Депутат қоғамдағы ащы шындықты айтты

Депутат ерекше балаларға қатысты стигма мектептен басталатынын айтып, инклюзивті мәдениетті қалыптастыруды ұсынды

 parlam.kz 16 Сәуір 2026, 13:15
16 Сәуір 2026, 13:15
238
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев ерекше балаларға қатысты қоғамдағы көзқарасты өзгерту қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, негізгі мәселе заңда емес, қоғамның қабылдауында жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз ең алдымен қоғамның ерекше балаларға деген көзқарасын өзгертуіміз керек, – деді депутат Мәжілісте өткен тақырыптық отырыста.

Оның сөзінше, бөліну мектептен басталады. Кейбір ата-аналар өз баласының ерекше балалармен бірге оқуына қарсы болады.

Неге менің балам осындай балалармен бірге оқуы керек деген көзқарас бар. Бұл – үлкен мәселе, – деді ол.

Депутат ерекше балалардың қоғамда жеткілікті деңгейде көрінбейтінін атап өтті. Оның айтуынша, жарнамаларда, оқу орындарының афишаларында көбіне тек дені сау балалар бейнеленеді.

Біз афишаларда, жарнамаларда ерекше балаларды көрсетпейміз. Сол арқылы қоғамның көзі үйренбейді, – деді Мұқаев.

Мұқаев қоғамдағы көзқарастың нақты көрінісі ретінде бір мысал келтірді. Оның айтуынша, балаларға арналған мультфильмнің бір сериясы эфирге шықпай қалған.

Коляскадағы баланы көрсетсек, кішкентай балалар қорқуы мүмкін деген себеппен бір серия өтпей қалды, – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, қоғамдық орындарда да ерекше балаларға деген түсіністік жеткіліксіз.

Ол инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін қарапайым дүниелерден бастау қажет екенін айтты.

Депутаттың айтуынша, қоғамда ерекше балаларға деген көзқарас өзгермейінше, басқа мәселелерді шешу де қиын.

Егер қоғамда түсінік қалыптаспаса, мұғалімдердің жалақысын көтеруге де, жәрдемақыны арттыруға да ынта төмен болады, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарды ерте зейнетке шығару мәселесі көтерілді. 

Наверх