Нұр-Сұлтандағы үлескерлер мәселесі қалай шешіліп жатыр – елорда әкімінің жауабы

6 Мамыр 2020, 05:28
1379
Бөлісу:
Нұр-Сұлтандағы үлескерлер мәселесі қалай шешіліп жатыр – елорда әкімінің жауабы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов қаладағы үлескерлер мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Үлескерлер мәселесі ретімен шешіліп жатыр. Өткен жылы 10 тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни үлескерлер саны 2 500-ге азайды. Бұған дейін ол үйлердің жобалық-сметалық құжаты болмаған. Қаржыландырусыз қалған. Құрылысы тоқтап қалғандықтан, кейбір тұрғын үйге су, жарық тартылмастан тұрғындар қоныстанып алған. Ондай мәселелер де біртіндеп шешіліп жатыр. Биыл 20 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Егер жұмыс жоспарға сай жүргізілсе, тағы 8 мың үлескер өз пәтерлеріне ие болады, - деді Алтай Көлгінов.

Елорда әкімінің айтуынша, жалпы, мұндай сақалды құрылыстардың мәселелері әртүрлі. Кейбірінің ісі бойынша сот процестері жүргізіліп жатыр. 

Үлескерлердің ақшасын жымқырған алаяқтар бар. Олардың көбі абақтыға тоғытылса, қашып жүргендері де жоқ емес. Кейбір үлескер тарапынан да түсініксіз жағдайлар бар. Мысалы, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар өзара азаматтық келіссөз жүргізіп, жұмыс жоспардағыдай болмаған. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасына сәйкес, қосымша қаржыландыру жүргізіліп жатыр. Бірақ ол – қайтарымды қаржы. Жалпы, мемлекет тарапынан қалған мәселенің тиімді жолдары қарастырлып жатыр. Ол мәселенің бәрі шешіледі. Тек бір жылда емес. Мен бұл туралы былтыр да айтқан болатынмын. Үлескерлер мәселесі жөнінде 5 жылдық жоспарымыз бар. Кейбір үлескерлер өздерінің үйлерінің басқалардан бұрын пайдалануға берілгенін сұрайды. Бірақ олардың мәселесі нақты жоспар бойынша кезең-кезеңмен шешілетін болады, - деді әкім.

Өзгелердің жаңалығы