Нан бағасы қымбаттай ма?

28 Қыркүйек 2021, 16:32
7232
Бөлісу:
Нан бағасы қымбаттай ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов хабарлады. 

Оның айтуынша, нарықта астық пен ұнның мөлшері жеткілікті.

Нан бағасы бірден қымбаттайды деуге негіз жоқ. Қазақстанның ішінде де, әлемдік нарықта да астық бағасының өсуі байқалып отыр. Бірінші сұрыпты ұннан жасалатын әлеуметтік нан бағасы реттеу жүргізілетін тауарлар тізіміне енгізілген. Егер сараптауларға көз жүгіртетін болсақ, нан бағасының бірден өскенін көрмедік. Өңірлердегі әлеуметтік нанның бағасы тұрақты. Астық немесе ұнға қатысты дүрлігу байқалмайды, - деп атап өтті АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры.
Сондай-ақ ол астық жинау науқанының аяқталуға жақын екенін тілге тиек етті.
Астық жинау науқаны аяқталуға жақын, қамбаларда нан бар. Сәйкесінше, астық ұнға айналдырылып, жеткілікті мөлшерде наубайхана кәсіпорындарына жеткізіледі. Егер астық бағасы шынымен де өсетін болса, ұнның бағасы да қымбаттап, нанның бағасында мәселелер туындауы ықтимал. Заңда қарастырылған іс-шаралар шеңберінде бағаны реттеу, тұрақтандыру жүргізіледі. Бұл наубайхана кәсіпорындарына әрі қарай жүйелі жеткізу үшін ұн тарту зауыттары өндірістік корпорацияларының қорынан астық көлемінің бір бөлігін алу жолымен іске асырылады, - деді Азат Сұлтанов.
Департамент басшысының сөзінше, нан өндірісінде қолданылатын шикізаттың бағасы қымбаттаған жағдайда Үкімет тарапынан іс-шаралар қабылданады.

Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде былтырғы жылдан қанша тонна астық қалғаны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы