасымен серіктеспіз, мұнда «Әлемді кітап арқылы танимын» жобасы 8 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Сол жерден қаншама талантты балалар шықты. 

– Журналда не тақырып көтересіздер? 

– Балалар журналын балалардың өзі жасайды. Солардың шығармашылық әлеуетін көтеру, көпшілікке таныстыру басты міндетіміз. Мысалы, ана мектептің баласы жазып жатса, келесі мектептің баласы оны көріп, соған ілеседі. Қазіргі тілмен айтқанда мотивация. Мұғалімдер арасында да бәсекелестік туындайды. Анау мектептің балалары осындай шығарып жатыр екен, қазақ тілі кафедрасының мамандары осылай жұмыс істеп жатыр, бізде де ондай жақсы талантты балалар бар, біздің жұмысымыз олардан да жақсы дейтін сау бәсеке туындайды. Яғни журналда балалар шығармашылығына орын береміз, кеңінен насихаттаймыз. Қазір Оралхан Қожамжаровтың «Атаның немереге хаты» атты мақалаларынан үзінділер жариялап беріп жатырмыз. Онда жазушы өзінің өмір жолын, салт-дәстүрді, көпшіліктің алдында қалай сөйлеуді немересіне үйрететін хат жазып қалдырады. Бұл өлмейтін тақырып деп санаймын. Сондай-ақ, адамгершілік тақырыбында эссе байқауын жариялағанбыз. Себебі былтыр орындалмай қалған. Биыл Балалар жылына орай «Балауса» жинағы сияқты осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Бұдан бөлек, «Тәтті немерем», «Асыл әжем» деген сияқты байқау ұйымдастырдық, оған әжелер мен немерелер қатысты. Бұл ұрпақтар сабақтастығын бірінші маусым балаларды қорғау күні мерекесінде қорытындылаймыз деп отырмыз. 

Нарымбетова: Журнал ашудағы мақсатым – мектеп-ата-ана-басылым арасында үштаған одағын құру

– Балалар әлжеліге, ұялы телефонға үңіліп отырған кезде журнал оқыту қиын емес пе? Жалпы, балалар журналы қажет пе?

– Журнал қажет. Балалардың көп мәселесін біз үлкендер тудырып отырмыз. Баланың өзінде мәселе жоқ, себебі бала тап-таза парақ. Сол параққа не жазатынын бала білмейді. Ол параққа не жазатынын көрсететін біз үлкендер, ата-ана, мұғалімдер. Баланың қандай бейімі бар байқамаймыз, оларға дұрыс бағыт-бағдар бермейміз. Бір баланы тәрбиелеуге табандылық танытпаймыз. Егер бір ата-ана баласын оқыту арқылы лидер қылып шығарса, соның артынан басқа балалар да еретін еді. Кітап оқытып, оған қызықтыру үшін алдымен көрсету керек. Мәселен, сіз баланың 2-3 жасында не ұсындыңыз? Ата-ананың 80 пайызы балаға тыныш отырсын деп ұялы телефон ұстатады. Ал соның орнына қағаз бер, жыртса жыртсын, қарасын, одан қол ұшындағы моторикасы дамиды. Кітапты ұстап үйренеді, ал телефонды ұстап үйренбейді. Тағы бір айтқым келгені, кітап пен газет-журналды оқытпаудың қай жерден басталатын айтайын ба? Журнал А5 форматпен ақ қағазға шығады. Мен жылтыр журналды орысша глянцевый дейді ғой, соны қолданбаймын. Неге? Өйткені баланың көзі енді қалыптасып келе жатыр. Баланың көзін жылтырақ шағылыстырады. Оның көру қабілетіне әсері бар. Жалпы, балаларға арналған журналдың талаптары бар, негізі қоңыр қағазға шығару керек. Қазір баланың мектепке апаратын оқулықтары үлкен, өте ауыр кітаптар көтеріп келеді. А5 ол кәдімгі дәптер сияқты, қолдануға ыңғайлы. Ендеше неге мен балаға көлемі үлкен журнал беріп қоюым керек? Ол кезде балада іштей қарсылық туындай бастайды. Негізі глянц дегенді зерттеп қарасаңыз, ол сән әлеміне, жарнамаға арналған, оқуға арналған нәрсе емес. Осыдан 5-6 жыл бұрын Оңтүстікке француз суретшісі келді. Онда ол мүгедек балаларға арнап грантпен журнал шығарған. Қарасам тек қана қызыл мен қара түс. Сосын мен оған «Сіз неге балаларға арнап жарқыратып шығармағансыз?» деп сұрадым. Сонда ол маған «Сіздің мақсатыңыз не?» деді, мен оқыту дедім. Демек, оқыту болса баланың ойы ары-бері кетіп қалмайды. Менің де мақсатым оқыту, сондықтан осылай жасадым деді. Мен мектеп директорларына да «журналдың форматын ауыстырмаймын, жылтырақ қағазға өткізбеймін» деп айтамын. Негізі жылтырақ қағаз арзан, бірақ менде балалардың жауапкершілігі бар ғой. Сондықтан баланың көзіне әсер етпеу үшін күңгірт түсті қағазға  шығарамын. 

Нарымбетова: Журнал ашудағы мақсатым – мектеп-ата-ана-басылым арасында үштаған одағын құру

– Бұдан бөлек, тағы қандай балалар мәселесі бар?

– Қазіргі балалардың кітабы өте ауыр. Қатты түптеліп (переплет) жасалынған. Мұны баспа ісімен айналысқандықтан білемін. Түркияның кітаптарын қарасаңыз жұп-жұмсақ. Өзіңіз қараңыз, бір иығы қисайып ауыр ғып көтергеннен кейін баланың кітапқа деген махаббаты қалай ашылсын?  Бала саналы түрде кітаптың керек екенін біледі, бірақ денесі ана ауырлықты көтергеннен кейін оны жақтыртпайды. Кітап оқымауға осы да әсер етуі мүмкін. Мәселен, үш жасар балаға қатты түптелген кітаптың ұшы тиіп кетсе кері әсер етеді де, бейсаналы түрде кітапқа деген қарсылық пайда болады. Ал жұмсақ нәрсені парақтасаңыз, сіз ары қарай тартыла бастайсыз. Бұл әлі зерттеле түсетін мәселе деп ойлаймын.  

– Облыста қай ауданның балалары талантты екен? Журналдың ең белсенді оқырмандары қай ауданда көп? 

– Ордабасы және Қазығұрт, Отырар, Созақ аудандарының балалары жақсы оқиды. Бұл басқа ауданда талантты бала жоқ деген сөз емес. Зерттеген кезде байқайсың ғой, осы аталған аудандарда газет-журнал оқу мәдениеті қалып қойған. Әсіресе Ордабасы ауданын ерекше айтар едім. Өйткені, бұрыннан аудандық білім бөлімімен байланысымыз жақсы болды, оқушылармен жиі кездесулер өткізетінбіз. Кейін білім бөлімінің басшысы ауысқаннан соң бұл үрдіс кішкене саябырсып қалды. Бізде жоғарыға қарайтын әдет бар ғой. Ол басшының балалар журналына көзқарасы дұрыс болмады және кейбір мектептер айтып өткенімдей прокуратура тексереді деп шығады. Балалардың қамын ойлап, басылымдарды оқуға шақыру қажеттігін көбі ойлана бермейді. Бұдан бөлек, барлық ауданның балалар кітапханасымен байланыс орнатқанбыз. 

Нарымбетова: Журнал ашудағы мақсатым – мектеп-ата-ана-басылым арасында үштаған одағын құру

– Балалар яғни ұрпақ мәселесі бойынша ата-аналар, мектепте ұстаздар нені ескерсе дейсіз, оларға айтатын ұсыныс, кеңестеріңіз бар ма? 

– Бірде әлеуметтік желіде бір мұғалімнен комментарий түсті. Енді біреудің қалтасын санағаным емес, дегенмен қазір мұғалімдердің алатын жалақысы дұрысталды ғой, сол мұғалім «Сенің газет-журналыңды алғанша, одан да балама бір келі конфет апарып бермеймін бе?» деп жазды. Сосын мен: «Жарайды, жазылмасаңыз жазылмаңыз» дедім. Енді қараңыз, сол тәтті балаға не беруі мүмкін? Оны жей берсе денсаулығында кінәрат пайда болады. Екіншіден, журнал бағасы бар болғаны 150 теңге, айына бір-ақ рет сатып аласыз, журнал ішінде боямақ бар, балаңызға берсеңіз оны сызып, бояп алданады. Сол журналдан ертегі оқиды, өзіне керектісін алады, сауаты артады. Қазір байқасаңыз сауатсыз мәтіндер өте көп. Ата-ана да, бала да сол жауапкершілікті сезінсе деймін. Негізі ойын қағазға дұрыс түсіретін, жеткізетін, дұрыс сөйлем жазатын баланы ата-ана, мектеп кішкентайынан осылай газет-журнал, кітап оқыту арқылы қалыптастыруы керек. Қазір «Менің құрдастарым» деген байқау ұйымдастырып жатырмыз, бұл жарыс он жастағы баланың ойлау қабілетін дамытуға септігін тигізеді. 

Нарымбетова: Журнал ашудағы мақсатым – мектеп-ата-ана-басылым арасында үштаған одағын құру

– Балалар журналына мемлекеттік тапсырыс алып жатырсыз ба?  

– Балалар журналына мемлекеттік тапсырыс алу өте қиын, аз бөлінеді. Балалар журналымен қаражат табу өте төмен. Баладан не деп сұрайсың? Егер қаражат болып жатса мысалы журналда екі адам отырса, оны бес адам қылар едім. Жалпы, балалар журналы керек дүние екеніне көзім жетеді. Оған мемлекеттік тұрғыда көңіл бөлініп, жүйелі түрде жұмыс жүргізілсе құба құп болар еді. Балалар басылымдарының жағдайы мүшкіл. Қазірден сауатты оқырман тәрбиелемесек, кейін оларды кім оқиды? Мәселен, архивтегі том-том болып жатқан «Егемен Қазақстан» газеттерінің жинағын оқитын ұрпақ керек шығар. Айтпақшы, біздің журналымыз 2020 жылы «Үркер» баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін берілетін қазақстандық ұлттық сыйлығында іріктеуге дейін жеткен болатын. Мен үшін іріктеуге дейін жету де үлкен жетістік.

Өзгелердің жаңалығы