Мьянмада құлдықта болған азаматтарымыз қалай құтқарылды?

23 Қаңтар 2023, 13:30
1385
Бөлісу:
Мьянмада құлдықта болған азаматтарымыз қалай құтқарылды?

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Азаматтарымыздың Оңтүстік Шығыс Азияда, соның ішінде үш мемлекет – Тайланд, Мьянма мен Лаостың шекарасындағы «Алтын үшбұрыш» деп аталатын жерге еңбек құлдығына түсу проблемасы бар. Сүйінші жаңалығымыз – өткен аптада құлдықта болғаны айтылған екі жігіт үйлеріне аман-есен оралды. Олар әлі жағдайдың қалай болғанын түсіне алар емес, сол үшін өздеріне аса назар аударылғанын қаламайды, - деп атап өтті Айбек Смадияров. 

Сондай-ақ «Алтын үшбұрыш» деп аталып кеткен жерден еңбек құлдығына түскен екі азаматтың қалай қайтарылғанына қатысты жауап берді. 

Төтенше жағдай кезінде нақты алгоритм деген болмайды. Әр жағдай өзінше жеке. Бұл жағдайда біздің азаматтарымызға жергілікті тұрғын, сонымен қатар халықаралық үкіметтік емес ұйым көмектесті. Өйткені ол жерге («Алтын үшбұрыш» - ред.) кейде жергілікті биліктің күші жете бермейді. Бір-екі күн бұрын бізге жігіттердің ол жерден қашып шыға алғандығы туралы хабар жетті. Оларға белгілі бір мөлшерде сыйақыға жергілікті тұрғын көмектескен. Одан соң біз оларға қауіпсіз жерге жасырына тұруларын айтып, халықаралық үкіметтік емес ұйымның қызметкерін жібердік. Осылайша, жігіттерді қаланың сыртында орналасқан қонақүйге жасыра тұрды. Одан соң түнде автокөлікпен консул келіп, Бангкокқа жеткізді, - деп түсіндірді ресми өкіл. 

Бангкокқа жеткен соң азаматтардың визасының мерзімі өтіп кеткені белгілі болған. 

Консул бұл мәселені шешуді қолға алды. Бір тәуліктің ішінде бәрі шешіліп, билет сатып алынды. Олар Қатар арқылы Алматыға ұшып келді, - деді Айбек Смадияров.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мьянмада құлдықта болған екі қазақстандық елге оралғаны туралы жазған болатынбыз.  

Өзгелердің жаңалығы