Нанның бағасы шарықтап кетеді деген әңгіме негізсіз – министр

14 Наурыз 2019, 16:03
2402
Бөлісу:
Нанның бағасы шарықтап кетеді деген әңгіме негізсіз – министр

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров осылай деді.

«Кейінгі уақытта ақпарат құралдарында астық бағасының қымбаттауы, өңдеуші кәсіпорындарда астықтың тапшылығы орын алып отырғаны және осының салдарынан нан бағасының қымбаттауы жөнінде көптеген мәлімет жүріп жатыр. Өткен жылдың соңынан осы жылдың басында астық бағасының жоғарылауы байқалды. Астықтың бағасы сол кезде тоннасына 75 мың теңгеге дейін жетті. Енді бұл Орталық Азия, Иран және әлемдегі нарықта астық бағасының жоғарылауына байланысты болды. Бұған енді біз бір жағынан қуануымыз керек. Өйткені біздің астық өңдеушілеріміз өздерінің астығын жоғары бағамен сатып, қарыздарынан құтылып, көктемгі жұмысты өткізуге қаражаттарын алып отыр. Екінші жағынан, бұл нанның қымбаттауына да әкелді ме деген әңгіме бар. Бірақ кейінгі екі аптаның ішінде астық бағасы түсті», - деді Омаров Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, қазір астық бағасы тоннасына 65 мыңнан 67 мың теңгеге дейін. Баға астық сапасына қарай құбылады. Яғни, бүгінгі күні астық бағасы төмендеп отыр.

«Бүгінгі күні мемлекетте 10,5 млн тонна астық бар. Сондықтан біздің өңдеуші кәсіпорындарда астық жетіспей жатыр деген әңгіме – дұрыс емес. Бізде астық бүгінгі күні жеткілікті. Жаңа мен айтқандай, астықтың бағасы да қатты қымбаттап жатқан жоқ. Сол себептен қазіргі кезде нанның бағасы шарықтап көтеріліп кетеді деген әңгіменің негізі жоқ. Бізде екі түрлі нан бар. Бірінші – жоғарғы сорт ұннан жасалған нан және бірінші сорт ұннан жасалатын нан. Жоғарғы сорт ұннан жасалған нанның бағасы 130-140 теңге, ал бірінші сорт ұннан жасалып жатқан нанның бағасы 75 -78 теңге. Біздің негізгі өзіміздің қолданып жатқан нанымыз – бірінші сорттағы нан. Халықтың пайдаланып жатқан бұл нанына қазір бағаның қымбаттауы жоқ», - деді Сапархан Омаров.

Қымбат Елтайқызы

Өзгелердің жаңалығы