Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін көтеру туралы шешімді экономикалық тұрғыдан түсінуге болатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, бұл мәселені тек саяси емес, ұзақмерзімді қаржылық қауіпсіздік тұрғысынан қарастыру қажет.
Әрине, депутат ретінде министрлікті сынауға болады. Бірақ экономист тұрғысынан қарайтын болсақ, барлығымыз қарттық шағымызды ойлауымыз керек. Ертең зейнет жасына жеткенде қанша ақшамен шығатынымыз маңызды. Біз Еуропа мен АҚШ-тағы зейнеткерлердің өміріне қызығамыз. Алайда зейнетақы қорындағы ақшаны бүгін толық пайдалана берсек, ертең өзіміз жинаған қаражатқа ғана қарап қаламыз, – деді депутат.
Оның айтуынша, 2021 жылы зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі берілген кезде реформа жан-жақты ойластырылуы керек еді.
Сол кезде үлкен реформа жасалуы қажет болатын. Қаражатты тек тұрғын үйге немесе емделуге ғана пайдалануға рұқсат берді. Негізінде адамдарға кеңірек мүмкіндік жасау керек еді. Біреу несиесін жабар еді, біреу техника сатып алар еді. Бірақ адамдарды бөліп-жарып, белгілі бір мақсаттарға ғана пайдалануға рұқсат берілді, – деді ол.
Депутат зейнетақы жинақтарын пайдалану бағдарламасы тұрғын үй бағасының қымбаттауына әсер еткенін де атап өтті.
2021 жылдан бері үй бағасының қалай өскенін бәріміз көрдік. Дәл сол кезде зейнетақы реформасы басталды. Экономиканың қарапайым заңы бар: сұраныс артқан жерде баға да өседі. Зейнетақы қаражаты тұрғын үй нарығына бағытталғаннан кейін сұраныс көбейді, ал бұл баспана бағасының өсуіне алып келді, – деді Мұқаев.
Сондай-ақ ол емделу мақсатында алынған қаражаттың бір бөлігі заңсыз схемалар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылғанын айтты.
Тісті емдету бағытында түрлі формалды құжаттар жасалып, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру жағдайлары болды. Соның соңы бүгінде сот процестеріне ұласып жатыр. Егер бастапқыда адамдарға қаражатты пайдалану бойынша кең мүмкіндік берілгенде немесе мүлде берілмегенде, мұндай даулар болмас еді, – деді депутат.
Мұқаевтың айтуынша, 2021 жылдан бері БЖЗҚ-дан шамамен 5,8 трлн теңге алынған.
Бұл өте көп ақша. Сондықтан қарттықты да ойлау керек. Кейбіреулер "зейнет жасына дейін жетпей қалуымыз мүмкін" деп айтады. Бірақ ондай жағдайда жинақталған қаражат заң бойынша мұрагерлерге беріледі. Ал егер ұзақ өмір сүрсеңіз, жеткілікті қаражат жинамағаныңызға өзіңіз өкініп қалуыңыз мүмкін, – деді ол.
Депутат өзі де 2021 жылы зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдаланғанын жасырмады.
Менің жасым бойынша жеткіліктілік шегінен 415 мың теңге артық қаражат болды. Сол соманы "Отбасы банкіндегі" депозитіме аудардым. Кейін мемлекеттік сыйақы алып, баспана алуға қажетті жинағымды көбейтуге тырыстым, – деді Дәулет Мұқаев.
Бұған дейін депутат қоғамдағы ащы шындықты айтқан еді.