Музей маманы: Музейдегі барлық жәдігер – киелі

19 Мамыр 2019, 13:47
7481
Бөлісу:
Музей маманы: Музейдегі барлық жәдігер – киелі
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Біз ғылыми адам болған соң кезкелген бұйымға құрметпен қараймыз. Кейде әулие немесе үлкен тұлғалардың заттары сақталып жатады. Этнографиялық, археологиялық залда қаншама зат тұр, оның бәрі біз үшін киелі». Бұл туралы ҚР Мемлекеттік орталық музей директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары Ғалия Темиртон сұхбат барысында айтты.

18 мамыр музей күні қарсаңында Ғалия Темиртон ханыммен сұқбаттасып, Орталық музейде атқарылып жатқан істер жайында сұрап білген едік.

- 18 мамыр халықаралық Музей күні екені белгілі. Орталық музей осы күнді қалай атап өтіп жүр?

- Халықаралық Музей күні әлем бойынша бұрыннан атап өтіліп келе жатыр. Алайда Совет одағы тұсында біз ол күнді атап өтпедік. Тәуелсіздік алған соң 2006 жылы посткеңестік елдер ішінде біз алғашқы болып осы күнді атап өттік десек болады. Бізбен бірге Ресейдің Львов болу керек, шағын облысының музейі сол кезден атап өте бастады. Мемлекеттік деңгейдегі музейлердің ішінде біз бірінші болып осы күнді атап өтуді бастадық. Бастапқыда халық мұны дұрыс түсінбеді. Өйткені ол жерде әртүрлі бағдарламалар болады, музей көрмесімен қоса шоу-концерттер болып жатады. Кейін халық оны түсінді, өйткені мұндай тәжірибе әлемдік музейлерде бар дүние. Мұның барлығы халықты музейге көптеп тарту үшін жасалады. Қазір елімізде «Музей түні» қалыптасты, барлық музейлерде осындай шаралар өтеді. Осы жолы бізде 12-рет өткелі отырған «Музей түні» шарасы Жастар жылына орайластырылып отыр. Музейдің басты мақсаты – көне және бүгінгі тарихты насихаттау. Сондықтан біз осы күні көне заттар мен қоса бүгінгі мәдениеттің түрлерін көрсетуге тырысамыз. Ол жерде дәстүрлі шеберлік сағаттары өтеді, яғни келушілер қазіргі және көне мәдениеттің көріністерін тамашалайды. Біз келушілердің барлық санатын қамтуға тырысамыз, яғни жас ерекшелігіне, мәдени көзқарасына және мамандықтарына қарай сараптап, зерттеу жүргізіп, соған сәйкестендіріп бағдарламаларды ұйымдастырамыз.

- «Музей түнінде» шамамен қанша адам келеді?

- Алғашқы жылдары халық аз келетін, ал соңғы кездері көп келе бастады. Өткен жылдары 8-10 мың арасында адам келді. Бұл Алматы үшін аз деп айта алмаймыз. Тәуелсіздік алғаннан бері біз бай тарихымызды ешкімнен қорықпай ашық жариялап жатырмыз. Соның нәтижесінде бүгінгі күні музейге келушілер қатары көбейді.

- Жалпы қазақ даласындағы музей ісі қай кезден бастау алады?

- Қазақ даласында музейдің пайда болу тарихы сонау 1830 жылдарынан басталады. Кеңес үкіметі құрылмай тұрып Ресей патшалығы кезінда Орынборда құрылған. Орыс патшалығы қазақтың жерін, мәдениетін көп зерттеген. Ол өздерінің идеологиясына қатысты екені белгілі, қазір ол бәрімізге мәлім. Сол кезде бізді дала халқы деп қарастырды ғой, елі қандай, табиғаты қандай деп өздерінің мақсаттарына қарай зерттеу жүргізген. Сонда көптеген заттар жиналған, оның ішінде біздің зиялылардың, шыңғыс ұрпақтары төрелер көптеген заттар берген. Онда қазақтың киім-кешегі, күнделікті тұтынатын ыдыс-аяғы, киізүй жәдігерлері, ат әбзелдері жалпы қазақтың тарихы мен мәдениетіне байланысты заттардың барлығын жинаған.

Өкінішке қарай, ол заттардың барлығын бүгінгі күні ала алмаймыз, оның бәрі Ресейде сақтаулы. Дегенмен сонда сақталған заттардың біразы осында бар, 1929 жылы астанамыз Қызылордадан Алматыға ауысқан кезде Орынбор музейіндегі заттардың біразы осында жеткізілді. Сондықтан біздің орталық музей көне музейлердің бірі болып есептеледі.

2004 жылдан бері біздің музей ғылыми-зерттеу статусына ие болды. Еліміз бойынша мұндай статусты біз алғашқы болып алдық. Бұл «мәдени мұра» стратегиялық мемлекеттік бағдарлама басталған кезде шыққан жүйе болатын. Сондықтан біз өз қорымызда сақтаулы тұрған заттардың көбін зерттедік. Бүгінгі күні отыздан астам ғылыми каталогтар, монографиялық еңбектер шықты. 2017 жылы екінші Қазақтың дәстүрлі атаулары категориялық жүйесі атты үлкен энциклопедия жарық көрді. Бұл директорымыз, профессор Нұсан Әлімбайдың басшылығымен атқарылған ғылыми жұмыстардың жемісі.

- Музей қорындағы құнды бұйымдар жайлы айтып берсеңіз?

- Біздің қорда сақталып жатқан заттардың барлығы экспозицияда тұрған жоқ, өйткені күнделікті экспозицияға шығаруға жарамайтын бұйымдар болады. Этнографялық, археологиялық заттардың кейбірі күннің, шамның жарығына, тіпті ауаға да шыдамайды. Ондай заттар ауа температурасы, ылғалдылығына сай арнайы жерлерде сақталады. Дегенмен үлкен шаралар кезінде, мемлекеттік бағдарламалар мен көрмелер кезінде уақытша шығарып отырамыз.

Оның үстіне бізде тас, қола, неолит сияқты көне заманнан келе жатқан заттар бар. Тасқа айналған ағаштар да бар. Шынымды айтсам, алғаш музейге келгенімде бізде көнеден келе жатқан осындай заттардың бар екенін білмеген екенмін. Жас болған соң мән бермедік пе, тас дәуірінен жеткен бұйымдарды көргенде таңқалған едім. Содан бері өзіміздің тарихқа басқаша көзқараспен қарайтын болдым. Біздегі №1 залда кезіндегі мамонт, динозаврлардың, сүйегі бар, олардың ішінде ұшатыны да кездеседі. Оны көру арқылы кезіндегі динозаврлардың да қазақ жерінде болғанына көзің жетеді. Бір сөзбен айтқанда адамдардың тас дәуірінен қазақ халқы болып қалыптасқанға дейінгі дүниелерінің барлығы осында сақталған. Мәселен, қола дәуірге жататын қазандар бар, олар жай қазан емес, онда әртүрлі жануарлар бейнеленген. Бұл біздегі металлургияның сол кездерден мықты дамығанын әрі халықтың дүниетанымы қаншалықты жоғары болғанын көрсетеді.

- Ескі жәдігерлердің киесі болады оған мұқият қарау керек деп жатамыз, бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

- Музейдегі заттардың барлығы киелі. Мәселен, археологиялық затар бар, қазып алынған заттардың ішінде адамның сүйегі де болады. Біз ғылыми адам болған соң кез-келген бұйымға құрметпен қараймыз. Кейде әулие болған, үлкен тұлғалардың заттары сақталып жатады. Біз мистикалық наным-сеніммен емес, ғылыми тұрғыда қараймыз. Этнографиялық, археологиялық залда қаншама зат тұр, оның бәрі біз үшін киелі. Мәселен, ат әбзелдері бар ол неге киелі емес? Ол тарихымыздың мақтанышы, әлемде жылқыны алғаш қазақтар қолға үйреткенінің белгісі.

Музейде адамдардың сүйегі көп, оның барлығының киесі бар. Осыдан екі-үш жыл бұрын Кейкі батырдың басын елге әкелдік қой. Соған біздің музей үлес қосты, профессор Нұрсан Әлімбай әкелгенге дейін бірнеше жыл зерттеп, осы мәселені көтерген еді. Кейін өзі барып алып келді. Алғашында Кейкінің басы бірнеше ай осында сақталды. Шетелдік антропология музейлерінде зерттеу жұмыстары жасалды. Кейін ол Торғай даласына жерленгенін білесіздер. Мәселен, олда киелі жәдігер болып есептеледі. Оны алып келіп, жер қойнауына тапсыру қазақ халқы үшін үлкен абыройлы іс болды.

- Шетелдік музейлермен байланыс орнатылған ба?

- Әрине, шетелдік музейлермен, әсіресе мәдени-білім жұмыстары бойынша жақсы байланыстамыз. Негізінен біздің музей мәдени-білім жүйесі және ғылыми-зерттеу бағытында жұмыс істейді. Ғылыми жұмысымыз біздің мәдени-білім жүйесін арттыра түсті, көп әсер етті. Мәселен, мәдени жұмыста көрме жасау қажет десек, оның өзін дұрыстап өткізу керек. Мәскеудің, Қытайдың бірнеше музейімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Оларға барып көрмелер ұйымдастырдық. Жібек Жолы аясында да бірнеше көрмелер, шаралар ұйымдастырылып тұрады. Чехия, Польша, Венгрия, Түркияға да барып көрмелер ұйымдастырып тұрамыз.

- Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысамыз деп жатырсыз, сол жайында толығырақ айтып берсеңіз?

- 2004-2005 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінен ғылыми аккредитациядан өттік. Қазіргі күні ғылыми және ғылыми техника субектісі болып есептелеміз. Ол біз үшін үлкен дәреже. Музейдің ғылыми-зерттеу институт деген статусы бар. Сондықтан бізде ғылыми орталықтар жұмыс істейді, атап айтар болсам Археология орталығы, Антропология және қазақ этнография орталығы, Деректер және қолжазбалар ғылыми орталығы және Қазақ тарихының орталығы бар. Ғылыми статусты алғаннан кейін музей қорындағы заттарға үлкен мән беріліп, одан ары зерттеліп, насихатталып жатыр. Олар әсіресе біздің ғылыми каталогтар арқылы шығады. Бұрынғы каталогтар фотоальбом сияқты суреттермен шығып тұратын, ол да керекті дүние. Ал біздің музей шығаратын каталогтардың ерекшелігі онда ғылыми жұмыстардың нәтижесі жарияланады. Яғни, 4-5 жыл ғылыми әдістеме негізінде зерттеліп, дәлелденіп шыққан жұмыстар. Бұл музей қорындағы көпшілікке шығарыла бермейтін және шығарылатын заттардың барлығын зерттеп халыққа жеткізу үшін жасалады. Осы бұйымдарды зерттеумен айналысатын адамдар біздің ғылыми каталогтарымызды қолданып, ары қарай жұмыстарын жалғастырады. Мәселен, антрополог өз саласы бойынша, мәдениеттанушы мәдениет жағынан, тарихшы тарих жағынан зерттеп, ары қарай дамыта береді. Біз қорда жатқан затты зерттеп, ғылыми айналысқа, қолданысқа шығарып отырамыз. Музейдің сыртынан бұл жұмыстар көзге көрінбеуі мүмкін, алайда ғылыми қауымдастықтар оны көріп отыр, тіптен шетелдік қауымдастықтардың өзі бізге үлкен баға беріп жатыр.

- Кез-келген тұрғын өзінде бар тарихи жәдігерді мұражайға өткізе ала ма, өткізу жолдары қандай?

- Совет одағы тұсында музей қызметкерлері экспедициялық сапарларға көп шығып тұрды. Кейінгі кезде өкінішке қарай этнографиялық экспедияцияларға шыға алмай жүрміз. Оған мемлекет тарапынан қаржы бөлінбей жатыр. Халықтың қолында бұрынғы ата-бабасынан қалған заттар, бұйымдар әлі де бар. Оны жинау қажет, бұл өте өзекті мәселе десек болады. Өзі көтеріп алып келіп жатқан адамдар да бар, әрине. Бірақ көпшілік ағайын сатуға әкеледі. Оны сатып алу үшін бізге ақша бөлінбейді. Адамдар мұндай заттарға «ата-бабамнан қалған зат мәңгілік сақталсын, халықтың игілігіне айналсын» деген түсінікпен қараса деп ойлаймын.

- Музейге адамдарды тарту жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

- Бұл тұрғыда музейдің классикалық түрде қалыптасқан жұмыстары көп. Олардың қатарында экскурсия, көрме ұйымдастыру шаралары бар. Сонымен қатар, қазір әлеуметтік желілер мен сайтымыз арқылы да хабарландыру беріп, жарнама жасап отырамыз. Жасөспірімдермен, яғни оқушылар, студенттермен күнделікті жұмыс жасаймыз. Мәдени-педагогикалық ғылыми жұмыстардың арқасында қазір жастар өте көп келіп жатыр. Осыған орай біздің педагогикалық жұмыстарымыздың ауқымы да артты. 2018 жылдан бері қалалық мектептермен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасастық. Соның арқасында олар тарих пәнінде қай тақырыпты оқып жатса, сол бойынша бізге келіп экскурсияға қатысады. Яғни сол тақырыпта ашуға көмектесеміз. Бұл мәселені Алматыда алғаш бастаған тағыда біз болып отырмыз.

- Сұқбатыңызға рақмет!

Өзгелердің жаңалығы