Мұрат Бектановты тұтқында ұстау мерзімі ұзартылды

30 Мамыр 2022, 15:43
1332
Бөлісу:
Мұрат Бектановты тұтқында ұстау мерзімі ұзартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановты тұтқында ұстау мерзімі ұзартылды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Қазақстанның бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 20 маусымға дейін тұтқында болады. Қамауда ұстау мерзімі Алматы қаласының ауданаралық тергеу сотының шешімімен тағы бір айға ұзартылды. Тұтқында ұстау мерзімін ұзарту туралы шешім 13 мамырда қабылданған болатын, - деді Алматы қалалық соты баспасөз хатшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Орынбасаров.

Естеріңізге сала кетсек, 9 қаңтар күні Мұрат Бектанов ҚР Қорғаныс министрі лауазымынан босатылған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрдің командирлік қабілет көрсете алмағанын сынға алды.

2022 жылғы 19 ақпанда ҚР Бас прокуратурасы бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы