Мусин «Бәйтерек» жобасының негізгі мақсатын атады

11 Қараша 2021, 11:00
927
Бөлісу:
Мусин «Бәйтерек» жобасының негізгі мақсатын атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңның жобасын таныстырды.

Айтуынша, хаттамаға 2020 жылғы 31 қазанда Мәскеу қаласында қол қойылған.

Хаттама «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттен босату тәртібін және «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін жүктеу кепілдіктерін қамтамасыз етеді. Хаттамада тараптардың 2023 жылы орта класты тасымалдағыш зымыранмен «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің ұшу сынақтарының басталуын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелері көрсетілген. Хаттамадағы басты мақсат - «Бәйтерек» жобасының негізгі шарттарын түзету және өзектендіру. Бұл ретте хаттама, ең алдымен, қазақстандық тараптың мүддесіне сай жасалғанын айта кету керек, - деп айтты министр.

Бағдат Мусин атап өткендей, Қазақстан тарапы үшін бұл, біріншіден, бірлескен кәсіпорынның Қаржы министрлігінің алдындағы бюджеттік кредит бойынша қаржылық міндеттемелері мәселесін заңды негізде шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар хаттамаға Ресей тарапының 2036 жылға дейін «Союз-5» зымыран-тасығыштарын ұшыру кешенін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері енгізілген.

«Бәйтерек» жобасының мақсаты — «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын экологиялық таза зымыран тасығыштармен шығару. Жобада пайдаланылатын перспективалы «Союз-5» зымыран-тасығышы отынның экологиялық таза компонентінде керосинмен ұшады, сондай-ақ қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалаудың оң сараптамасына ие. «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құруды үйлестіретін және оны одан әрі пайдалануға жауап беретін оператор – «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ, - деп атап өтті ол Сенатта.

«Бәйтерек» – бұл «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы Ресей тарабымен бірлескен негізгі жоба.

Бұл жобада Ресей тарабы тасымалдағыш зымыранды құруды қамтамасыз етеді (916 млн доллар), ал Қазақстан тарабы қолданыстағы «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешенінің жерүсті кешенін жаңғыртуды қаржыландыруды мемлекеттік тапсырма арқылы орындауды қамтамасыз етеді (90,7 млрд теңге).

Министр заң жобасы күшіне енгенде қандай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.

Біріншіден, «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамы бюджеттік кредитті оның жарғылық капиталына айырбастау арқылы кредиттік міндеттемелерден босатылады және «Бәйтерек» мемлекетаралық жобасын іске асыруды жалғастыруға мүмкіндік алады. Айырбастау рәсімінің нәтижесінде қазақстандық тараптың Бірлескен кәсіпорынға қатысу үлесі шамамен 99%-ға дейін артады.

Екіншіден, хаттама «Бәйтерек» ғарыштық ұшыру кешенінен 10 жыл ішінде Ресей тарабынан кемінде жылына 2 ұшырылым қамтамасыз етуге кепілдік береді.

Бұл болашақта кешенге салынған мемлекеттік инвестицияны қайта өндіріп алуға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы