Нақты мәселелерге арналған Жолдау - Тұрсынхан Зәкенұлы

2 Қыркүйек 2020, 07:13
1634
Бөлісу:
Нақты мәселелерге арналған Жолдау - Тұрсынхан Зәкенұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы Facebook-тегі парақшасында Президент Жолдауының басым бағыттарын атап өтті.

Бүгінде Қазақстанда қордаланған мәселелер жеткілікті. Қазіргі халық сондай күрмеуі қиын мәселелердің құрсауында отыр десек, артық айтқандық болмас. Әсіресе, пандемия жағдайында осылай болып тұр. Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауы өткен жылғы Жолдауына қарағанда әлдеқайда нақты мәселелерге арналғаны байқалады. Ең әуелі, шенеуніктерді 25 пайызға қысқарту бастамасы қолдауға тұрады. Қазіргі таңда еліміздегі шенеуніктердің біраз бөлігі таза бюрократтардан тұрады. Көне бюрократтардың өнегесін қабылдаған, оң-солын білмейтін жас бюрократтар да өсіп-жетілуде. Ендігі кезде мемлекеттік аппараттардың қызмет тәсілін өзгертіп, оларға "мемлекет қызметкері" деген сөз "халықтың қызметкері" деген сөз екенін ұғындыратын болмаса, олардан арылатын уақыт жеткендей. Далиған, бірін-бірі қайталайтын мемлекеттік органдарды және ондағы қызметшілердің санын ықшамдап, есесіне жаңа, білікті, мемлекет пен халыққа адал қызмет ететін ұтқыр қосынды дайындаған тиімді, - деп жазды тарихшы.

Оның пайымынша, қазір елімізде білім беру ісі күрделі кезеңді бастан өткеруде. Ал Президенттің кеше қашықтан білім беру үшін әлі нақты онлайн-платформа жасалмағанын сынағаны мәлім.

Толыққанды білім үдерісі үшін қажетті барлық функциясы бар бір онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет екенін атап көрсетті. Соған сәйкес, мұғалімдердің жалақысын көбейту мәселесін де шұғыл қолға алатындығын, сондай-ақ, пандемия жағдайында жан-тәнімен халықтың денсаулығы үшін күрескен дәрігерлерге төлемақы ретінде тағы 150 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді, - деді Тұрсынхан Зәкенұлы.

Бұл ретте, елдегі жемқорлықпен күрес мәселесінің назардан тыс қалмайтыны анық. Профессор Президент Жолдауының осы тұсына да тоқталып, "заңға сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдері енгізілуі керек" деген ұстанымға қолдау білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысына тікелей бағынатын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін құруды тапсырды. Тұрғындар үшін Жолдаудағы маңызды тапсырмалардың бірі зейнетақыға қатысты болды. Президенттің тапсырмасы бойынша, келер жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы енді өз жинағының бір бөлігін үй алу және емделу үшін пайдалана алатын немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алатын болды. Президент халықтың өмір сүру жағдайына кері әсер ететін жауапсыз несие беруді заң жүзінде тоқтатуды тапсырды. Билік пен қоғамның байланысын тереңдетуге, Ұлттық қоғамдық кеңестің қызметін жандандыруға қайталай маңыз берді. Имидждік іс-шараларды қысқартуды, мемлекет бюджетін беталды төгіп-шашуға шектеу қоюды ескертті. Сондай-ақ, заманға сай жаңарған, сапалы ұлт болуға ұмтылудың әрі ұлтымыздың бойындағы жағымсыз мінез-құлықтан, әдет-салттардан арылудың, етек-жеңді жинаудың қажеттігін қадап айтты, - деп түйіндеді ол жазбасын.

Өзгелердің жаңалығы