Нақты шешімін таппады. Депутат ашығын айтты

11 Маусым 2021, 11:34
4056
Бөлісу:
Нақты шешімін таппады. Депутат ашығын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенатта Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы Үкімет сағаты өтіп жатыр. 

Депутат Дүйсенғазы Мусиннің айтуынша, қабылданған шараларға қарамастан, ауыл шаруашылығы саласының үлесі жалпы ішкі өнімнің 5-5,5 пайызын ғана құрап отыр.

Бірқатар азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділік сақталуда. Оның көлемі былтырғы жылы 4 млрд АҚШ долларынан асқан. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдері мен өңделген өнімді өткізу проблемаларын реттеу, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында сауда-логистика инфрақұрылымын дамыту, көтерме-тарату орталықтарының желісін құру туралы бағдарламада жоспарланған міндеттер нақты шешімін таппады, - деді Д. Мусин.

Осыған орай ол қолға алынып жатқан 24 көтерме-тарату орталығын құру, ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен толықтыру арқылы импортты қысқарту шаралары - өте өзекті деп отыр.

Бұл ретте, қазіргі жағдай көрсеткендей, еліміз үшін импорттан тәуелсіздік қаншама маңызды екені айқындалды. Аталған кемшіліктер ел халқының 41 пайызы тұрып жатқан ауылдың ахуалын, саланың бәсекеге қабілеттілігінің деңгейін көрсетіп, аграрлық секторда жүйелі проблемалардың сақталуын айғақтайды. Ұлттық экономика министрлігінің бағдарламаның іске асырылуына жүргізген мониторингі қорытындыларына сүйенсек, 2020 жылы 8 нысаналы индикторға, 45 нәтиже көрсеткіштеріне және 111 іс-шараға қол жеткізу жоспарланған, - дейді депутат.

Бірақ оның айтуынша, қолындағы деректерге сәйкес, былтырғы жылы тек 3 нысаналы индикаторға немесе 37,5 пайызына ғана қол жеткізілген. Ал көрсеткіштерінің орындалуы 62 пайызды, жоспарланған іс-шаралар 45 пайызды ғана құраған.

Өзгелердің жаңалығы