Мусин «Илон Масктің интернеті» ауылдарға қашан жететінін айтты

4 Мамыр 2022, 14:12
1794
Бөлісу:
Мусин «Илон Масктің интернеті» ауылдарға қашан жететінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2023 жылы OneWeb, SpaceX және SES компаниялары Қазақстан нарығына спутник интернетін әкелуге мүмкіндік алады. 

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин Мәжілістің баспасөз алаңында БАҚ өкілдерінің сауалдарына берген жауабында мәлімдеді.

«Ел арасында «Илон Масктің интернеті» деп аталатын спутник интернеті неге қазақстандықтарға әлі қолжетімсіз?», - деп сұрақ қойды журналистер министрге. 

Бағдат Мусиннің айтуынша, ол үшін ең алдымен Салық Кодексіне тиісті өзгеріс енгізу қажет. 

Мұны біз төмен орбиталы спутник топтары деп атаймыз. Осы технологияға қаржы құйып отырған бірнеше компания бар. Соның бірі – OneWeb компаниясы. Бұл ұйыммен пилоттық жобаны пысықтап жатырмыз. Сіз «Илон Масктің интернеті» деп отырған SpaceX компаниясының Starlink жобасы да бар. Сондай-ақ SES деген Люксембург компаниясы осы технология бойынша интернет ұсына алады. Осы сияқты басқа да компаниялар бар. Олар да бұл нарыққа кіргісі келеді. Бұл мәселеде біз монополиядан аулақ болғымыз келеді, - деп айтты Цифрлық даму министрі.

Сөзінше, министрлік Қазақстанның нарығын бірнеше операторғ ашады. 

Қазір неге инфрақұрылымын салмайды дегенге келсек, қызметтің мұндай түрі үшін салық мөлшерлемесі өте жоғары. Өйткені бұрынғы жылдары Салық Кодексінде радиожиіліктердің салық мөлшерлемесін бекіту кезінде мұндай технологиялардың келетіні ескерілмеген болатын. Сол себепті норманы депутаттар қолдаса, биыл оны қабылдаймыз, - деп түсіндірді министр. 

Мусин қазір осы 3 оператор норманың қабылдануын күтіп отырғанын айтты. 

Салық кодексіне тиісті өзгерісті енгізсек, келесі жылдан бастап бұл операторлар нарығымызға кіріп, Қазақстанның 4 нүктесінде инфрақұрылым орната бастайды. Олар біздің елдің аумағында жұмыс істеуі үшін жер үстінде инфрақұрылым орнатылуы керек. Бірақ бұл бүкіл елге оптика тартылады деген сөз емес. Төрт базалық нүкте болады. Солар спутниктен интернет таратады. Сондай-ақ бұған дейін мұндай технологияның өніміне салық мөлшерлемесі белгіленбеген болатын. Егер ол мөлшерлеме нақты бекітілмесе, осы шетелдік компаниялар нарыққа келмеуі мүмкін, - деп айтты Бағдат Мусин Мәжілісте.

Оның сөзінше, біз салық мөлшерлемесін енгізбесек, олар келмейді, келген күннің өзінде салық төлемейді. 

Сондықтан бизнестің жаңа түрі салық әкеліп, халыққа қызмет көрсетуі үшін жағдай жасаймыз. Аталған үш оператордың екеуі тестілеу режимінен өтті. Ал Starlink операторын тестілеудің қажеті жоқ. Өйткені әлемнің бірқатар аймағында өз технологиясын таратып отыр. Біз ол компанияға заңнамаға өзгеріс енгізген соң ақпарат береміз деп келіскенбіз. Содан кейін олар Қазақстан нарығына кіру жұмысын бастайды. Егер биыл депутаттар осы өзгерістерді қабылдаса, келесі жылы инфрақұрылым жүргізу басталады. Сонда келесі жылдың аяғына дейін халыққа спутник интернеті беріледі, - деп түсіндірді министр Бағдат Мусин. 

Өзгелердің жаңалығы